Тарих • 30 Маусым, 2015

Қазақ хандығы: жаңа дерек, тың пайым

3622 рет
көрсетілді
25 мин
оқу үшін

Шығыстану археографикалық экспеди­ция­лары­ның шетел мұрағаттарынан, кітапханала­ры мен музейлерінен тапқан материалдары – бірегей жәді­герлер, бұл жаңа дереккөздердің жариялануының әлемдік тарих ғылымында маңызды мәні бар.

Қазақ хандығы: жаңа дерек, тың пайым

«Халық тарих толқынында» бағдарламасының аясында жинақталған мол тарихи деректемелер мен материалдарды жүйелеу, тізбесін жасау, зерттеу, ғылыми айналымға енгізу және жариялау жұмыстарын атқару мақсатында Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының жанынан тарихи материалдарды зерттеу жөніндегі республикалық Ақпарат орталығы құрылды. Бұл міндетті орындауда ілгеріде аталған мемлекеттік бағдарламалардың аясында көрші елдердің мұрағаттары мен деректемелер қорларында жұмыс атқарған шығыстану экспедициялары ауқымды істер тындырды.

Осы орайда, әсіресе, ҚХР-дың бірінші тарихи мұрағатынан қазақ тарихына қатысты көптеген құнды материалдар табыл­ғанын атап айтуымыз қажет. Онда қазақ-қытай, қазақ-орыс, қазақ-қырғыз, қазақ-қоқан, қазақ-ойрат дип­ломатиялық қатынастары туралы, қазақ хандарының Бейжіңге Боғда Ежен ханға барған елшілері, олардың грамоталармен марапатталғаны, қазақ-қытай саудасы туралы, қазақтардың тұрмысы, дәстүрлері жайлы құжаттар көп екені анықталды. Оларда қазақ халқының саны, батырлары мен билері туралы, қазақ рулары туралы мәліметтер мол. Шығыстану археографикалық экспедициясы жұмысының нәтижесінде ҚХР-да Қазақ хандығы мен Цин империясының 1741-1811 жылдардағы қарым-қатынастарының тарихын көрсететін екі ел билеушілерінің жазысқан ресми хаттары табылды. Сол секілді қазақ хандарының, сұлтандары мен жергілікті билеушілерінің Цин императоры Цяньлунға, Іле мен Тарбағатай губернаторы Амбанға ресми хаттары да бар. Хат жіберушілер Абылай хан, Уәли сұлтан, Әбілмәмбет хан, Әбілпейіз сұлтан, Болат хан, Санияз, Ханқожа, Әділ сұлтан, Бопы, Көгедай – осылай жалғасып кете береді.

Қазақ хандарының Қытай билеушілерімен дипломатиялық хат-хабар шағатай, ойрат тілдерін­де жүргені анықталды. Әрбір хатқа мәнжу тілін­де түсіндірме жазба қосылып, онда қазақ билеу­шілерінің тарихы мен шыққан тегі, қай жерде тұратыны жазылған. Қытайдың бірінші тарихи мұрағатымен құжаттардың дәл көшірмесін басып шығару туралы келісімге қол қойылды. Қазіргі уақытта құжаттар көшірмесінің 2 томы және олардың қазақ тіліндегі аудармасының 4 томы «Қазақ хандығы мен Цин патшалығының саяси-дипломатиялық қатынастары туралы қытай мұрағат құжаттары» (2 том), сондай-ақ «Қазақ хандығы мен Цин патшалығының сауда қатынастары туралы қытай мұрағат құжаттары» (2 том) шықты.

Президентіміз Н.Ә.Назарбаев бастамашысы болған «Мәдени мұра» «Халық тарих толқы­нын­да» мемлекеттік бағдарламалары арқасында қазақ­стандық деректеметану базасын толықтырып, ұлғай­туға мүмкіндік жасалып, мұның өзі ұлттық тарихты зерттеу мен жазу үшін үлкен көмек болды. Ресейде, Қытайда, Үндістанда, Моңғолияда, Түр­кияда, Иранда, Ұлыбританияда, Францияда, Гер­манияда шығыстану археографикалық жұмыс­тары жүр­гізілді. Бұл экспедициялар жұмы­сының нақты нәтижелері бағдарламалар шеңберінде шыққан кітаптарға енді. Бұлар қазақ халқының ежелгі және ортағасырлық тарихы мен мәдениетін қайта құрау жөніндегі зерттеушілер тобының жұмысына қомақты негіз қалады.

