Жұма күні Алматыда БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ-ның Еуропалық экономикалық комиссиясының атқарушы хатшысы Ян Кубиштің, сондай-ақ БҰҰ-ның Еуропалық экономикалық комиссиясының Қоршаған орта жөніндегі аумақтық кеңесшісі Бо Либерттің Халықаралық Аралды құтқару қоры (ХАҚҚ) атқарушы комитетінің өкілдерімен кездесуі болды. Осы бір шараның өтуінің өзінен-ақ біраз жайды аңғарғандай боласың. Халықаралық бас ұйым Арал өңіріндегі қалыптасқан күрделі жағдайға бейжай қарамайды, оны сауықтыруға белсенді араласпақ. Ал мұны жергілікті өңірдің өкілдері тиімді пайдалануы керек-ақ.
Бұл игі қарым-қатынас биылғы сәуір айында БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунның Орта Азия елдерін, оның ішінде Арал теңізі өңірін аралағаннан кейін айтарлықтай белсенді де нақты сипатқа ие болған. БҰҰ басшысы ХАҚҚ атқарушы комитеті тарапынан жүргізіліп жатқан жұмыстарға жоғары баға бере отырып, алдағы уақытта БҰҰ тарапынан пәрменді қолдау көрсетілетінін мәлімдеген. Алматыға БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Ян Кубиш мырзаның келіп, ХАҚҚ атқарушы комитетіне мүше елдер өкілдерімен кездесіп, болашақ істің бағыт-бағдарын әңгіме етуі халықаралық бас ұйым басшысының тілек-уәделерінің нақты жүзеге асуы десе болар.
Бүгінгі әңгіменің негізінде өткен жылғы сәуірде Алматыда өткен Арал өңіріне қатысты елдер басшыларының саммитінде қабылданған Біріккен мәлімдеме бойынша әзірленіп жатқан 2011-2015 жылдарға “Арал теңізі бассейніндегі елдерге көмек көрсетуге байланысты атқарылатын Бағдарламаны” әзірлеуге қатысты мәселелер жатқаны белгілі. БҰҰ басшылығымен ХАҚҚ атқару комитеті мүшелері пікірлерінің бір арнада табысқанын сол кездесуден кейін ХАҚҚ атқарушы комитетінің төрағасы Сағит Ибатуллиннің, сондай-ақ Ян Кубиштің егжей-тегжейлі сөздерінен аңғарғандай боласың.
Осының бәрінен шығарылатын қорытынды – бүкіл әлем алаңдап отырған Арал өңіріндегі жағдайды сауықтыруға байланысты қыруар шаруа тындырылып жатыр, алдағы уақытта бұл жұмыс өрістей түспек. Айтарлықтай қаржы бөліп отырған демеушілер де бар екен, ауқымды жұмысты үйлестірушілер де істің көзін тауып жатқан көрінеді. Ең бастысы – бұл мәселе халықаралық ұйымдардың назарында, қамқорында.
Халықаралық ұйымдар басшыларының кездесуінен кейінгі әңгімеде қатысқан журналистер көңілді өсірер сөздер естіді. Оның басты мазмұны – Аралдың болашағы бар екен, өйткені оған арашашылар табылып отыр.
Мамадияр ЖАҚЫП.