03 Наурыз, 2015

Жаңа құрылым жаңаша жұмыс істейді

367 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін
Ахметжанов. С.К.Елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске қашанда баса маңыз беріліп келеді. Бұл тұрғыда, әсіресе, мемлекеттік қызмет сапасына айрықша назар аударылуда. Себебі, елге қызмет ететін мемлекеттік қызметшілердің қызмет көрсету сапасы мен жұмысында мін бол­мауы қажет. Осы орайда олардың жұмысын оңтайландыру мақсатымен Президент Жарлығымен Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі құрылды. Ол Елбасына тікелей бағынатын және есеп беретін, мемлекеттік қызмет саласында басшылықты, мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау мен бақылауды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шектерде сыбайлас жемқорлық қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу, оларды анықтау, жолын кесу, ашу мен тергеу бойынша салааралық үйлестіруді әрі өзге де арнайы атқарушы және рұқсат беруші функцияларды жүзеге асыратын мемлекеттік орган болып табылады. Осы орайда біз мемлекеттік басқару жүйесіндегі реформаларға сәйкес құрылған жаңа Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәні мен бағытына және бастап жатқан жаңа жұмыстары туралы кеңірек білу үшін агенттік төрағасының орынбасары Саян АХМЕТЖАНОВҚА жолықтық. – Саян Қылышұлы, әңгімемізді мемлекеттік қызмет пен сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл мәсе­ле­лерін біріктірген мемлекеттік орган жұ­мы­сындағы негізгі нысанына тоқталсақ. – Иә, бұл агенттік жұмысының жаңа нысаны ретінде мемлекеттік органдар мен ұйымдар қызметіндегі сыбайлас жемқорлық дәрежелерін талдау және анықтауды атауға болады. Талдаудың бағыттары мемлекеттік органдар қызметінің ерекшеліктеріне қарай анықталып отырады. Оның ішінде салалық заңнамалар мен талдау жасалатын мемлекеттік органның ұйымдастыру-басқарушылық қызметіне талдау жасалады. Әсіресе, мемлекеттік қызметтер көрсету сапасына, бақылау функцияларын жүзеге асыруға, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру, кадрлар бойынша қабылданған шешімдер, қызметтік этика нормаларын сақтау мәселелеріне ерекше көңіл бөлінеді. Осылайша мемлекеттік орган басшылығы жұмыстың тиімділігі үшін сыбайлас жемқорлық көздерін тауып, оны жоюды жүзеге асыруы және немқұрайлылық танытпау шаралары ерекше ескерілетін болады. Бұл ретте, талдау және анықтау шараларының негізгі мақсаты – сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу болып табылатынын атап өту қажет. – Бұл шаралардың нәтижесі – сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар санының төмендеуімен бағаланады емес пе? – Әрине, сыбайлас жемқорлық мүм­кіндіктерін анықтауда бірыңғай бағытты қамтамасыз ету мақсатында агенттік тарапынан тиісті әдістемелік ұсынымдар әзірленді. Онда сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтауға арналған жалпы ережелер, ұйымдастыру тәртібі, өлшемдер, ақпараттар тізбесі, сондай-ақ, анықтау нәтижесі бойынша қабылданатын шаралар белгіленді. Бұл шаралардың алғашқы қадамы ретінде Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі қызметіндегі сыбайлас жемқорлық көріністерін анықтау ісі басталды. Осы бағыттағы жемқорлықты анықтау шаралары жоспарлы түрде барлық мемлекеттік орталық және жергілікті атқарушы органдарда жүзеге асырылатын болады. – Агенттік жұмысындағы жаңа бағыт­тардың тағы бірі ретінде – сыбайлас жемқорлыққа қарсы білім беру, сауат­тандыру және жұртшылықпен өзара іс-қимыл жасау бағытын атауға бола­ды екен. Әрбір азамат мемлекеттік көрсе­ті­летін қызмет аясында құжат немесе та­ғы басқа деректерді әзірлегені үшін па­ра сұ­ралған жағдайда қандай әрекет жа­сау ке­ректігін білуі қажет қой. Бұған не дейсіз? – Елбасының «Дәстүр мен мәдениет – ұлттың генетикалық коды» деген сөзі бар. Осы тұста сыбайлас жемқорлықтың қазақ халқының түпкі мәдениетіне жат дүние болғандығын атағым келеді. Жалпы, бұл түсінік Қазақ елі үшін санғасырлық тарихи өзгерістермен, тоталитарлық жүйемен бірге енді. Ұлтымыздың өзіне тән санасын ояту мақсатына жету үшін, біз мемлекеттік емес ұйымдармен, кәсіпкерлермен, оқу орындарымен, мемлекеттік органдармен, тіпті діни, ұлттық және мәдени бірлестіктермен серіктесіп, бір-біріміздің мүмкіндіктерімізді пайдаланатын боламыз. Халықтың құқықтық хабардарлығын арттыру, оның ішінде сыбайлас жемқорлықтан сақтану жолы туралы