Мәселен, Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының қызметкерлері Қытайда бірегей мұрағаттық құжаттар – қазақ хандары мен сұлтандарының көрші мемлекеттердің билеушілеріне жолдаған ресми хаттары, қазақ-қоқан, қазақ-хиуа байланыстары, қазақ-қытай саудасы туралы мәліметтер бар мәнжу, қытай, шағатай, ойрат тілдеріндегі 17 000-нан астам құжатты анықтады. Шығыстану институты жанындағы Тарихи материалдарды зерттеу жөніндегі республикалық Ақпарат орталығында қазақ халқының тарихын қайта қалпына келтіру жөнінде белсенді жұмыс жүргізілуде. «Халық тарих толқынында» мемлекеттік бағдарламасы аясында шетелдердің қорларына 2013-2014 жылдардағы ғылыми іссапарлардың нәтижелері бойынша материалдарды, архитектуралық түркі эпитафиялық ескерткіштердің көшірме сипаттамаларын, мұрағат материалдарын, миниатюралар мен микрофильмдерді топтастыру, жүйелеп өңдеу жұмысы жүргізілді. Материалдарды жүйелеу және тізбесін жасау жөніндегі жұмыстар атқарылуда. Осының нәтижесінде «Қазақстанның тарихы жөніндегі шетелдік қорлардан алынған жазбаша, ауызша, эпиграфикалық деректер мен артефактілердің жинақтама каталогы», сондай-ақ «Қазақ халқының тарихы мен мәдениеті жөніндегі мыңжылдық деректемелер» атты иллюстрацияланған альбом-кітап шығарылады. Бұлардың бәрі қазақ халқының ежелгі және ортағасырлық тарихы мен мәдениетін қайта құрауда зерттеушілердің үлкен тобының жұмыс істеуі үшін ауқымды негіз жасады.

Тарихи материалдарды зерттеуге қатысты республикалық Ақпарат орталығы Қазақ хандығының тарихын зерттеудің деректемелік негізін құру ісін тұтас еліміздің ежелгі замандағы, орта ғасырлардағы, жаңа дәуірдегі шынайы тарихын жазу үшін деректемелік негіз құрудың бір саласы ретінде жалғастырады. Ал еліміздің шынайы тарихын жазуға кең көлемді деректемелік негіз құру ісі алдағы уақытта төмендегідей кезеңдерге сараланып жүргізілетін болады.

Бірінші – б.з.д. VIII-VII ғасырлардан б.з. VI ғасырға дейін ежелгі көшпенділер кезеңінің жаңадан табылған археологиялық, антропологиялық және жазбаша материалдары бойынша қазақ халқының этногенезі проблемалары, кхароштхи, соғды тілдеріндегі ежелгі жазбаша ескерткіштер, тастағы жазбалар, антик, көне үнді, қытай деректемелері мен артефактілері, сондай-ақ археологиялық ескерткіштердің фотосуреттері негізінде ежелгі көшпенділер: сақтар, үйсіндер, кангюйлер, ғұндар, кушандар, юечжилер және басқалар туралы деректер кешенді түрде зерттеледі.

Екінші – VI-IX ғасырлардағы – жаңа жазбаша ежелгі түркі руналық мәтіндерін, ежелгі грек, ежелгі қытай және парсы тілдеріндегі жылнамаларды, музейлік артефактілер мен археологиялық ескерткіштердің фотосуреттерін зерттеу негізінде Түркі империясының тарихын, соның ішінде Батыс және Шығыс Түркі қағанатын зерттеу және этно­мәдени даму ерекшелігін (дәстүрлерін, дүниетаны­мын, мемлекеттік және әлеуметтік-экономикалық құрылысын) зерделеу жөніндегі әдіснамалық тұрғылар қайта қаралатын болады.

