Жазда жері сағымға, қыста елі соғымға бай Сарысу ауданының төрінен орын тепкен Игілік ауылында бүгінде 200-дің үстінде түтін бар екен. Осындағы өнер мектебінің іші күмбірлеген үнге толы. Мына бөлменің есігін ашып қалсаңыз, домбыра тартуды үйреніп жатқан жас бала, ана бөлмесінде қобызын құшақтаған оқушы қыз... Әрқайсысы әртүрлі шығарманы орындап жатса да бәрі қосылып осы шаңыраққа тән, құлаққа жағымды бір әуен шығаратын сияқты ма, қалай өзі... Сосын осы шаңырақта өнер үйреніп жүрген балалардың бойында ерекше бір құлшыныс, қуаныш, күш-қуат бар.
Оларға дәріс беріп жүргендердің ішінде Балтабай Дәуірбековті Сарысу жұрты ғана емес, облыс халқы жақсы таниды. Өнердің арқасында өніп-өсіп, қос ішектің арқасында қанатын кеңге жайған Балтекеңнің үйінде домбыра, қобыз жасайтын шағын цех бар. Халықтық музыкалық аспаптарды жасаудың хас шебері Балтабай аға Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі, Қазақстанның мәдениет қайраткері.
Жалпы, бұл – өнер қонған шаңырақ. Балтабай ағаның перзенттері – Білтебай, Алмабай, Жанар, Динара, Әсел, Жарас, Айткүл, бәрі-бәрі шетінен домбырашы, қобызшы. Барлығы да термені, халық әндерін нақышына келтіріп айтады. Немерелері Жандос, Аида, Жалғас та атадан дарыған өнерді жалғастырып келе жатқан дарындар. Жамбыл гуманитарлық колледжінің ІІІ курсында оқитын тағы бір немересі Алмас студенттер арасында өткен республикалық байқаудың «Қылқобыз» аталымы бойынша лауреат. Отанасы Қалбибі апа «Алтын алқа» иегері. Отбасындағы 7 бала, 27 немере, 2 шөбересі аман-есен шауып-шапқылап жүр. Бір отбасында әкесі, 3 ұлы және немересі, барлығы 5 отбасы мүшелері ұлттық музыкалық аспаптар жасаудың шеберлері. Соның ішінде ұлдары Алмабай мен Жарас әке жолын жалғастырып келеді. Биыл Жамбыл облысында өткен «Мерейлі отбасы» конкурсында Дәуірбековтер отбасының өнері жоғары бағаланып, жүлделі екінші орынға қол жеткізді.
– Домбыра, қобыз жасаумен айналысып келе жатқаныма 14 жылдан асты, – дейді Балтабай Бекболұлы. – Жеке кәсіпкер ретінде тіркелгенмін. Домбыраның барлық түрін жасаймын. Әрине, бұл кәсіпті бірден меңгеріп кеткеніміз жоқ. Тәжірибе жоқтықтан опынған жағдайлар да болды. Әлі есімде... Музыкалық аспап жонуды жаңадан үйреніп жүрген кезімде бақандай елу домбыраны Алматыға апарып, үлкен бір концерттің кезінде сатпақшы болдым. Сонда тізіліп тұрған домбыраны көріп, бір кісі бері бұрылды. Әлгі кісі домбыраның бір-екеуін шертіп көріп: «Мұның не? Маңқа домбыраларыңды неменеге самсатып әкелгенсің?» деп теріс бұрылып кетіп қалды. Кейін білдім, бұл – Нұрғиса Тілендиев екен. Сөйтсем, домбыраның шанағынан пернелеріне қарай көз жібергенде, сызғышпен сызғандай түп-түзу болып тұруы тиіс екен. Сәл қисайса, үні бұзылатын көрінеді. Нұрғиса ағамның жасаған дүниемді жаратпай тастауы өмір бойы сабақ болды. Қазір тапсырыс көп. Тіпті, кейбір домбырамызды 1000 АҚШ долларына балап, сатып алып кетеді. Жалпы, өзім бала кезімнен ағаш жонуға құмар болдым. Ирек, қисық өсіп тұрған ағаштарды көрсем, көз алдыма талай бейнелер елестейтін. Қазақ осы ұлттық аспаптарымен бай емес пе? Бір жылдары қылқобыз дегенді ешкім қолға ұстамай, құрып бара жатыр еді. Қазір Аллаға шүкіршілік, ұлттық аспаптарға деген қамқорлық жақсы. Ауылдағы өнер мектебі талай жастың болашағына жарқын жол ашты. Үнемі байқап жүремін, оқушылар мейлінше өнер сабағынан қалмауға тырысады. Жас балалардың өнерге деген құлшынысы – өмірге деген қызығушылығы, ұмтылысы емес пе?
Иә, өнер – құдірет. Құдіретті бәрі мойындайды. Әр қазақтың шаңырағының төрінде домбыра тұруы керек дегенді ұран қып ұстаған халықпыз ғой. Яғни, қазақ аман тұрғанда ұлттық өнерді ұлықтап жүргендердің де жағдайлары жаман болмас. Дәуірбековтер жасаған ұлттық-сазды аспаптар (домбыра, қобыз, шертер, сылдырмақ, дауылпаз, сазсырнай және т.б.) еліміздің көптеген өңірлерінде кеңінен таралған және сұранысқа ие. Оларға Алтынбек Қоразбаев, Сәуле Жанпейісова сынды белгілі өнер иелері тапсырыс беріп, домбыра жасатқан. Жалпы, ұлттық-сазды аспаптар жасау ілуде бір адамға ғана қонатын дарын, қасиет. Сол қасиетті атадан бала мұра етіп жалғастырып, қазақ өнерінің шырақшыларына айналған бұл отбасына деген елдің құрметі ерекше.
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан».
Жамбыл облысы,
Сарысу ауданы.