03 Наурыз, 2015

Халыққа ертеңгі күніне деген сенімділік керек

355 рет
көрсетілді
30 мин
оқу үшін
IMG_7569 Қазақстанның барша жұртшылығы Елбасының  кезектен тыс президенттік сайлауға түсуін қалайды

Отынды шапқанға жақтыр

as3Тәуелсіз Қазақстан Елба­сы­мыздың ең өркениетті 30 елдің қатарына қосыламыз деген үлкен идеясымен қуаттанып, алға адымдап, еркін ілгерілеп бара жатқан ел. Бірақ өмір қаладағы даңғыл көше емес қой, өмір – кедергісі, қайшылығы мол, күрделі құбылыс. Әлемде экономикалық дағдарыс жүріп жатыр, мұнайдың, газдың басқа да шикізаттардың бағасы түсіп бара жатыр. Украинадағы келеңсіз жағдайлармен байланысты Еуропа, Америка Ресейге санкция жасауда. Бұл, әрине, Ресейдің экономикасына, басқа жағдайларына өзінің әсерін тигізеді. Біз Ресеймен, Беларусь елімен бір экономикалық одақта болғандықтан, Ресейдегі қиын жағдай бізге де әсер ететіні сөзсіз. Осылармен бірге еліміздің тыныш, еркін дамып келе жат­­­қа­нын көре алмайтын және оның тәуелсіздігіне, халқының бір­лігіне көз алартып қарайтын топтар да дүниеде баршылық. Осындай қиын-қыстау жағдайда көпұлтты халқымыздың бірлігі, біртұтастығы қарқынды дамуы ауадай қажет. Мемлекетті тәжірибесі мол үлкен талант иесі дарынды тұлға басқарғаны керек. Үлкен тарихқа көз жіберсек ылғи да осылай болған. Бұған мысал – Петр І, Абылай хан сияқты тұлғалардың мемлекетті басқарулары. Осы жағдайларды ескерсек, бүгінгі қиын-қыстау жағдайда, Қазақстан зиялыларының пікірінше, біздің елімізді, оның экономикасын әрі қарай дамыту Нұрсұлтан Назарбаев сияқты тұлғаның ғана қолынан келеді. Біздің Елбасымыз – тәжірибесі мол, үлкен талант иесі. Президентіміздің басқаруымен Қазақстан халқы көптеген қиыншылықтарды жеңді. Сондықтан біз Нұрсұлтан Әбішұлының президенттік сайлауға қатысуын шын ние­тімізбен қалаймыз. Елбасы­ның басшылығымен дүниеге «Нұрлы Жол» бағдарламасы келді. Мемлекет тарапынан бұл бағдарламаға қыруар ақша бөлінді. Осы бағдарламаны енді іске асыру керек. Қазақ айтады ғой: Малды тапқанға бақтыр, Отынды шапқанға жақтыр деп. Сол сияқты осы бағдарламаны іске асыруды бағдарламаның авторының өзі басқарғаны жөн деп есептейміз. Жабайхан ӘБДІЛДИН, академик, философия ғылымдарының докторы,  профессор.