Үшінші – X-XIV ғасырлардағы тайпалық одақтардың этносаяси тарихы мен этномәдени байланыстары проблемалары, сондай-ақ, көшпелі тайпалардың (қыпшақтар, қимақтар, қаңлылар, қарлұқтар, оғыздар, керейіттер, жалайырлар, наймандар, қоңыраттар, меркіттер және басқалар) этногенезі, дүниетанымы мәселелері бойынша Алтын Орданың (Жошы, Шағатай ұлыстары) тарихын зерттеу жөніндегі әдіснамалық тұрғылар қайта қолға алынады. Осыған байланысты жаңа жазбаша турфан, моңғол, сирия-соғды мәтіндері, қытай, араб және парсы тілдеріндегі жылнамалар, мәмлүк қыпшақтардың тарихы жөніндегі жазбаша ескерткіштер, ханафит мазһабының тарихы жөніндегі Орталық Азиядан шыққан дін ғұламаларының шығармалары ғылыми айналымға енгізіледі.

тайпа

Төртінші – XIV-XIX ғасырлардағы Ақорда мен Қазақ хандығының тарихы, Шығыс және Батыс елдерімен дипломатиялық, әлеуметтік-эконо­ми­калық, тарихи-мәдени қарым-қатынастармен, сондай-ақ, аумақтық тұтастықпен байланысты қазақ мемлекеттілігі мирасқорлығының тарихы жөніндегі проблемаларды зерттеудің әдіснамалық тұрғылары қайта қаралады. Осыған байланысты Қазақстан мен Орталық Азияның тарихы жөніндегі жаңа жазбаша парсы-түркітілдес, қытай, мәнжу, ойрат мәтіндері, артефактілер, мұрағаттық, нумизматикалық және картографикалық материалдар, агиографикалық шығармалар, Қазақстан тарихы жөніндегі хиуалық және қоқандық тарихнаманың және ауызша-тарихи дәстүрлер ғылыми айналымға енгізілетін болады.

Бесінші – XV-XVΙΙ ғасырлардағы парсы және түркі түпнұсқаларында Қазақ хандығы «мам­лакат-и қазақ», «доулат-и қазақ», «ұлыс-и қазақ» – «қазақтардың мемлекеті» деп аталады. Жаңа ескерткіштер мен артефактілер қазақтардың саяси тарихтағы рөлін көрсетеді, қазақтардың өз жазуы, өркендеген қалалары болғанын, көрші елдермен дипломатиялық, сауда-экономикалық қатынастар орнатқанын айғақтайды. Нақ осы дәуірде Қазақ хандығының Орталық Азия елдерімен, Иранмен, Үндістанмен, Ресеймен, Түркиямен және басқа елдермен дипломатиялық қатынастары дами бастайды. Қазақ хандығының құрылу кезеңіндегі өңірдегі сая­си жағдайдың қалай қалыптасқанына зер салғанда «анығы бір Аллаға ғана аян» деп аяқталатын бірқатар дереккөздерге қарағанда Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и Рашиди» атты еңбегі ең негізгі дереккөздің бірі болатыны анық. Хижра бойынша 870 жыл бізше жыл қайырудың II-1465 – VIII-1466 жылдар аралығына тура келеді. Демек, Қазақ мемлекеттілігі бұдан 550 жыл бұрын қалыптасты деген сөз. Әрине, мұның өзі шартты дата. Өйткені, Қазақ мемлекеті құрылуының алғышарттары бұдан көп бұрын толыс­ты және ұзақ үдерісте өркендеді.

XIII ғасырдың басында моңғол шапқыншылығынан Алтын Орданың құрамына қосылған қазақ даласы Жошының тұңғышы Орда-Еженнің ұлысының құрамында Ақорда деп аталады. Ақорданың халқы түркілер болды. XIV ғасырдан бастап Алтын Орда құлдырап, құрамдас бөліктерге ыдырады. Қазақ даласы Жошы ұрпақтарының әртүрлі топтары мен ру-тайпа әмірлерінің қақтығысқан күресі алаңына айналды. XIV ғасырдан бастап Дешті Қыпшақтың халқы өзбектер деп аталды. Фазлаллах бен Рузбихан өзбектердің құрамына шайбанилер, қазақтар, маңғыттар кіргенін айтады. Бұл терминнің өзі Шығыс Дешті Қыпшақта үстем билікке ұмтылған өзбектердің үш тобын атау үшін қолданылды. Олар Жошының бесінші ұлы Шайбан мен Жошының он үшінші ұлы Тоқа Темірдің ұрпақтары болатын. Осы соңғылар шайбанилерді жеңіп, қазақ хандары атанды. Қазақтар әуелде өзбек-қазақ делінді. Бұл терминде Керей мен Жәнібек бастаған рулардың ауа көшуі көрініс берді. Қазақ даласында Тоқа Темір ұрпақтары, яғни қазақ хандары жеңіп, шайбанилер Мауераннахр аумағына қуылғаннан кейін қазақ деген термин саяси және этностық тұрғыда Шығыс Дешті Қыпшақтың барлық халқын қамтитын ортақ атау ретінде қалыптасты.

