Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, сатира-юмор жанрында бірқатар белестерді бағындырған, “Сөз сойылдың” Балғабек Қыдырбекұлы атындағы сыйлығының тұңғыш иегері Ермахан Шайхыұлының “Астана полиграфия” баспасынан “Мынауың жынды екен” атты әзіл-оспақ кітабы жарық көрген екен, әріптеске жазар көбейсін дей отырып, бір топ эпиграммаларын ұсынып отырмыз.
ЭПИГРАММАЛАР
Асанәлі ӘШІМОВКЕ
Актерлердің алыбы,
Беретін көп тәлімі.
Қай жағынан алсаң да,
Айта алмайсың “жалобы”.
Айтылды оған сын да өріп,
Қалмаңыздар шын көріп.
Сахнаның сыртында
Жазып жүр ол күнделік.
Көрсетпейді кісілік,
Бойында бар кішілік.
Аймановтан үлгі алып,
Кетті кино түсіріп.
Уәж айтудан қашалық,
Сөзге әзіл қосалық.
Жота асса да Асекең,
Жеңгей барад жасарып.
“Бекежан” тапты “Жібегін”,
“Жібек” тапты тірегін.
Өнер менен өмірде
Құдай берсін тілегін.
Мұхтар МАҒАУИНГЕ
Атым менің “Мен” дейді,
Затым менің “Мен” дейді.
“Соңғы жазған шығармам,
Құй сен, сенбе “Мен” дейді.
Шақырсаңыз келмейді,
Жел сөзіңе ермейді.
Газет пенен журналға,
Сыр-сұхбатын бермейді.
Өсек-аяң термейді,
Дерек іздеп терлейді.
“Қытығына” тисеңіз,
Ханға сәлем бермейді.
“Айтысқандар” жеңбейді,
Жөн сөзіңе көнбейді.
Өзі жазып шықпаса,
Тарихыңа сенбейді.
“Бес ғасырды” толғады,
Тіл мен ділді қорғады.
Білейікші қадірін,
Алтынның бар қолдағы.
Мұхтар ШАХАНОВҚА
Өз пырағын баптап алған Шаханов,
Өз жыр-әнін жаттап алған Шаханов.
Желтоқсанның ызғарынан қаймықпай,
Қазақ жұртын ақтап алған Шаханов.
Өзге елді елсінбеген Шаханов,
Өзге жерді жерсінбеген Шаханов.
Ел тағдыры шешілгелі тұрғанда,
Білек түріп айқасқан да Шаханов.
Тіл дауында атып тұрған Шаханов,
Діл жауын да атып ұрған Шаханов.
Қасиетті қара өлеңін қазақтың,
Біле білсек, жақұт қылған – Шаханов.
Бақташымен танысқан да Шаханов,
Жақтасымен табысқан да Шаханов.
Шыңғысханды ар сотына берем деп,
Ғалымдармен алысқан да Шаханов.
Көрген емес ешбір жерде мат алып,
Сөзінде оның болған емес қаталық.
Ақырзаман қалса да егер тақалып,
Алған беттен қайтпайды ғой Шаханов.
Құдайберген СҰЛТАНБАЕВҚА
“Тамашаның” тарланы,
Сатираның арланы.
Сахнада басты рөл,
Ойнау – оның арманы.
Шеберлігі жоғары,
Кемшілігі жоқ әлі.
Басты рөлді бермесе,
Режиссерге “обалы”.
“Комик” дейді бар кісі,
“Трагик” дейді жартысы.
Әртістерден депутат,
Депутаттың әртісі.
Таудан биік талабы,
Өнері мың салалы.
Бес жыл бойғы арманы –
Театр ашса, жарады.
Нұртөре ЖҮСІПКЕ
Қаламсап қыннан суырған,
Нұрымен Алла жуынған.
Нұртөре біздің о баста
Редактор болып туылған.
Газетті талай басқарды,
Алып жүр талай асқарды.
Ұстаздық етіп ҚазМУ-де
Тәрбиеледі жастарды.
Азамат болу – мәртебе,
Қажы да болу – мәртебе.
Редакторлығы бір төбе,
Аман да болсын Нұртөре!
Нұрлан ӨНЕРБАЕВҚА
Шырақ десең, шырақ бұл,
Бұлақ десең, бұлақ бұл.
Оған әлі ғашық боп,
Талай қыздар “құлап” жүр.
Тұлға десең, тұлға бар,
Сұлба десең, сұлба бар.
Мұндай дарын, серілік,
Айтшы қандай ұлда бар?
Мінді өнердің пырағын,
Жақты өнердің шырағын.
Ұстап отыр бұл күнде,
Мәдениеттің “құлағын”.
Бәрі де бар, бәрі бар,
“Ай да, Күн де” табылар.