Ақсақалдар буыны үлкен үміт артады

as4Елбасы «Қазақ­стан-2050» деп аталатын үлкен бағдарламаның ­ат­қарылу, жүзеге асу жол­дарын, стра­те­гия­лық бағдарын нақ­ты­лап көр­сетіп берді. Аталмыш стра­­тегиялық бағдарлама­да еліміздің экономика­лық әлеуетін арттыратын, әлемді шарпыған қар­жы­лық дағдарыстардан Қа­зақстанды қазіргідей бақуатты қалпында алып шығу жолдары, халық бірлігі мен мемлекет тұрақтылығы, рухани, мәдени өсу жолдары, бәрі-бәрі қамтылған. Және бұл бағдарламаның ерекшелігі осын­дай шешуші сәтте халықтың ынтасын ­кө­те­ріп, жаңа заманға сай даму қа­дамымызға зор ықпал ететіндігі анық. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың елімізде кезектен тыс сайлау өткізу туралы Қазақстан халқы Ассамблеясы тарапынан түскен ұсынысты айрықша ынтамен қабылдап, заң жүзінде Жарлыққа қол қоюы, бүгінгі таңда халықтың басым бөлігі келешекке анық бағдарды түсіне отырып бірауызды болуы, мұның бәрі Қазақ елінің стратегиялық даму жолында біріге түскендігін көрсетіп отыр. Бұдан біз нені байқаймыз? Қазақстан өз алдына шаңырақ көтеріп Тәуелсіздігін алған кезеңнен бастап Нұрсұлтан Назарбаев көшбасшысы ретінде алғашқы қадамын жасау алдында тұрған жас мемлекетті соны жолға салды, өзгеге ұқсамайтын нақты бағыт ұстанып, әлем алдындағы абыройын, өзіндік бет-бейнесін қалыптастыруға үлкен күш жұмсады. Әуелі экономикаға көңіл бө­ліп, халықтың әл-ауқа­тын арттыру жолы­­на толайым күш жұм­сап, Қазақстан мемлеке­ті­нің жаңа заманда­ғы ­тарихи бағдарын ­қа­лып­тастырды. Міне, осындай аз ғана уақыт аралы­ғын­да­ ғасырлап жүріп өте­тін жолды асқан ақыл­ман­дықпен, жаза басудан сақтай отырып, өзгемен тең терезелі тіршілікке жет­кізу, әрине, ерлік. Соны дұрыс түсін­ген халқымыз осы тұрақтылық пен ты­ныштықты сақтап қалу ниетінде бір Ту­дың астына жиылып, бір басқару­шы­ның нұсқаған тура жолымен кемел келешекке батыл қадам жасай беруді қалап отыр. Біздер де, алдыңғы буын өкілдері, еліміздің бүгінгі «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» берекелі шағын көріп, жас ұрпағымыздың білім мен өркениет жолында қол жеткізіп келе жатқан жетістіктеріне сүйсінумен, әлемнің алдыңғы қатарлы мемлекеттерімен тең дәрежеде саяси-экономикалық қарым-қатынас жасаған жаңа Қазақстанның бағыт-бағдарына, келешегіне зор сеніммен алдағы өтер сайлауды, оның ішінде бүгінгі Көшбасшы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуына және халық сеніміне сай жеңіп шығуына үлкен үміт артамыз. Досмұхаммед КІШІБЕКОВ, академик, философия ғылымдарының докторы.

Баршамыздың ортақ қалауымыз

as5Қазақстан Респуб­ли­касының Пре­зиденті Н.Назарбаев 25 ақпанда кезектен тыс президенттік сайлау тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл ел тарихындағы айтулы оқиға. Әлем басынан әрқилы саяси-идео­логиялық, тіптен қан­тө­гіске бастайтын оқи­ға­лар­ды өткізіп отырғанда, президенттік сайлаудың мәні бөлекше. Көрші Ресей еліндегі белең алған экономикалық дағдарыс, рубльдің қауырт құлдырауы бір кеңістіктегі біздің елге әсерін тигізбей қоймайды. Болашақты болжау – мүмкін емес істің бірі. Хакім Абай «Көк тұман алдыңдағы келер заман» деп еді. Алдағы заман – көк тұман. Біз сол заманнан үміт сәулесін іздейміз. Сол үміт сәулесін алдағы өтетін президенттік сайлаудан табамыз деген бүкіл Қазақстан жұртының ақ ниеті бар. Үміт деген әншейін елеске құрылған сана емес. Мен Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа зор сеніммен қарап, оның алдағы президенттік сайлауға түсуін қолдайтын азаматтың бірімін. Менің бұл қолдауымның екі мәнісі бар: Біріншіден, Н.Назарбаев 1991 жылдың 1 желтоқсанынан қолына билік алған заманнан бері КСРО кезінде тұралап қалған елдің экономикасының негізін қалап, қауіпсіздігін нығайтып, ядролық қарудан бас тартып, көрегендік саясат жүргізді. Осы саяси үрдістің нәтижесінде Назарбаевтың саяси мектебі қалыптасты. Ел басқара алатын саяси шәкірттері өсіп-өнді. Олар көп, олар сауатты, олар Президенттің тәжірибесін көріп, түсініп, саналарына сіңдірген мықты сая­си қайраткерлер. Олар Үкіметтің, Парламенттің, құ­қық орындарының бәрін­де жауапты және нәтижелі қызметтер атқаруда. Екіншіден, Елбасы­ның «Қазақ­стан-2050» Стра­тегиялық бағдар­ла­ма­сы бар. Бұл бағдар­ла­ма­ның мәнісі – елімізді индус­трия­лық-инно­вация­­­лық мем­лекетке ай­налдыру. Ин­дустриялық-иннова­ция­лық бағдарламаның өзге баламасы жоқ. Индустриялық елдің мемлекеті либерал­­дық мемлекет болатыны әлемге аян. Либералдық мемлекет жағдайында азаматтардың санасы мүлдем жаңа дең­гейге өтпек. Ойлау жүйесі өзгермек. Нағыз өркениеттік құндылықтар қалып­таспақ. Демократиялық үрдістер қалыпты жағдайға айналмақ. Осы индустриялық-инновациялық бағдарламаның өрелі саласының бірі – «Нұрлы Жол». Жол – экономикалық үр­­­діс­ті жаңа деңгейге алып шыға­тын ло­­гис­­тикалық-ақпараттық-комму­ни­­­­ка­тив­­т­ік-­өркениеттік іс-шара. Жол – бар­­лық қазақ­­стандықтарға олардың сан қилы мүм­кіншіліктерін іске асыра­тын аса қажет­ті жағдай. Мұны барша қазақ­стан­дық­тар сезіп, біліп отыр. Сондықтан мен алдағы президенттік сайлауға Нұрсұлтан Әбіш­ұлының кандидатурасы ұсынылуы баршамыздың ортақ қалауымыз болатынын басын аша айтуды парызым ­санаймын. Ғарифолла ЕСІМ, академик, жазушы.

