Өткен сенбіде Алматының іргесіндегі Байсерке әуежайында Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орайластырылып отандық «Арай Агро» ұшағының тұсаукесер рәсімі өткізілді.
Бұл жергілікті «АвиаМастер Эйркрафт» зауытында канадалық технология бойынша жасалған бесінші ұшақ. Бірінші «Арай Агро» ұшағының тұсаукесері өткен жылдың көктемінде өтіп, бірден-ақ фермерлер көзайымына айналып, авиация саласы сарапшыларының да көкейінен шыққан болатын. Ал енді Қазақстан халқы Ассамблеясының мерейтойы қарсаңында ұйымдастырылған кезекті көрсетілім де алғашқысынан олқы соққан жоқ.
Байсерке әуежайының жазғы алаңына елдің әр өңірінен келген ауылшаруашылық тауарларын өндірушілер, этномәдени орталықтар өкілдері, шетелдік меймандар жиналды. Олар кішкентай ғана жеңіл моторлы ұшақтың шарықтай самғап, небір керемет ұшу үлгілерін көрсеткен жарқын авиадуманның куәгерлері болды.
Төрт орынды «Арай Агро» жүк тасымалдаудан бастап мемлекеттік шекараның авиациялық күзетіне дейінгі көптеген міндеттерді атқара алады. Ұшақ шалғай әрі қиын асулы жерлерден науқастарды көшіруге, өрт сөндіруге, браконьерлермен күрес жүргізуге өте-мөте ыңғайлы. Алайда, оның басты миссиясы фермерлерге егістікке күтім жасау орайында көмектесу, егістік алқаптарын химиялық өңдеуден өткізу болып табылады. Сондықтан, бұл ұшақты әуе «тракторы» деп те атайды. Ол оңай басқарылады. Құны 200 мың доллар шамасында. Ұшу қашықтығы – 1200 шақырым. АИ-95 маркалы автомобиль бензинін құяды. «Арай Агро» тұрақжайда сақтауды және арнайы ұшу-қону алаңдарын талап етпейді, тікелей егістікке, көгалды алаңқайға, қара жолға қона береді.
Тұсаукесер барысында Алматы облысы ҚХА төрағасының орынбасары – хатшылық меңгерушісі Ғабит Тұрсынбай жиналғандарды Қазақстан халқы Ассамблеясы жылымен құттықтай келе, қоғамдағы бірлік пен тұрақтылықтың арқасында отандық экономиканың жүйелі дамып, соның ішінде кіші авиация саласында да жаңа өндірістердің пайда болып жатқандығын атап өтті. Соңғы жиырма жылда Ассамблея жалпыхалықтық институтқа, татулық пен достықтың берік іргетасына айналып, еліміздің этностық және мәдени әр алуандығы оның дамуына да үлкен серпін беруде.
ҚХА мүшесі, «Огни Алатау» газетінің бас редакторы Атсалим Идиговтың айтуынша, жаһандық бәсекелестік өсіп отырған қазіргі жағдайда рынокты отандық мазмұнмен байыту, «Қазақстанда жасалған» белгісімен өнімдерді көптеп шығару аса маңызды. Мысалы, «Арай Агро» ұшақтарының тек өзімізде ғана емес, сонымен бірге, бүкіл ТМД елдері бойынша да баламасы жоқ. Сондықтан, олар елдің танымал ұлттық брендтерінің тізбесіне кіретіндігіне сенім мол.
Жаңа техниканың өткен жылғы өнеркәсіптік пайдаланылу тәжірибесі оның жоғары өнімділігін көрсетті. Агрономдардың бағалауынша, бұл ұшақтар егістікті арамшөптер мен зиянкестерден аз шығын жұмсай отырып көп мәрте қорғауды қамтамасыз етеді. Егіс танаптарын өңдеудің өзіндік құны 1 гектарға шаққанда 120 теңгені құрайды.
«АвиаМастер Эйркрафт» ЖШС директоры Дәурен Уәлиев атап өткендей, Алматы облысының ауыл шаруашылығында авиациялық технологияны кеңінен енгізудің бірегей мүмкіндіктері бар. Бұл өз кезегінде көкөністің, күріштің, қант қызылшасының, жүгерінің, бұршақ пен күнбағыстың шығымдылығын 25-40 пайыз арттыруға жол ашпақ.
– Бүкіл әлемде авиатехниканың шаруашылық мақсатта қолданылу ауқымы экономиканы дамыту мен халық өмірінің сапасын арттырудың өзекті көрсеткіштерінің бірінен саналады, – деді Д.Уәлиев. – Әуе кемелерінің саны жағынан алғанда алғашқы бестікте АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Жапония мен Германияның болуы тегін емес. Біз алдымызға әлемдегі аса дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылу мақсатын қойып отырмыз. Ал бұл үшін авиациялық технологияны дамыта түсуіміз өте маңызды.
Зауыт өнімінің бір-бірлеп, жеке тапсырыс бойынша дайындалатынын айта кету ләзім. Өткен жылы шығарылған алғашқы үш ұшақ Қостанай облысының егіс алқаптарында, тағы бірі Мәскеу маңында ұшып жүр. Ал көзайым самғауын біз бақылаған бесінші ұшу аппаратын Ақмола облысындағы «Ізбасаров және К» ЖШС фермерлік кәсіпорны сатып алды. Компанияның өндірістік тұрақжайында тағы екі «Арай Агро» құрастырылып бітуге жақын. Кәсіпорын алдағы уақытта қуаттылықты арттырып, таяу шетелдерде дилерлік орталықтар ашуды көздеп отыр.
Қорғанбек АМАНЖОЛ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.