Қыздар ғашық болмаңдар,
Өйткені оның жары бар.
Алтынбек ҚОРАЗБАЕВҚА
Сағындырған жиырма бес,
Сағым қуған жиырма бес.
Күн-түн қатып қыздарды
Жалындырған жиырма бес.
Жырдың аты – “Жиырма бес”,
Сырдың аты – жиырма бес.
Өнеріңді бағалап,
Қойдық саған жиырма “5”.
Нұрлан ОРАЗАЛИНГЕ
Келіс, мейлі, келіспе,
Жөн де, мейлі теріс де,
Жасамайды қиянат,
Жүрген ол бір періште.
Қонған басқа бағы бар,
Әдеті жоқ жағынар,
Тас атқанға ас атар,
Қасиеті тағы бар.
Ұраны оның – кеңшілік,
Сөзбен жасар емшілік.
Жіберер ме ед шетелге,
Ағамызды елші ғып.
Өлең – бастау бұлағы,
Драма – жаққан шырағы.
Одақ түгіл, Үкіметке
Кеңес беріп тұрады.
Мэлстің МОНОЛОГЫ
(Мэлс Елеусізовке)
Жапырақ жүрек жас қайың,
Айтудан сыр қашпайын.
Құлақ түрсең адамша,
“Табиғат” жырын бастайын.
Тыңдайсың ба, жас қайың?
Қорған боп тұрмын сен үшін,
Қоғам да құрдым сен үшін.
Айлығым мен байлығым,
Шайлығым да сенбісің.
“Налыма, – дейсің, – күліп кел”,
Орманды кесіп құнықты ел.
Өзім емес, сен үшін,
Президенттіктен болдым үміткер.
Байқамай бәлкім қалдың ба,
Көтердім жүгін нардың да.
“Крыша” болар бір саған,
Елеусізов бар мұнда!
Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ. АЛМАТЫ.
МӘНІ МАЙЫСҚАН МӘТЕЛДЕР
Мас түсінде мыстанды көреді,
Мысық түсінде тышқанды көреді.
***
Қылмыскердің түсіне “қызыл жаға” кіреді,
Кедейдің түсіне қымбат баға кіреді...
***
Коммунизм – бүкіл елді электрлендіру,
Капитализм – коррупционерлерді “қоректендіру...”
Қазыбек ӘШІРБЕКҰЛЫ. ҚЫЗЫЛОРДА.
ТІКЕНЕК СӨЗ
Таспен ұрғанды бакспен ұр.
***
Ең жақсы адам – өлген адам.
***
Айдағаны “Москвич”, сигналы жер жарады.
***
Бастықтың аузы жесе де май, жемесе де май.
Марат КӨПТІЛЕУОВ, Қызылорда облысы.
БӨЛІНУ
Біреу қырықпышақ боп
Елге бөлінеді,
Біреу тым-тырақай боп
Жерге бөлінеді,
Бір топас қоқиланып,
Жұртқа бөлінеді.
Бей-берекетсіз бөліну деген –
Біреуге мұраттай көрінеді.
Сөйтіп, ел ішінде де береке кетті.
Өзге жұртқа бірлігі жоқ,
Бөлшектей боп көріндік.
“Бөлінгенді бөрі жейді”,
Болмақпыз ба бір күндік?!
СУАЙТ БАЛА
– Басыңа көк тас әкеп қойдырамын,
Суретіңді мәрмәрге ойдырамын,
Дұшпан көздің бәрін де жіпке тізіп,
Тап жауындай біржола жойдырамын.
Алды-артыңды түгелдеп тас қыламын,
Ойларыңды жүзеге асырамын,
Кеселіңді тәуіпке емдетемін,
Бар малыңды қалайда төлдетемін.
Шаруаны оңдаймын қағып-сілкіп,
Үйдің іші-сыртын да жөндетемін! –
Деп баласы аузымен қарық қылды.
Алдап-сулап үй ішін жарық қылды,
Пенсияны алды да, ішіп қойып,
Соңғы үмітін әкенің тәрік қылды.
Оңалбек КЕНЖЕБЕК, АЛМАТЫ.
МҰНАРЛЫ МҰНАРА
Есімі ел-жұртқа белгілі болмаса да дәулет жағынан дөйдің бірегейі, мансабы жоғарыда, қазіргі халық қалаулысы ретінде мінберден анда-санда бар екенін білдіріп бірдеңке деп қоятын Қоңкай көкеммен сұхбаттасып отырмын.
– Көке , – дедім үремкесін жаңалап жатып,– бір кездері араққа барынша бауыр басып едіңіз...