Сертке соғар семсеріміз

as7Бүгін бүкіл әлем көз тігіп отырған кезектен тыс президенттік сайлау – ел өміріндегі елеулі оқиға, халық тарихындағы тағдырлы кезең. Осындай шешуші сәтте ойымызға ең алдымен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев есімі оралады. Ол орынды да. Себебі, Вольтер айтқандай: «Мемлекетті құтқару үшін бір ғана ұлы адам жеткілікті». «Мемлекетті құтқару» дейтін сөз қалам ұшына тектен тек оралған жоқ. Оның терең сыры мынада – дүние дөңбекшіген мына аласапыран алмағайып ғасырда әртүрлі әлемдік апаттар адамзатты үрейлендіріп тұр. Жер шарын түгел қамтып, тым жиі болып жатқан табиғи апаттар аздай-ақ, терроризм, діндер арасындағы алауыздық, ұлттар арасындағы араздықтан туған қарулы қақтығыстар, тағы басқа да толып жатқан кесапат кеселдер дүниежүзінің ортақ проблемасы болып отыр. Әлі толық шешім таппаған Ресей – Украина шиеленісі де алаңдатады әлемді. Бүкіл дүниежүзін шарпыған экономикалық дағдарыс күн сайын күшейе түсуде. Бүгінде кәрі құрлық Еуропаның өзі есеңгіреп тұр. Күні кешеге дейін экономикасы гүлденген, тарихи тамырын тереңге жайған Грекия да күйі кетіп, күйреудің аз-ақ алдында. Президент Н.Ә.Назарбаев өткен жылы желтоқсан айының 14-жұл­дызында Тәуелсіздік мерекесіне орай жасаған баяндамасында былай деді: «Тұтас дүниені шарпыған дағдарыстар бүгінгі күннің басты сипатына айналуда. Жаһандық экономика кезекті рет соқтықпалы, соқпақсыз жолға аяқ басты. Сондықтан, біз алдағы сын-қатерлерге дайын болуға тиіспіз. Біз жағдай ширыққан сайын шынығуға, кедергіге кездес­кен сайын келесі серпіліске қуат жинауға дағдыландық. Алысты көздеген даму жолында кездесетін уақытша кедергілерге мойымаймыз. Еңсені түсірмей, ертеңге сеніммен қараймыз». Серінің сертке соққан семсеріндей осы сөз халықтың жігерін жаныды. Соған орай: Қиындық деген қамал бар, Қайсарлар жарып өтетін. Еңбек деген бақыт бар, Ерінбеген жететін. Жалқауға бақыт жоламас, Қайырылмай оған кететін, – деп жазғанбыз. Дүние дөңбекшіген осындай алмағайып аласапыран уақытта Қазақстан халқы Ассамблеясы кезектен тыс сайлау өткізу жайлы бас­тама көтеріп, оны Қазақстанның көпұлтты, бір мақсаттағы халқы қызу қолдады. Осыған орай Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына Үндеу жолдады. Елбасының Үндеуінде айтылған «бірлік пен береке, шаңырақтағы шаттық» Күлтегін айтқан: «Халқына – бегі, бегіне – халқы сенген елде» ғана болады. Құдайға шүкір, Қазақстан дәл осындай ел! Биыл өткелі отырған президенттік сайлаудың тиімділігі айдан анық. Келер жылдың күнтізбесінде парламенттік сайлау тұр. Екі сайлаудың қатар өтуінің қиындығы өз алдына, тиімсіздігі тағы бар. Бұл – бір. Екіншіден – қазіргідей күрмеуі қатты аса күрделі кезеңде сыннан өткен, әлем әлдеқашан мойындаған, ел бағына туған тұлға Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа сенім білдіріп, «Сайлауға түс, еліңді бақытқа бастаудың ауыр жүгін тағы да өзің арқала» десек, ол бұл тілекті қабыл алып, қайта сайланса, ел сенген тұлғаға әлем де сенеді. «Бірлік пен берекенің, шаңырақтағы шаттықтың» берік кепілі сол! Себебі, арқалы ақын Ғафу Қайырбековтің сөзімен айтсақ: Сынға түскен екіұдай тұста мына, Қарамайды ол бақытқа, Бас қамына, Лайық ол байқасақ қазақ түгіл Әлемді де әдемі басқаруға. Хадисте айтылғандай: «Жер бетіндегі ғұлама данышпандар ас­пандағы жұлдыздарға ұқсайды. Жерде де, суда да жұлдыздарға қарап жол табуға болады. Жұлдыздар болмаса адасуы мүмкін». Әлемдегі әр ел, әр халықтың адастырмас өз жұлдыздары бар. Қазақстанның адас­тырмас ақ жұлдызы, бақ жұлдызы – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев! Олай болса Нұрекеңе:   Туған ерсіз қазағымның бағына, Құт-береке дари берсін тағыңа. Елімізді бақытқа өзің бастай бер, Жеңісіңмен қуанта бер тағы да! – деп тілек айтамыз. Сәбит ДОСАНОВ, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.

