03 Наурыз, 2015

Еділден Эльбаға дейін

348 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
УОС-ЦВжеткен қазақ жауынгері Жұмағали КҮДЕСОВ туралы бірер сөз Жеңіс жылы туған бала да 70-ке келді. Ұрпақ алмасты. Дегенмен, соғыстың сызы, аға ұрпақ көрген азап, төгілген қан елдің есінен шықпайды. Майдан даласында бір-бір төмпешік болып қалған боздақтар, толарсақтан қан кешкен әкелердің сарғайған суреттері ауыр жылдардың елесіндей көрінеді. Ерлікке деген тағзым кеше мен бүгіннің, ұрпақтар арасын жалғап тұрған қасиетті тін секілді. Әулиекөл ауданындағы Дәңгірбай ауылында тұратын Мақсұт Күдесов үйінің төріне жиектемеге салған екі Алғыс хат іліп қойған. Әйнектің ар жағындағы сарғайған қағаз – осы үйдің қымбат дүниесі, келген кісінің оны қызықтап қарамайтыны кемде-кем. согыс2Бұл Мақсұттың әкесі Жұма­ғали Күдесовтің соғыстан өзімен ала келген Алғыс хаттары болатын. Оның бірінде «От Волги до Эльбы – победный боевой путь нашего корпуса» деген ірі жазу және Сталиннің суреті, бұйрығы бар. Екіншісі Жұмағали Күдесовке 2-ші Беларусь майданының қолбасшысы, Кеңестер Одағының маршалы К.К. Рокоссовскийдің қол қойған алғыс хаты болатын. Бұл екеуінде де «Гв. сержанты Күдесов Жұмағалиға» деген жазу бар. – Әкем майдандағы ерлік істері үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен, «Сталинградты қор­ғағаны үшін», үш «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін», ал тың игеру кезінде «Ерен еңбегі үшін», «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін», «Еңбек ардагері», тағы басқа да біраз медальдармен марапатталса да, оларды тағып суретке түс­пепті. Орден-медальдарын тағып та жүрмейтін. Қарапайым, қайырымды кісі болатын. Ал ол кісінің соғыстағы көрген қиыншылықтары мен ерлігін медальдарынсыз-ақ жарақаты-ақ айтып тұратын, – дейді ұлы Мақсұт. Жұмағали Күдесовті тек соғыс ғана емес, балалық шағын кермек еткен аштық пен қуғын-сүргін-ақ қатайтып жіберген екен. Ол туып-өскен Жақсылық ауылы Қазанбасы орманының қойнауында, тал-қайыңы сыңсыған табиғаттың ортасы болатын. Сол жерде 1914 жылы дүниеге келеді, мектептен білім алады. Бұғанасы қатпаған бала еңбекке араласады. 30-шы жылдардың аласапыраны келіп, кәмпескелеу, ұжымдастыру бас­талады да, ауылдастары күн көріп отырған бірер малынан айырылып үлкен күйзеліске ұшырайды, елде жаппай аштық басталыпты. Қазіргі Дәңгірбай, Жақсылық ауылдарының ірге­сін­дегі төмпешіктер аштықта өлген адамдардың молалары екенін ақсақалдар айтып отыратын. Осы кезде көзі ашық ауыл азаматтары бұл күйзелістен жұртты алып шығудың жолын іздейді. Төлебай Жүсіпұлы, Файзолла Ахметұлы деген ауылдас ағалары қазақтар «іш» деп атайтын Ресей жаққа жол тартады. Еті тірі азаматтар Уфа төңірегіндегі Белорецк қаласында орналасқан металлургия комбинатына жұмысқа кіреді. Сауаты бар Файзолла зауыттың кадрлар бөлімін басқарады. 1932 жылы ағаларының шақыруымен 18-ге жасы жаңа толған Жұмағали да осы қалаға келеді. Бастапқыда темірді жаншып қақтау цехына қара жұмысқа орналасқан ол өзінің ілкімділігінің арқасында сол цехтың шебері болады. «Осы үш азаматтың көмегімен елдегі күйзеліп отырған қырық отбасы Белорецкіге көшіп барып, аштықтан аман қалды», дейді Жақсылық ауылының тумасы Әбдіғали Райысов қария. 