Сөйтіп, Мұхаммед Хайдар Дулати қазіргі Қазақстан жерінің біртұтас Қазақ мемлекеттілігі шеңберінде қазақ хандарының билігіне бірігуінің бастамасы болған оқиға күнін біздің заманымызға дейін сақтады. Алғашқы хандар Керей, Жәнібек, Бұрындық, Қасым хандар болды. Осы оқиға қазақ халқының қазіргі атаумен тарих сахнасына шығуын, Шығыс Дешті Қыпшақ халқының саяси тұрғыдан топтасуын көрсетеді. Қазақ хандығының мемлекеттілігі бірнеше кезеңдерден өтті. Бірінші кезең – хандықтың Керей мен Жәнібек хандар кезінде, сондай-ақ, Қасым хан тұсында дербес мемлекет болып қалыптасуы. Бұдан соң бәсеңсуі, кейін оның орнына Қазақстан тарихында ренессанс деп аталған Хақназар хан әлеуеті билігі келді. Нақ осы дәуірде Қазақ хандығының Орталық Азия елдерімен, Иранмен, Үндістанмен, Ресеймен, Түркиямен және басқа елдермен дипломатиялық қатынастары дами бастайды.

XVΙ ғасыр – шайбанилердің, аштариханилердің (Орталық Азияда), Ұлы моғолдардың (Үндістанда), Сефевилердің (Иранда), Осман империясының (Түркияда) пайда болған уақыты. Қазақтардың тарихы мен мәдениеті талай ғасырлар бойында Шығыс және Батыс өркениеттерімен тығыз өзара байланыста дамыды. Қытай, түркі, иран, араб, моңғол ортағасырлық жазбаша ескерткіштері қазақ мемлекеттілігін және олардың этносаяси тарихын зерттеу үшін құнды түпнұсқалар болып табылады. Қазақ елі өзінің географиялық жағынан тиімді орналасуы, табиғи ресурстары, ежелгі төлтума мәдениеті арқасында қашанда батысеуропалық саяхатшылардың назарын аударды. Осы себептен де мәдениет артефактілерінің, құжаттардың, батыс саяхатшыларының, соның ішін­де ағылшын саяхатшылары Антони Дженкин­­­­сон­ның, Аткин­сонның, венгр саяхатшысы Джордж Алма­ши­дың, швейцариялық саяхатшы Анри Мозерд­ің және басқалардың қазіргі уақытта Еуропа мен АҚШ-тың музейлері мен мұрағаттық қор­ларын­да сақталған мемуарларының қазақ тарихы мен мәдениетін зерттеу үшін маңызды мәні бар.

Экс­понаттардың көпшілігі сирек кездесетін құнды заттар болып табылады, олар Қазақстанның саяси тари­хын айтарлықтай толықтырады. Сондай-ақ, қазақ хал­қы­­ның көркемдікке ие шығармашылығының үздік үлгі­лері саналады. Олардың кейбіреулері бір дана­­дан ғана және Қазақстанның музейлік жинақ­­­­­­­тарын­да олардың нұсқалары (аналогтары) кездеспейді. Оксфорд, Лондон қалаларындағы Бодлеан және Британ кітапханаларында сақтаулы «Тарих-и Кипчак-хани», «Тарих-и Абулхаир-хани», «Нусрат-наме» және «Муиз ал-ансаб», «Бахр-әл-асрар», Раха кітапханасында (Рампур қаласы) және Салар-е-Джанг музейінде (Хайдарабад қаласы) сақтаулы «Жамиғ ат-тауарих», «Тарих-и Шах», өзге де шығыс қолжазбаларын талдау, олардағы осы уақытқа дейін зерттелмеген және XIV – XVII ғасырлардағы анық тарихи оқиғаларды зерделеу үшін маңызды материалдар Дешті Қыпшақта XIV ғасырдың аяғында – XV ғасырдың басында болған саяси оқиғаларды, Әбілқайыр ханның, Мұхаммед Шайбани ханның, Керей ханның, Жәнібек ханның және басқалардың ел басқару тарихын көрсетеді. Жаңадан анықталып табылған материалдар қазақтардың әлемдік тарихта атқарған рөлін айғақтайды.