Бекем бел буғаны керек

as9Қазақстан халқы Ассамблеясы­ның Кеңесі бастамашылық танытып айт­қан биыл кезектен тыс президенттік сайлау өткізу жөніндегі ұсынысы халықтың қолдауына ие болды. Отанымыздың барлық өңірінен үлкен-кіші Мемлекет басшысына өз тілектерін білдірді. Соған орай, Нұрсұлтан Әбішұлы өз Үндеуін жариялады. Мен Үндеуді оқып отырып, бүкіл әлем, оның ішінде Қазақ елінің бүкіл тыныс-тіршілігімен танысқандай болдым. Мен, Үндеуді оқыған соң, әлемдік істердің ұйытқысы болып, соның оң шешілуіне келелі үлес қосып жүрген Нұрсұлтан Назарбаевтың кезектен тыс президенттік сай­лауға түсуі қажет деген берік бай­ламға келіп отырмын. Осындай аумалы-төкпелі заманда бұл жұмысты тек Нұрсұлтан Әбішұлы ғана аяғына жеткізіп, қазіргі береке-бірлікке ұйыған бақытты өмірімізді, төрткүл дүниеге танылған абырой-беделімізді жалғастырады деп ойлаймын. Өйткені, әлемде қаншама дағ­да­рыстар, қиындықтар болып жатқанмен, оған Қазақстан жұртын ұрындырмай, кемел ой, ақыл-парасатымен биіктен биікке көтеріп келе жатқан тек қазіргі Елбасы екенін біз ғана емес, басқалар да жақсы сезіп отыр. Төрт құбыласын түгендеп, жұртын жұмылдырған мұндай басшы өзінің алға қойған асуларын, яғни «Қазақстан-2050» Стратегиясын, «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауын діттеген жеріне жеткізуін қалаймыз. Президент бұл сайлауға қатысуы жайлы шешімді кейінірек айтатынын Үндеуде білдірген екен. Біз, ауыл шаруашылығы саласын зерттеп, зерделеп, Отанымыздың болашағына қажет мамандар дайындап жүрген ғалымдар ортақ еліміздің болашағы үшін, мемлекетіміздің Көк туын биікте желбірете беру жолында Нұрсұлтан Әбішұлының бекем бел буып сайлауға түсуін қалаймыз. Рахымжан ЕЛЕШЕВ, академик.