1941 жылдың желтоқсан айында Белорецк аудандық әскери комиссариаты Жұмағали Күдесовті шақырып, майданға аттандырады. «Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» деген ғой, жаяу әскер қатарындағы жауынгер, гвардия сержанты Жұмағали Күдесов от-жалын ортасында жүріп, сонау Шығыс Еуропа елдерін де жау басқыншыларынан азат етуге қатысты. Соғыс қандай әскер құрамына да жеңіл тиген жоқ, бірақ майдандастар жаяу әскердің көрген азабын жыр етіп айтып отыратын. Жаяу әскер құрамында болған Жұмағали да талай күн аш-жалаңаш болды, қыста қар жамылып, күздің суық жаңбырында қалды. 2-ші Беларусь майданында Жұмекең Еділ өзенінен Эльба өзеніне жаяу жетіп, Ұлы Жеңісті Берлин қаласында қарсы алған қазақтың бірі болатын. Негізі Жұмағали ағамыз әңгімешіл кісі болатын, бірақ майдандағы күндерін шешіліп айта бермейтін. «Адам шығыны көп болды» дейтін. Азапты, қанды күндерді еске алу өзіне ауыр тиетінін байқайтын едім. Тек бір рет ғана 1945 жылдың 16 сәуірінде Еуропадағы үлкен өзендердің бірі – Одерден өту кезінде суық суда бірнеше тәулік тұрғандарын және бұл шайқаста көп адамдардың мерт болғанын айтып отырғанын естігенім бар еді. Оның қинала айтқан осы бір әңгімесінің өзінен сұрапыл соғыстағы Жеңістің бізге қаншалықты қымбатқа түскенін көзге елестетеміз. Берлин үшін шайқас та оңайға түспепті. Ол талай рет ауыр жарақаттанып, әскери госпитальдарда да жатыпты. Оның оң жақ шекесінде жанап өткен оқтың орны болатын. 1945 жылдың күзінде Жұмекең аман-сау елге оралды. Келісімен бас көтерер азаматтары жоқ ауы­лын көтеруге кірісті. Аудан басшылары Жұмекеңді алты-жеті елді мекендерді қамтитын Қоскөл ауылдық кеңесінің төрағасы қызметіне ұсынды. Осы бір-бірінен шалғай жатқан елді мекендерді, майдангер бір ат жегілетін қос доңғалақты тарантаспен аралап кететін. Көліксіз ешқайда шыға алмай отырған жұрттың мұқтажын ол сол жерде шешіп, қолдан келген көмегін жасайтын. Кем-кетік, отағасы соғыстан оралмаған отбасыларына деген ықыласы ерекше болатын. Жұмекеңнің еңбекқорлығы, адамгершілігі мен қамқорлығы көп ұзамай аудан басшыларына да жетті. Оны Жақсылық кеңшарының төрағасы етіп сайлады. Сәл кейінірек облыстық партия комитеті оны шаруасы шатқаяқтап тұрған «Жақсылық», «Дәңгірбай» және «Бесағаш» кеңшарларынан құрылған жаңа «Куйбышев» кеңшарына басшылыққа ұсынды. Кеңшардың орталығы қай ауыл болады деген мәселе көтеріледі. Бұл елді мекендердің барлығы да ну қарағайлы орманның іргесінде орналасқан, олардағы тұрғындар саны да тең қатарлас еді. Бесағаш ауылының ауыз суы нашарлау, бірақ онда ағаштан борап салған астық сақтайтын шағын қойма болыпты. Аудан басшысының осы Бесағашқа бүйірі бұрып тұрғанын сезген Дәңгірбай ауылының жігіттері жаңағы қойманы бір түнде бұзып, Дәңгірбай ауылына орнатып қойыпты. Ескінің көзіндей осы қойма ауылда осы күнге дейін тұр. Жас келсе іске дегендей, Жұмекең бұл қызметте өзін жақсы ұйымдастырушы, білгір шаруа адамы екенін