– Ойбай-ау, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары осымен осылып өттім емес пе! Айналайын арақ, түп атасы спирт қой қойымды қоздатып, төлімді төрге оздырған... Пай-пай сол заман-ай! Бір бөтелке таза спирттен бақандай бес шиша арақ шығушы еді... Несін айтайын, соны кәсіп еттім, арақ арқалап ауыл аймақты шиырладым. Ойпыр-ай, не нәрсенің де қат кезі, екі-үш шиша араққа қойын айырбастағандар да болды. Жиын-терім кезінде бір бөтелкең бір мөшек кәртөшкіні алып ұратын ... — деп көкем сол бір кезін кезіп арқа-жарқа болды.
– Қазіргі “мұнарлы мұнараңыздың” жайын да айта отырыңыз.
– Шынымды айтсам, бұл бір ойда жоқ тірлік болды, – деп алды да ағыл-тегіл ағытылды. – Қала шетіндегі осы бір қараусыз қалған мұнара түбінде көлік күтіп тұрғанмын. Бір бейбақ келіп: “Мен қазір мына мұнара үстіне шығамын. Ал сен әзірше мына ақшаны ал да, мына мекен-жайға: “Мұнараның ұшар басында адам тұр, ол аз уақытта мұнара басынан құлап өлмекші деп хабарла”, дегені. Бергені қомақты, нем кетіп барады, айтқан мекен-жайға хабарласып едім, сәлден кейін асай-мүсейін арқалап екі-үш телеарна, артынан милиция, сатысын сүйретіп өрт сөндіруші, жедел жәрдем дейсің бе, лезде қарақұрым жұрт топырлап-ақ қалғаны.
Сөйтсем, әлгім жұпыны киінген, сақал мұртты жіберген – елімізге аты шулы оппозициядағы ағамыз екен... Ойпыр-ай, төбеде тапжылмай түске дейін отырды-ау!
Теледидар түсіріп, шетелдікі де араласқан ба... Не керек, милиция айнала қоршап, алқын-жұлқын жеткен әлдебіреу мұнара басындағы көкеммен тілдесіп жатып ақыры түс ауа түсіріп алды...
Көкем аяғы жерге түскен бойда мені құшақтаған болып: “Жарадың! Хабарласып тұр”, деп қалтама қолын сүңгіткендей болды... Шеткері шығып қарасам, телефон нөмірі мен қомақты сый-сияпат салыпты.
Содан кешкілік телеарна атаулы әлгі “мұнара” оқиғасын одыраңдатсын келіп... Көкемнің мені құшақтаған сәті сәтті түсіріліпті.
Содан ел-жұртым хабарлассын келіп... Екі-үш газет, тағы сондай телерадио келіп менен сұхбат алсын кеп... Көкемнің бергенінен басқасын бүкпесіз айтып бердім.
Содан бір күні әлгі көкем хабарласып: “Өткендегі жерде боласың ба, басқалар барады, беретінін алып қызмет қылсаң”, дейді... Ойланбастан орнымда болдым.
Бұл жолғым қомақты болып, ойда жоқта ойға берілмесім бар ма... Он ойланып, жүз толғанып, әлгі көкемнен ақыл-кеңес алған болып, не керек, әлгі мұнараны қақ ортасына алып, сол төңіректі жекешелендіріп алдым... Ісім ілгері жылжысын келіп...
Бітіретінім – тапсырыс алу, тілегін тап-тұйнақтай ету. Сөйтіп, мұнарам “мұнайлы” болып бизнесім асып-төгілсін келіп...
Қыза-қыза келіп мұнарамның төбесіне өзім де шығып көкейімдегіні көл-көсір көсілтіп, әсіресе, осы тірлігімді көре алмаушыларды тықсыртып та алдым.
Аз күнде мұнарам мұнартып, төбесіне шықпаса да ел-жұртым төңірегіне топталып алып өкіметке наразылығын паш етіп жатады... Менің міндетім баяғы... бір күндік олжам айыма алаңдамауыма жетеді.
Жекеменшігім емес пе, айлар өте алаңымды кеңейтіп, мұнара баспалдағын оңдап, түп астына қабырға тұрғызып офис те жасап алдым...
Қарауылым бар, екі-үш көмекшім бар, өзім тек болар іспен келісім-шартқа ғана барамын.
Не керек, барым да, бағым да мұнара болып, соның арқасында қазіргі жеткен жерімді білесің, – деп кідіргенінде:
– Алдыдағы арман-мақсатыңыз? – деп соңғы қарабайыр сұрағымды қойып едім:
– Бұрынғы мұнара ескілеу де ергежейлілеу. Амандық болса сол мұнараның жетілген түрін тұрғызбақпын. Асты офис, сәл жоғарыда “Баспасөз орталығы” орналасып, төңірегіне ғимарат тұрғызып жекеменшік медиа холдинг құрмақпын. Соған өзің басшы болып келсең қайтеді? – деді.
Кенже ЕРКІН. Алматы облысы.