Сайлауға түскенін қалаймын

4fb4de5bd8c1414635e68b6728432904_XLЕлбасы Нұрсұлтан На­­­зарбаев секілді аса биік тұл­ғалы қайраткермен таныс болу кез келген адамның тағдырына жазыла бермеген болар. Сонау өткен ғасырдың 70-ші жылдары осындай мүмкіндік маған туған болатын. Ол кезде мен Қазақстан теміржолы Қостанай бөлім­шесінің бастығы едім. Біз Соколов-Сарыбай кен өн­діру бірлестігінен ыстық темір жентегін Қарағанды металлургия комбинатына жеткізетін едік. Нұрсұлтан Әбішұлының араласуымен, сол кісінің арқасында сол күрделі уақытта комбинатқа шикізатты ырғақты жеткізу мәселесін шешкен едік. Менің жасым бүгінде тоқсаннан асты. Адами тірлікте мен Нұрсұлтан Әбішұлынан бір мүшелден аса үлкен адаммын, өмірлік тәжірибем де бар. Сол кездесуде-ақ жас жігіттің көшбасшылық қасиетін таныған едім. Жылдар өтті, кейін Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстанды басқару тізгінін қолына алды. Енді Тәуелсіздігін алған елге ауыртпалық әкелген жылдарға тағы да куә болдық. Со­ның барлығынан Елбасымыздың сара сая­саты арқасында жүгіміз аумай өтіп келеміз. Қазір дамудың жолына түстік. Менің сонау бір жылдарғы ішкі түйсігімнің алдамағанын өзім мақтаныш етемін. Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың Қазақстан халқына Үндеуін тыңдадым. Тағы да қадау-қадау мәселелерді ор­­­таға салды. Соның ең бас­тысы – тыныштық. Әлем­ді дүр­ліктірген қаржы-эконо­ми­­­калық дағдарысқа бай­ла­нысты бюджетті оңтай­лан­­­ды­ру жұмысы да түсі­ністікпен жүргізіліп отыр. «Қойып ішсең қой қалады, тартып же­сең тай қалады» дейді менің қазақ достарым. Қазақ даласы талай құқайды көрген. Әйтеуір айналадағы секілді қан төгілмесе болды. Қалған қиындықтың барлығы да ер мойнына аманат, оның есебі табылады. Дағдарыс қайырлап тұрып қалатын кеме емес, ол да өткінші құбылыс. Әр елге сын болуы да ықтимал. Ал мұндай кезеңде елдің тізгінін сындарлы саясаткер, тәжірибесі де мол, халықаралық беделі де жоғары адамның ұстағаны мақұл. Бертран РУБИНШТЕЙН, Ұлы Отан соғысының ардагері, Қостанай облысының құрметті азаматы. ҚОСТАНАЙ.

Кемел келешегіміздің кепілі

as11Мен өз басым өміріміздің көктемі сияқты жас кезімізде, сол уақыттағы атағы бүкіл Одаққа жайылған Қазақстан Магниткасында, көмір шай­­­нап, от бүріккен дом­на пе­шінің жанында хал­­­қы­­­мыз­дың болашақ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесіп, танысып, әңгіме­­лескенімді, ол туралы қазақ баспасөзінде алғашқы болып очерк жазғанымды әрдайым мақтаныш тұтамын. Тоқсаныншы жылдардың басындағы халқымыздың ға­­­­сырлар бойғы арманы орындалып, тәуелсіздікке қолымыз жеткені, бірақ сонымен бірге бұрынғы Одақ ыдырап, экономикамыз күйреп, күйзеліп, тұрмыс шатқаяқтап, жұмыссыздық, бере­кесіздік жайлап, болашағымыз бұлыңғыр тартып, аса ауыр күндер туғаны есімізде. Тарихымыздың сондай қиын, алмағайып сәтінде халқымыз өзінің таңдауын жасап, ел тізгінін Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баевқа ұстатты. Бұл таңдаудың қаншалық­ты дұрыс болғанын содан бергі уақыт толы­ғынан дәлелдеді. Елбасының күні кешегі Қазақстан халқына Үндеуінде айтыл­ғандай, өткен 23 жыл ғасырға бергісіз жылдар болды. Президентіміздің кемел басшы­­­­лығының арқасында республикамыз бар­лық қиыншылықтардан, сындардан мүдір­мей өтті. Шекаралары айқындалған, эконо­­­микасы дамыған, көк байрағы көкке желбіреген, әлем таныған, халықаралық беделі зор, тәуелсіз, қуатты мемлекетке айнал­ды. Халықтың тұрмысы түзелді. Мұны ба­қыт демегенде не дейсіз. Алайда, бақыт баға­­лай білгеннің ғана басында тұрады деген де сөз бар. Мұны  ұмытпаған жөн. Бүгін біз өз келе­­­шегімізге үлкен үмітпен, сеніммен қараймыз. Осы ғасырдың басында, Ресейде шығатын үлкен газеттердің бірінде жазылған мынадай пікір жадымда қалыпты. Ондағы айтылған ой мынадай: біз, Ресей, жаңа реформа деп, оны өйту керек, мұны бүйту керек деп, жамырай пікір айтып, жанталаса қимылдап жатқандай күй кешеміз. Қазақстан ол кезде тыныш. Арада біраз уақыт өтеді. Қазақстан ешқандай дабырасыз, дау-дамайсыз, өз Президентінің басшылығымен әлдеқандай ұтымды тетікті іске қосады да, енді бір қарасақ, бізден озып, алдымызда кетіп бара жатады деген пікір. Газет мұны сол кезде «Феномен Назарбаева» деп атаған еді. Мұндайға қалай қуанып, масаттанбайсыз. Еліміздің бүгінгі қол жеткізген керемет табыстары түптеп келгенде Елбасымыздың кемел ақыл-ойының, өз елін тек қана дұрыс жолмен бастап келе жатқан көрегендігінің, кемеңгерлігінің, жанқиярлық еңбегінің арқасы екені күмәнсіз. Сайлау күні белгіленді. Ендігі мәселе – сайлауға кімдердің түсе­тінінде. Барша жұрт үшін бір жайдың басы ашық – елдегі пре­зиденттік сайлауға Елба­сымыздың түсуі ке­­­рек. Кеше Алматы жақтан жақсы хабар естідім. Жазушылар қауымы алдағы сай­лауға Нұр­сұлтан Назарбаевтың түсуін сұра­ған шешім қабылдапты. Мен де осы ұсыныс­қа қосыламын. Мұ­ны халқымыздың арман­да­ған биік­теріне қол жеткізуінің, кемел келе­шегіміздің кепілі деп білемін. Болат БОДАУБАЙ, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері.

