Ашылу салтанатына мемлекет және қоғам қайраткері Оралбай Әбдікәрімов, қоғам қайраткері Жақсылық Түнғатаров, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ораз Тәуірбеков, медициналық қоғамдастық пен ғылыми ұйымдардың өкілдері қатысты. Қатысушылар алдында қазақ нейрохирургтер қауымдастығының президенті, «Ұлттық нейрохирургия орталығы» АҚ Басқарма Төрағасы, академик Серік Ақшолақов құттықтау сөз сөйледі. Ол өз сөзінде ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығы қарсаңында Конгресс өткізу ерекше символдық мәнге ие екенін, егемен елдің даму жылдарындағы отандық нейрохирургияның жетістіктерін атап өтті.
«Тәуелсіздіктің 35 жылы – бұл тек мемлекеттің ғана емес, сонымен бірге отандық нейрохирургияның қалыптасуы мен қарқынды даму тарихы. Осы уақыт ішінде сала мамандандырылған қызмет құру кезеңінен жоғары технологиялық медициналық көмекті енгізіп, халықаралық деңгейге шығуға дейінгі үлкен жолдан өтті. Осы жетістіктердің жарқын көрінісі – осыдан 18 жыл бұрын Астанада ашылған Ұлттық нейрохирургия орталығы. Бұл орталық тәуелсіз Қазақстанның жоғары технологиялық нейрохирургиялық көмекті дамытуға бағытталған маңызды жобаларының бірі ретінде құрылды. Бүгінде ол жоғары технологиялар, ғылым және клиникалық тәжірибе тоғысқан, білікті мамандар даярлайтын және әлемдік нейрохирургиялық қауымдастыққа кеңінен танылған жетекші медициналық мекемеге айналды.
Мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетілді. Денсаулық сақтау мен ғылым саласына салынған жүйелі инвестициялардың арқасында мұнда Орталық Азиядағы жалғыз «Гамма-пышақ» радиохирургиялық кешені іске қосылды. Бұл – әлемдік нейрохирургиядағы ең озық технологиялардың бірі. Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде отандық пациенттер үшін «Гамма-пышақпен» ем алу тегін жүзеге асырылады. Қондырғы жұмыс істей бастағаннан бері оның көмегімен 2500-ден астам науқасқа операция сәтті жасалды.
Ұлттық нейрохирургия орталығы медициналық туризмнің маңызды орталықтарының біріне айналдырды. Бүгінде орталыққа Қазақстанның түкпір-түкпірінен ғана емес, шетелдерден де пациенттер келіп, жоғары мамандандырылған көмек алуда.
Отандық нейрохирургия мектебінің қалыптасып, халықаралық деңгейде мойындалғанының тағы бір дәлелі – елімізде әр жылдары нейрохирургия саласындағы ең ірі халықаралық форумдардын өткізу. Нейрохирургтардың Х Азиялық конгресі, Нейрохирургиялық қоғамдардың Бүкіләлемдік Федерациясының (WFNS) білім беру курстары, Еуропалық нейрохирургиялық қоғамдар Федерациясының (EANS) білім беру курстары, сондай-ақ Уолтер Э. Денди атындағы Америкалық нейрохирургия қауымдастығының X Дүниежүзілік конгресі жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Конгресс – қауымдастықтың маңызды алаңы. Мұнда біз жетістіктерімізбен қатар, әлі де шешімін табуы тиіс мәселелерді ашық талқылаймыз. Күрделі клиникалық жағдайлармен тәжірибе алмасып, еліміздің әр өңіріндегі нейрохирургиялық қызметтің дамуын саралап, пікір бөлісеміз», деді С.Ақшолақов.
Форум жұмысына еліміздің барлық өңірлерінен 200-ге жуық делегат қатысты. Екі күн ішінде Конгреске қатысушылар заманауи нейрохирургияның ең өзекті мәселелеріне арналған 53-тен астам ғылыми баяндама жасады. Инновациялық нейрохирургиялық тәсілдер, жүйке жүйесінің ауруларын диагностикалау мен емдеуде жоғары технологияларды қолдану, күрделі тамырлы, онкологиялық патологияларды емдеу, ересектер мен балалардағы эпилепсия, сондай-ақ функционалды және балалар нейрохирургиясының жаңа бағыттары туралы жан-жақты сөз болды.
Ғылыми бағдарламаға пленарлық, секциялық отырыстар, кәсіби пікірталастар, шеберлік сабақтары, симуляциялық тренингтер, практикалық дәрістер кірді. Мамандар күрделі клиникалық жағдайларды жүргізу жөнінде тәжірибе алмасып, еліміздің нейрохирургиялық қызметін одан әрі дамыту келешегін талқылады. Конгресс аясында мамандарды қолдау мақсатында жас ғалымдар байқауы өтті, оның барысында резиденттер мен жас нейрохирург дәрігерлердің ауызша баяндамалары ұсынылды. Байқау қорытындысында академик Серік Ақшолақов сыйлығының екі жеңімпазы анықталды. Бұл марапат жыл сайын С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті мен Ұлттық нейрохирургия орталығының оқу, тәжірибелік және ғылыми қызметте ерекше жетістік көрсеткен екі резидентіне беріледі.
Форум барысында кәсіби қоғамдастықтың жетекші өкілдерінің еңбегі атап өтілді. Нейрохирургиялық қызметті дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін еліміздің түрлі өңірлерінен 18 нейрохирург марапатталды.
Тәуелсіздік жылдарында елімізде заманауи нейрохирургиялық қызмет, мамандандырылған орталықтар құрылды, диагностика мен емдеудің ондаған жоғары технологиялық әдістері енгізілді, жергілікті мамандар халықаралық деңгейде танылды. Бүгінде отандық нейрохирургтер әлемдік деңгейдегі күрделі операцияларды сәтті орындап, халықаралық ғылыми жобаларға қатысып, еліміздің атынан әлемнің жетекші кәсіби алаңдарында қабілет танытып жүр.
Жиынды қорытындылаған қатысушылар ғылыми ынтымақтастықты одан әрі дамыту, инновациялық технологияларды енгізуді кеңейту, мамандардың жаңа буынын даярлау қажеттігін атап өтті. Сарапшылардың пікірінше, мұндай іс-шаралар медициналық көмектің сапасын арттыруға, кәсіби байланыстарды нығайтуға, нейрохирургияны одан әрі дамытуға ықпал етеді.