30 Маусым, 2015

Жедел өркендеудің қозғаушы күші

207 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Б.БегалиевҚазақстан Респуб­ли­­ка­сының Президенті Н.Ә.Назарбаев «Нұр Отан» ха­­лықтық демо­­­к­ра­тиялық партиясының XVI съезінде 5 институт­тық реформаны ұсынды: қазіргі заманғы мем­ле­кеттік аппаратты қалып­тастыру, заң үстемдігін қам­тамасыз ету, индус­трияландыру және эко­но­микалық өсім, бола­шағы біртұтас ұлт, тран­с­парентті және есеп беру­ші мемлекет. Осы реформалар мен алға қойылған мақсаттарды жүзеге асыру үшін ел Президенті 100 нақты қадамды айқындап берді. Заңдарды мүлтіксіз сақтаған мемлекет қана өркен жайып, гүлдене бермек. Президенттік реформада басты бағыттардың бірі ретінде заң үстемдігіне  басымдылық беріліп отырғаны да сондықтан. Сот жүйесінің басты проблемаларының қатарында Мемлекет басшысы судьяларды іріктеудің олқылығын, томаға-тұйықтығын атады. «Бүгінде сот жүйесінің әлсіз буы­ны – судьялар корпусы арасындағы сыбайлас жемқорлық көріністеріне жиі-жиі соқтырып жататын судьяларды іріктеу, судьяларға қойылатын біліктілік талаптарының тиімсіздігі. Судьялар корпорациямен меңіреу тұмшаланбауы тиіс және қоғамдық сыннан тыс болмауы керек. Ашықтық – судьялар қатарындағы жемқорлықты емдейтін дәрі», деп атап көрсетті Президент. Сот саласында туындап отырған барлық мәселелерді шешудің нақты қадамы ретінде Президент азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігін жеңілдету үшін сот жүйесін оңтайландыруды ұсынып отыр. Ендігі жерде сот төрелігін атқарудың бес сатылы жүйесінен (бірінші, апелляциялық, кассациялық, қадағалау және қайтадан қадағалау) үш сатылы (бірінші, апелляциялық, кассациялық) жүйеге көшірілуі жүзеге аспақ. Бұл өте дұрыс бағыт. Тараптар бас-аяғы жоқ ұзақ соттаса бере алмайды. Әр іс созбалаңға салынбай нүкте қойылуы тиіс. Ең бастысы, қандай да болмасын сот актісі заңды және әділ болуы керек. Енді кассациялық сатыға келер болсақ, қазіргі кезде аталған өкілеттіліктерді Жоғарғы Соттың құзыретіне көшіру немесе жекелеген округтік кассациялық соттар құру жөнінде пікірталастар жүріп жатыр. Меніңше, округтік кассациялық соттардың құрылғаны жөн. Кезінде белгілі заңгер Нағашыбай Шайкенов окургтік сотттардың құрылуы сот сатыларының бір-бірінен тәуелсіз болуын айтқан болатын. Ой қисынына салып қарағанда, қазіргі кездегідей бір сот төрағасы басқаратын сотта екі сот сатысы болмауы керек. Окургтік кассациялық соттардың құрылуы заңнамаларды қолданудың бірыңғай тәжірибесін жасақтап, заң үстемдігінің орнығуына мүмкіндік берер еді. Кассациялық саты өкілеттіліктерінің Жоғарғы Сотқа берілуі сот билігінің ең жоғарғы тұрған органын кезекті сот сатысына айналдырады. Менің ойымша, Жоғарғы Сот сот тәжірибелерін жинақтап қорытып, нормативтік қаулылар шығарумен, ғылыми-консультативтік қызметтермен шұғылдануы тиіс. Жоғарғы Сотта тек қана нағыз тығырыққа тірелген кездерде – түрліше және қайшылықты сот тәжірибесіне килігіп қалғанда, болмаса қабылданған сот актісі адамдардың өмірі мен денсаулығына немесе елдің экономикасы мен қауіпсіздігіне ауыр да айықпас зардаптар әкелетін болған жағдайларда қаралуы тиіс. Судьялардың қатарына кездейсоқ және осынау жоғары лауазымға лайықты емес адамдардың да өтіп кетіп жататындығы жасырын емес. Мемлекет басшысы реформаны жүзеге асыру жолындағы қадамдардың бірі ретінде судьялық лауазымға кандидаттарды іріктеудің талаптары мен механизмдерін қатаңсытуды ұсынды. Сот процестеріне қатысқан жұмыс өтілінің міндетті нормасы 5 жыл болып белгіленді. Кәсіби дағдылары мен біліктіліктерін тексеру мақсатындағы мерзімдік сынақтардан өткізу жүйесі енгізіледі. Судьялыққа кандидаттар соттарда шәкіртақы төленетін жылдық тағылымдамадан өтеді. Осы тағылымдаманы аяқтағаннан кейін жылдық сынақ мерзімінен өтеді. Дей тұрғанмен, судьялықтан үміткер бір жылдық тағылымдамадан немесе бір жылдық сынақ мерзімінен өту барысында өзінің кәсіби судьялыққа лайықтылығын дәлелдей алмай қалған күннің өзінде бұл оның мұнан былайғы тағдырына теріс фактор ретінде әсер етпеуі тиіс. Судьялыққа жарамсыздық ол адамның нашар заңгер немесе мемлекеттік қызметші екендігін білдірмейді. Ол бұрынғы жұмыстарын ойдағыдай жалғастырып, болмаса басқа салаға жұмысқа орналаса алады. Меніңше, олардың сотта болған кездері мұндай жағдайда уақытша басқа жұмысқа ауысу немесе тағылымдамадан өту сипатында есепке алынғаны жөн. Сонымен қатар, сот өндірісіне қатысты бес жылдық жұмыс өтілі бар тұлғалардың санатына сот қызметкерлерімен қатар, құқық қорғау органдарының тергеу қызметкерлері, прокурорлар, адвокаттар да енгізілгені жөн. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы: «Шетелдік және отандық инвесторлар қазақстандық әділ соттың адалдығына сенімді болуы тиіс», деп атап көрсетті. Бұл тұрғыда Президент инвестициялық даулар бойынша дербес сот өндірісін құруды ұсынды. Жоғарғы Сотта ірі инвесторлардың қатысуымен дауларды қарайтын ивестициялық алқа ұйымдастырылады. Заң үстемдігі бизнесті қорғап, кәсіпкерлік қызметке жағдай туғызу үшін қажет. Тұрақтылық ахуалы орнаған құқықтық мемлекет қана инвестициялар үшін қолайлы бола алады. Президентіміздің «100 нақты қадам» бағдарламасының жүзеге асырылуы бізді басты мақсатқа – экономикасы дамыған және жалпыға бірдей еңбек қоғамының мүмкіндіктерін іске қосқан қуатты мемлекет негізінде өркендеген қоғам құруға жетелейді. Мемлекет басшысы қысқа мерзім ішінде еліміздің әлемдік кеңістікте қалыптасуы мен нығаюына зор мүмкіндіктер жасады. Соны пайдаланып, алда тұрған ұшан-теңіз істерді еңсеруге бір кісідей жұмыла білейік демекпіз. Бақытбек БЕГАЛИЕВ, Батыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы, заң ғылымдарының кандидаты, доцент. ОРАЛ.