Біз қазақ халқымен, Елбасымен біргеміз!

as102015 жылдың 14 ақпа­нында Қазақстан халқы Ассам­блеясының Кеңесі елі­мізде кезектен тыс пре­з­и­денттік сайлау өткізу тура­лы бастама көтергені мәлім. Бұл бастама барша қазақстандықтар тарапынан және демократиялық күштердің «Қазақстан-2050» жалпыхалықтық коалициясы тарапынан қолдау тапты. Өзге ұлт өкілдерін өзек­ке теппей, бауырына алған қазыналы Қазақ елін мекен етіп отырған барша ұлт өкілдері өздерінің балалары мен келер ұрпақтарының бейбіт те берекелі, тыныш­тық пен тұрақтылықтың туы желбіреген Қазақстандай елде жақсы өмір сүргенін қалайды. Болашақ өмір баршамызды алаңдатады. Ел ішінде татулық пен достық қатынас нығая беру үшін біздің баршамыз үлкен жауапкершілікпен атсалысамыз. Біз Қазақстанның ішкі-сыртқы саяси ұстанымын толықтай қолдаймыз. Бұл – бірінші кезекте еліміздің қауіпсіздігі деген сөз. Осындай жа­­­һандық күрделі мәселеде аса жоғары же­тістіктерге қол жеткізу үшін бәріміз Елба­­сының төңіре­гіне топтаса білуіміз керек. Мемлекет басшысының ұстанған бағдары мен көреген саясатының арқасында бүгінде Қазақстан әлемдік дәрежеде ең тұрақты қоғам мен дамушы ел ретінде өз бейнесін айқындап үл­герді. Қазақ елін мекен еткен әрбір шаңырақта шат күлкі мен берекелі өмір, теңдік пен тең құқықтық, ашық аспан мен мерекелі күндер жетерлік. Бұл – біздің ортақ қуанышымыз! Мемлекет басшысы Нұр­­­­­сұлтан Назарбаевтың елімізде кезектен тыс пре­зиденттік сай­лау өткізу ту­ралы Жар­лық­қа қол қойға­­­­ны­­на шын көңілден ризашылығымызды ­біл­­діре отырып, біз ол кісіден өз кандида­тура­сын осы сайлауға ұсынуын сұрағымыз келеді. Өйткені, біздер, киелі де қастерлі Қазақ елін мекен етуші өзге ұлт пен ұлыс өкілдері, өз тағ­дырымызды Елбасына сеніп тапсыра аламыз. Князь МИРЗОЕВ, Қазақстандағы күрдтердің «Барбанг» ассоциациясының президенті. АЛМАТЫ.