Ежелгі түркі жазуының жаңа ескерт­­кіш нұсқалары Меркіден (Қазақстан), Таластан (Қырғызстан), Хакасиядан, Моңғолиядан, түркі руналық жазбалар бар VII-VIII ғасырларға тән нумиз­матикалық ескерткіштер (Турфан, Бесбалық, Қарақорым), Қожа Ахмед Ясауидің «Диуан-и хикметі» қолжазбаларының бірегей тізімдері, Шыңғыс хан ұрпақтарынан хан болғандар­дың шежірелері – «Муизз әл-ансаб», Қадырғали Жалайыри­дің «Жамиғ ат-тауарихы» (Ұлыбританиядан), қазақ хандары мен сұлтандары кеңселерінің материалдары (Қытайдың бірінші тарихи мұрағатының қорларында) табылды. Осынау жаңа ескерткіштер мен артефактілердің бәрі қазақтардың саяси тарихтағы рөлін көрсетеді. Төл жазуы, өркендеген қалалары болғанын, көрші елдермен дипломатиялық, сауда-экономикалық қатынастар орнатқанын айғақтайды. Қазақстанның тарихы мен мәдениеті талай ғасырлар бойына Шығыс өркениеттерімен тығыз байланыста және өзара әрекеттестікте дамыды дедік. Қытай, түркі, моңғол, иран, араб ежелгі және ортағасырлық жазба ескерткіштері ұлан-байтақ Дешті-Қыпшақ даласын мекендеген қазақ халқының ата-бабалары – түркі-моңғол тайпаларының тарихын зерттеу үшін бағалы дереккөздер болып табылады.

Бұл дереккөздер мен саяхатшылардың тарихи деректері, материалдық және рухани мәдениеттің ежелгі бірегей ескерткіштері – әлемдік өркениетті шын мәнінде баға жетпес жауһарлармен байытты. Қазақтар мен көрші халықтардың тарихи байланыстары ғасырлар тереңінен бастау алады. Олар сыртқы саяси қатынастарда да, сондай-ақ өзара айырбас сауда да көрініс тапты. Сауданың, сауда жолдарының, дала өлкелеріне экспедициялардың тарихы жөніндегі біршама мол материал Қазақстанның Шығыс және Батыс мәдениеттерін байланыстырушы буын, олардың өзара ықпалы мен бірін бірі байытуы жолындағы көпір болғанын айғақтайды. Сонау XII ғасырдан бастап Қытайдан Жетісу мен Оңтүстік Қазақстан арқылы батысқа баратын Ұлы Жібек жолының аясындағы транзиттік жол неғұрлым маңызды болған.

XVI ғасырдың екінші жартысынан бастап бұл жол тіршілікке жаңа серпін бергені анық болып отыр. XVI-XVIII ғасырлардағы жазбаша дереккөздерден мәлім болғандай, нақ сол кезеңде Қазақстан арқылы Қытайды, Үндістан мен Орталық Азияны байланыстырған сауда жолдары қалыптасты. Бұл жол арқылы тәуап (құлшылық) етушілер қатынап, жер қайыстырған соғыс жасақтары жүрді. Қазақ көпестері көрші елдермен тікелей сауда-саттық жүргізген. XVI ғасырдың басындағы жылнамашы Фазлаллах ибн Рузбихан «Михман ибн наме-йи Бұхарада» Түркістандағы Ясы арқылы Орталық Азия мен Қытайды байланыстыратын жол туралы мәліметтер айтады. Ұлы Моғолдар империясын құрушы Темір ұрпағы Бабырдың мемуарларында XV ғасырдың аяғында шетелден оралған керуендер еске алынады. Ол керуенге қатысушылардың ұзын-ырғасы мың адамдай дейді. Осының өзі сол жылдары жүргізілген сауданың көлемін анық аңғартады. XVIII ғасырдағы қытайдың «Сиюй Цзун Чжи» деректемесінде қатар жатқан елдер арасындағы тауар алмасуды былайша сипаттайды: дәуірлеп тұрған қазақ мал өсірушілер, яғни шаруашылық иелері қытай жібегі мен басқа да бұйымдарын алуға мүмкіндігі мол болды. Қытайдың бірінші тарихи мұрағатынан табылған құжаттарда сауданың деңгейі мен түр-түрі туралы толық мәліметтер жетіп артылады. Қазақ хандығы мен Қытайдың арасындағы жер шалғайлығына және қазіргі замандағы үйреншікті қатынас құралдарының болмағанына қарамастан, тығыз қарым-қатынас жасалғанын атап айтқанымыз маңызды. XVI-XVIII ғасырларда Қазақ хандығы экономикасының дамуына және мемлекетаралық қатынастарының нығаюына нақ осы сауда байланыстарының ұлғаюы серпін берді. Дереккөздерде бар назар аудартатын айғақтар негізінде сауда қатынастарында, сондай-ақ сауданың жүйелі түрде жүруінде далалық қалалардың елеулі рөл атқарғанын айтуға болады.