көрсете білді. Кадр мәселесіне үлкен мән берді, жастарды механизаторлар, фельдшерлер, басқа да ауылшаруашылық мамандары курстарына жіберді. Кешегі өгізбен жер жыртып жүрген колхозшылар, бүгіндері ХТЗ, НАТИ деген сияқты тракторларға, «Сталинец» атты комбайндарға мінді. Орманбек Шақкөзов, оның інісі Сақтаған, Қабеш Жұмабеков, Мұхамбетжан Есмағамбетов, Сартай Мұратов, Әубәкір Ахметов, Зағипа Мырзағалиева, Жанғаным Жұмағалиева, Айғаным Бисекеева секілді қыз-келіншектерден көп салалы механизатор мамандығын, трактор, комбайн сияқты күрделі техниканы жетік меңгерді. Колхоздың жалпы шаруашылығы жақсарып, ел бір желпініп қалды. Ауылда шымнан салынған жаңа үйлер сап түзеді. Шымнан дейтінім, ол кезде құрылыс материалдары жоқтың қасы, жұрт үмелеп жердің қыртысын ойып алып, содан үйдің қабырғасын тұрғызатын. Қазанбасының қатты шымынан ел азаматтары бір күнде бір үйдің қабырғасын көтеріп, төбесін қамыспен жауып тастайтын. Сырт көрінісі тартымды болмаса да, бұл үйлер қыста жылы, жазда салқын, талай қуаныштың ошағы болды десейші. ВОВ-70-1 Жүкең қонақжай кісі еді. Ағамыз өнер адамдарын, ақын, жазушыларды ерекше сыйлайтын. Қазанбасы кеңшарының демалыс үйіне келген атақты адамдарды үйіне қонақ етіп, олармен әңгіме-дүкен құратын. Жүкеңнің үйінен ақын Ғафу Қайырбеков, әнші Роза Бағланова, сан қырлы талант иесі Бәкір Тәжібаев және басқа да елімізге танымал адамдар дәм татып, ағаның әңгімесін тыңдағанының куәсі болғаным бар. Бәкір Тәжібаев Қанапия Басықараұлы жайында көптеген материалдарды Жүкеңнің аузынан жазып алған еді. Жүкең адамдарды ұлтқа, руға бөлмейтін, қайырымдылығынан, достыққа адалдығынан аппақ жүрегі көрініп тұрғандай болатын. Назиға жеңгеміз екеуі ұзақ жыл тату-тәтті өмір сүрді. Көп күттірген тұңғышы Мақсұт та дүниеге келді. Оған Жүкеңмен бірге бүкіл туыс, ел болып қуанды. Бүгіндері бұл жұптан 7 бала, 21 немере, 3 шөбере тараған. Олар жақсы әкенің атына кір келтірген емес. Еділден Эльбаға жаяу жеткен жауынгер Жұмағали Күдесов 1982 жылы қайтыс болды. Жақсының аты көзі кеткен соң да ұмытылмайды. Онымен қызметтес, ауылдас болған, көзін көрген замандастары әлі күнге дейін жылы лебізбен еске алады. Көрші Лаврентьев ауылында шаруа қожалығын ұстайтын бір неміс жігітінің егініне Жақсылық ауылының жылқысы түсіпті. Әлгі жігіт жылқыларды қамап қояды. Малды іздеп барғандар Жақсылық ауылынан екенін білгенде, әлгі жігіт: «Жұмағали ағайдың ауылынан екенсіңдер, сол кісінің аруағын сыйлап, жылқыларыңды босатып тұрмын, енді байқаңдар, ие болыңдар», деген екен. Жұмағали қайтқаннан кейін көрші «Организатор» шаруашылығын көп жыл басқарған Роман Понамарев Жақсылыққа келіп қалады. Ол жеңгеміз Назиғаның есік алдында картоп қазып жатқанын көріп, қолындағы күректі алып қойған екен. «Жұмағалидың көзі кетсе де мен бармын. Саған картоп қаздырмаймын, ертең үйдегі картопты беріп жіберемін», депті. Айтқанындай, ертеңіне картобы, басқа өнімі бар, машинаға артып жіберіпті. Міне, Жеңісті жақындатқан Жұмағали Күдесов ағамыз осындай еді. Жақсының ерлік ісі де, ізі де өшпейді. Ғалихан МӘУЛЕТОВ. ҚОСТАНАЙ.