Сайлау үдерісі

жоғары демократиялық стандарттарға сай ұйымдастырылатын болады

Сыртқы істер министрлігінде Ерлан Ыдырысов Қазақстанда аккредиттелген дипломатиялық өкілдіктердің басшыларына елімізде жоспарланып отырған президенттік сайлауға байланыс­ты брифинг өткізді. Дипломатиялық корпус өкілдері алдында сөз сөйлеген Е.Ыдырысов, Қазақстанның жаңа сындарлы даму кезеңіне кіргенін атап өтті. «Мәселе мұнай бағасының құлдырауы, Ресей­ге салынған санкциялар ықпалы секілді экономикалық факторлардың қысымында, украиндық дағдарыс пен Халықаралық коалиция күштерінің Ауғанстаннан шығарылуымен байланысты өңірдегі тұрақсыздықта. Біздің елімізді және жалпы алғанда біздің өңірімізді сынақтар кезеңі күтіп тұр», деді министр. Сонымен қатар, ол Қазақстанда заманауи қауіп-қатерлер туралы толық түсінік бар екенін және оларды еңсеруге анық жоспар мен қорлар бар екенін жеткізе отырып, орта мерзімді және ұзақ мерзімді даму бағдарламалары тұрақтылықты, гүлдену мен еліміздегі өмір сүру сапасын арттыруға бағыт­талғанын ерекше атап өтті. «Президент ұсынған «Нұрлы Жол» бағдарламасын, сонымен қатар, «Қа­зақстан-2050» Стратегиясы мен әлемнің ең дамыған отыз елі қата­рына кіру секілді ұзақ мерзімді басымдықтарды іске асыру белсенді жұмыс пен басымдықтарға айқын назарды шоғырландыруды талап етеді. Қазір Үкіметтен бірізді, тиімді, кей­­бір кездері ерік-жігерлі іс-әрекеттер талап етіледі», деп қосты ҚР СІМ басшысы. 26 сәуірде өтетін кезектен тыс президенттік сайлау туралы айта келе, ҚР  СІМ басшысы шетелдік дипломаттардың назарын жаңа мандат мемлекет пен оның басшылығына алға қойылған тапсырмаларды жүзеге асыруға тез арада кірісуге және алдағы кезеңде сыртқы факторлардың теріс әсерлеріне төтеп беру үшін белсенді жұмыс атқаруға, алға қойылған мақсаттарды атқаруды және еліміздегі халықтың өмір сүру сапасын арттыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік беретініне аударды. Президенттік сайлаудың ұйымдас­тыру мәселелеріне тоқтала келе, ол қазақстандық тарап сайлау үдерісін жоғары демократиялық стандарттарға сай ұйымдастыруды қамтамасыз ету үшін барлық мүмкін шараларды қабылдайтынын ерекше айтып өтті. «Орталық сайлау комиссиясы ЕҚЫҰ және басқа да беделді халықаралық ұйымдардың бұдан бұрын жасаған ұсыныстарын ескере отырып, сайлау­ды өткізудің жоғары ұйымдастыру дәрежесін қамтамасыз ететіндігіне сенемін, ал басқа мүдделі органдар олардан Қазақстан заңнамасы талап ететін шараларды жүзеге асыру үшін бар күш-жігерін салады», деп мәлімдеді Е.Ыдырысов. Сонымен бірге, ол Сыртқы істер министрлігі дипломатиялық корпус өкілдерін, халықаралық ұйымдарды, шетелдік байқаушылар мен бұқаралық ақпарат құралдарын сайлауға бақылау жүргізулері үшін шақыратыны туралы хабардар етті. «Біз сайлау үде­рісінің ашықтық, әділеттілік және бәсе­келестік қағидаларына, азаматтардың ішкі заңнама нормаларына және халық­аралық стандарттарға сай өз ойларын еркін білдіруін қамтамасыз етуге бейімділігімізді растаймыз», деп Қазақстан сыртқы саясат ведом­­­­ство­сының басшысы сөзін түйіндеді. «Егемен-ақпарат». IMG_7591