Шын мәнінде де қазақтар мен көрші халықтар арасында сауда үнемі жүрген, тіпті бұл кезеңдер мен соғыстар тұсында да тоқтамаған. Атап айтқанда «Сиюй цзун чжиде» (XVIII ғ.) Алматы «гуарбан Аламұту» немесе «гуербан Алимату» («Үш Алматы») деп қытай және мәнжу тілдерінде аталып өтеді. Бұл атау осы өңірге таяу жердегі Үлкен Алматы, Кіші Алматы және Есентай өзендерінің аталымынан шыққан деп айтуға болады. Қазақ хандығы мен көрші елдердің диплома­тиялық қарым-қатынастардың тарихы жөніндегі дереккөздер біршама алуан түрлі болып келеді. Бұлардың арасында шығыстың жазбаша дереккөздері бірінші орында тұр. Оның негізгі мазмұны соғыс жорықтарын сипаттайды. Мемлекеттердің сыртқы саяси мүдделері қозғалады. Мысалы, Ескендір Муншидің «Тарих-и аламара-йи Аббасиі», Хафиз Таныштың «Шараф-наме-йи шахиі», Сухайланың «Имамкули-хан-намесі» осындай дереккөздері болып есептеледі. Бұларда хандар, мемлекеттердің билеушілері мәмілелескен келісімшарттардың мәтіндері ұшырасады. Кейде мәліметтер бұра тартып баяндалатыны да бар. Мазмұны жөнінен сән-салтанатты болып келеді. Сондықтан бұл деректерге сын көзбен қарау керек болады.

Сыртқы саясат тұжырымдамасының басты мақ­саты – «тиімділікке» қалай жету болған. Ал «тиім­ділік» дегенде жерді ұлғайтып отыру көзделген. Мемлекеттің сыртқы саяси мүдделері оның аумағына қарай анықталғанын аңғару қиындық тудырмайды. Қазақ хандығы тұсында билеушілер жан-жақты сараланған екен. Мұны мәтіндерде қолданылатын термин сөздерден көруге болады. Мысалы, «хан» деген термин неғұрлым жиі кездеседі. Алайда, кейбір билеушілерді ерекшелеп сипаттайтын «жоғарғы билеуші», «дара билік иесі», «бүкіл жердің билеушісі» деген терминдер де пайдаланылған. Билеушілерді тағайындау, сондай-ақ, хандықты жаңаша басқарудың бас кезінде ерекше сәт үстінде адалдық антын беруі болған. Бұл орайда, оларды ақ киізге отырғызып көтерген. Бұл жазбаша деректемелерде де, ауызша айтылымдарда да, құлпытастарда да көрсетілген. Ақ киізге отырғызып хан көтеру салтанаты «Бахр-ал-асрарда», «Тухфат ал-ханиде» егжей-тегжейлі баяндалады. Бұл дәстүрді түркі қағандары да, қараханилер де, Шыңғыс хан ұрпақтары да орындаған. Қазақ билеушілері Қазақ хандығы жақсы жарақталған әскери күштің арқасында қол жеткен сыртқы саясаттағы жетістіктерін дипломатиялық келісімшарт актілерінің көмегімен баянды етуге ұмтылды. Егер жағдай қолайлы болса, олар өзіне тәуелді қалаларды басқаруға өздерінің ұлдарын, аға-інілерін немесе хан тұқымының басқа да мүшелерін отырғызатын болған.