Бірауыздан қолдады

«Нұр Отан» партиясы «Мәдениет» бастауыш ұйымының жиналысы болды. Онда «Нұр Отан» партиясы «Бірлік» филиалы «Мәдениет» бастауыш партия ұйымы құрамындағы мәдениет және өнер қайраткерлері, спорт өкілдері Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің кезектен тыс президенттік сайлау өткізу туралы бастамасын қолдады. Ұлттық академиялық кітапхана директоры Үмітхан Мұңалбаева кезектен тыс өтетін президенттік сайлауға партия Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың кандидатурасын ұсынып, сөз сөйледі. – Тарихи өлшем тұрғысынан алғанда, аса қысқа уақытта Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаевтың бас­шылығымен елімізде экономикалық және саяси тұрғыда ғана емес, әлеу­меттік салаларда да едәуір жұмыстар жүзеге асырылуда. Қарапайым адамдар ешқашан назардан тыс қалып көрген жоқ. Әлемдегі түрлі жағымсыз құбылыстарға, экономикалық келең­сіз жағдайларға қарамастан, Ел­басы мемлекетіміздің әлеуметтік мін­деттерін қорғап, өзінің нық ұстанымын көрсетті, – деді Ұлттық академиялық кітапхананың директоры. Ол Елбасының мемлекеттік саясатын қазақстандықтардың қолдайтынына сенім білдірді. Бұл ұсынысқа белгілі қоғам қайраткері, философия ғылым­дары­ның докторы, профессор Ғарифолла Есім де қосыла отырып, кезектен тыс президенттік сайлауда партия Төрағасының кандидатурасын қолдау әрбір нұротандықтың патриоттық борышы екенін тілге тиек етті. «Болашақ» бағдарламасының түлегі (City Univercity London), өнер­тану магистрі Ермек Рақымовтың пікірінше, еліміздің, партиямыздың тарихы көрсетіп отырғандай, Қазақстан Президенті – мемлекетіміздің одан әрі дамуының сенімді кепілі. Біздің ұжымда жұмыс жасайтын бола­шақтықтардың атынан «Болашақ» президенттік бағдарламасы бойынша әлемнің ең үздік жоғары оқу орындарында білім алуға мүмкіндік бергені үшін алғыс айта отырып, өзін ұсынған жағдайда президенттік ­сай­лауда Нұрсұлтан Әбішұлының ­кан­ди­да­турасын қолдайтынымды айтқым келеді деді ол. Спорт өкілдері – «Астана Арена» стадионының директоры Бауыр­жан Мұқашев, 2014 жылғы Азия ойындарының жүлдегері Данабек Сужанов та сайлауға түскен жағдайда Н.Ә.Назарбаевтың кандидатурасын қолдайтынын білдірді. – Еліміздің барлық спортшылары атынан біз алдағы болатын президенттік сайлауда, егер Елбасы сайлауға түскен жағдайда, Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасын қолдаймыз, – деп мәлімдеді. «Нұр Отан» партиясы «Бірлік» филиалы «Мәдениет» бастауыш партия ұйымының мүшелері алдағы болатын Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауына қатысу үшін Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасын ұсынуға бірауыздан дауыс берді. «Егемен-ақпарат».

Дамудың басты бағдары

Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академиясында кезекті сессия болып өтті. Сессия қатысушылары 2015 жылдың 26 сәуіріне белгіленген кезектен тыс президенттік сайлау өткізу туралы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың шешімін бірауыздан қолдады. Академия президенті Бақыт­­­­­жан Жұмағұлов өзінің сессияны­­ ашар алғы сөзінде Мемлекет бас­шы­­сы­ның сайлауды өткізу жө­нін­дегі Қазақ­стан халқына Үн­деуі­­нің мәніне кеңі­рек тоқта­лып өтті. – Геосаяси қарама-қайшы­лықтар асқынып тұрған жағдайда қазақстандықтарды ұлттық қауіпсіздігіміз алаңдатады, хал­қымыз Президент Нұрсұлтан Назарбаев жүргізіп отырған ішкі және сыртқы саясатымыздың тұрақтылығын қолдайды, – деді шешен өз сөзінде. Сессия қатысушылары – ға­лымдар, инженерлер, өндірістің белгілі мамандары, ірі компаниялар мен ұйымдардың жетекшілері өздерінің сөзінде бейбітшілік пен келісім – жалпыхалықтық басты жетістік екенін айтып, оны қорғап, күнделікті еңбегімізбен нығайтып отыруымыздың қажеттігіне баса назар аударды. Елбасы айтқандай, «Бірлік және тұрақтылық – бұл біздің жауапты таңдауымыз! Бұл – Отанымыз дамуының басты формуласы». Сессия жұмысында ғылыми-зерттеулерді жүзеге асыру бойынша бірқатар академик – Уәлихан Бишімбаев, Ұзақбай Қарабалин, Асқар Құлыбаев, Нәдір Нәдіров сияқты ғалымдар шығып сөйлеп, өз ойларымен ортақтасты. Сессия жұмысының соңында профессор Тұрлыбек Ысқақовқа Ө.Жолдасбеков атындағы сыйлық, профессор Александр Трофимовке Ш.Шөкин атындағы сыйлық, жас ғалым Дильнара Закироваға Қ.Тұрысов атындағы сыйлық тапсырылды. Шарафаддин ӘМІРОВ, «Егемен Қазақстан». Алматы.