Дереккөздердегі бірталай мәліметтер көрші мемлекеттер билеушілерінің қазақ хандарымен достық қатынастарын нығайтуды көздеп олармен жасасқан әулеттік некелерге қатысты. Әулеттік некелердің жасасылуы хандықтардың арасындағы достық байланыстарды нығайтуға бағытталған мемлекеттік саясатқа қызмет еткен. Сондықтан мұндай некелерге көп көңіл бөлінгенін айта кетуге болады. Соңғы уақытта Шығыстану археографикалық экспедицияларының нәтижесінде шетелдік мұрағаттарда ҚХР, Түркия, Франция, Ұлыбри­тания, Швейцария қорларында, кітапханаларында, музейлерінде табылған материалдар бірегей жәдігерлер болып табылады. Оларда қазақ хандары мен сұлтандарының Абылай ханның, Әбілпейіз сұлтанның және басқалардың көрші мемлекеттердің билеушілеріне жолдаған ресми хаттары, дипломатиялық байланыстар туралы, сауда-экономикалық, мәдени қарым-қатынастар жайлы мәліметтер бар.

Осы жаңа мұрағаттық құжат­тардың бәрі, ескерткіштер мен артефактілер қазақ билеушілері кеңселері дипломатиялық хат-хабар, елшілер алмасу болғанын айғақтайды. Атап айтарлық маңызды бір жайт: жердің шалғайлығына, қазіргі уақыттағы әдепкі коммуникациялардың болмағанына қарамастан, қазақ мемлекеті көрші елдермен өте тығыз қарым-қатынас жасап тұрған. Мұны қазақ хандары мен сұлтандарының Қытай, Ресей, Иран, Түркия, Орталық Азия хандықтары мен басқа елдер билеушілерімен хат-хабар алмасқаны дәлелдейді. Келіссөздер әр алуан лауазымды білікті кісілер арқылы жүргізілетін болған. Билік атынан болатын келіссөздерді хандар, сұлтандар, қожалар, елшілер, жаушылар, қолбасшылар иелік еткен. Елшілер көбіне қару асынған 6-7 қосшы нөкерлермен, түйелі керуен, сыйға берілетін жылқы, тарту-таралғысымен аттандырылған. Орталық Азияның сыртқы саясатында елшілер, кіші елшілер, жаушылар маңызды рөл атқарған жолмен алмасып тұру, билеушілердің бір-бірімен дүркін-дүркін жүздесіп тұруы мемлекеттер арасындағы қалыпты қарым-қатынастың айғағы деп бағаланған.

Хафиз Таныштың мемлекет басқару туралы хабарламасы көңіл қоярлық. Онда «екі нәрсеге жол беруге болмайды» делінеді: «бірі – тәни рахатқа тым әуестену, екіншісі – қолайлы сәтті қапы жіберу». Бұдан әрі ол әміршілердің ұлылығы өздерін қосқанда олардың үстем жаратылысының басымдығында, ал мұның өзі бес нышаннан көрінеді: біріншісі – қарауындағыларға қатысты мейірім, екіншісі – ел қорғау кезіндегі әділдік, үшіншісі – тирандардың бағыныштыларға қатысты ашу-ызасына жол бермейтін айбындылығы, төртіншісі – дұшпандардың залымдығын әшкерелеуге көмектесетін ақыл, бесіншісі – қо­лайлы жағдайды олжа деп есептейтін көрегендік.

Сөйтіп, XVΙ – XΙX ғасырларда халықаралық қатынастар мен дипломатиялық практиканың қалыптасуы Қазақ хандығында мемлекеттіліктің дамуында маңызды кезең болды. Әртүрлі санат­тағы жазбаша дереккөздерді, грамоталарды, мөр­лерді, титулатуралы монеттерді талдау, Қазақ хан­дығының көрші мемлекеттермен дипломатиялық қатынастарының тарихын қалпына келтіру, келісімшарттарды, халықаралық келісімдерді, келіссөздерді, елшіліктерді, әулеттік некелерді, халықаралық дау-таластарды бейбіт жолмен шешу – бұл билеушілердің сыртқы саясаты десек, мұны да терең зерттеу қажеттігі туындап отыр.  

Меруерт ӘБУСЕЙІТОВА,

ҰҒА корреспондент-мүшесі, тарих ғылымдарының докторы, профессор.

АЛМАТЫ. Суреттер М.Әбусейітованың жеке мұрағатынан алынды.

Соңғы жаңалықтар