жұртшылықты сауаттандыру шаралары қолға алынды. Сіз дұрыс айттыңыз, әрбір азамат мемлекеттік көрсетілетін қызмет аясында құжат немесе тағы басқа деректерді әзірлегені үшін пара сұралған жағдайда қандай әрекет жасау керектігін білуі қажет. Себебі, өз құқықтарын білмейтін адам бірінші кезекте таныс-тамырларын іздей бастайтыны белгілі. Осыған байланыс­ты, агенттік тарапынан мектепке дейінгі, бастапқы, орта және орта кәсіби, жоғары білім деңгейлеріне және мақсатты топтар – мемлекеттік қызметшілер, ҮЕҰ, БАҚ, бизнес-құрылымдар мен халыққа арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы сауаттандыру және білім беру бағдарламаларын әзірлеу басталды. Жұртшылықтың хабардар болуын қамтамасыз ете отырып, балабақшадан бастап құқықтық сауатты қоғамды қалып­тастыру шараларын жүргіземіз. Ал сауаттандыру жұртшылықтың барлық топтарымен жүргізіледі. Бірін­шісі, яғни білім беру мен сауаттандыру жүйесі туралы айтар болсақ, арнайы оқу бағдарламаларын енгізуде Білім және ғылым министрлігінің әлеуеті мен қолдауына сүйенетінбіз. Екіншіден, бұқа­ралық ақпарат құралдары арқылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдарды насихаттау. Журналистер, зиялы қауым арқылы, деректі фильмдер, интернет пен әлеуметтік желілер сияқты басқа да жолдармен халықтың Қазақстандағы сыбайлас жемқорлыққа немқұрайлығын, қалыптасқан келеңсіз ой-санасын өзгерту жұмысын қолға алдық. Біз сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға барша қазақстандықтардың белсенді қатысқанын, жаппай қолдауын күтеміз. Себебі, тығырыққа тірейтін сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте қоғам болып кіріскен жағдайда ғана нәтижеге жетеміз. –  Осы орайда, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағытындағы жұмыс­тарды жандандыруда Елбасының Жар­лығымен бекітілген Қазақстан Респуб­ликасының 2015-2025 жылдарға арнал­ған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы туралы айта кетсеңіз? – Иә, Елбасының Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы жұмы­сымызға ерекше серпіліс береді. Онда сыбайлас жемқорлықтың алдын алу маңыздылығына баса назар аударыл­ған. Бұл шараларды жүзеге асыратын жаңадан құрылған агенттіктің орталық аппаратының құрылымы бар-жоғы 3 департаменттен тұратын шағын әрі ұтымды етіп жасақталды. Қызметшілеріміз қатаң іріктеу елегінен өткен үздік мамандардан тұрады. Олардың қатарында кәсіби қызметке барынша ынталанған, елдегі алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындары мен шетелдерде білім алған, яғни болашағынан үміт күттіретін жастар басым. Жалпы, агенттік өз өкілеттігін кеңейтіп құрылған сәтінен бастап мемлекеттік қызмет саласындағы бірыңғай саясат­ты жүзеге асыру жұмыстарын жалғас­тыруда. Мемлекет басшысының саяси күш-жігерінің арқасында мемлекеттік қызмет­ті реформалауда Қазақстанда халық­аралық сарапшылар мойындаған әлем­дегі үлгілі стандарттарға сай келетін мемле­кеттік қызметтің моделі қалыптасты. Мем­­лекеттік қызмет саласын жаңғыртуға бағыт­­талған осы шаралардың барлығы жар­қын болашағымыздың бағдары «Қазақ­­стан-2050» Стратегиясында көрсетіл­ген «халыққа және мемлекетке қызмет ету­ді барлығынан жоғары қоя­тын» кәсіби мем­ле­кеттік аппаратты қалып­тас­тыруға өз сеп­тігін тигізетіні сөзсіз. Мемлекеттік қызметкерлерін іріктеу және жоғарылату кезінде меритократия қағидасын күшейту, олардың қызметін бағалау және біліктілігін арттыру, әдістерін жетілдіру, персоналды басқару институттарын нығайту – осы қызметтің негізгі басымдықтары болып табылады. «Тура биде туған жоқ» дегендей, мемлекеттік қызметшілердің қоғамға адал қызмет етуі жаңа кезеңнің талабы дейміз. Бұған дайындық қалай? – Келешекте мемлекеттік қызметті жаңғыртудың ұзақ мерзімді шараларының бір бөлігі ретінде айрықша талантты басқару жүйесін құру, корпоративтік сектордың және халықаралық консалтингтік агенттіктердің тәжірибесі бойынша басқарушылық буынның құзыреттерін бағалау, қоғам қажеттілігін анықтау үшін тұрақты кері байланыс орнатуды айтуға болады. Бұл бағыттағы жұмыстарды біз жоғары жоспарлау, таланттарды басқару, персоналды басқаруды автоматтандыру жүйесін енгізуге бағыттадық. Осы орайда, іріктеу әдістері мен кәсіби даярлауды жетілдіруді енгізу арқылы мемлекеттік қызметтің кадрлық құрамын күшейтуге ерекше көңіл бөлінеді. Мемлекеттік қызмет құрамын онлайн режімінде басқару тетіктерін іске асыруға мүмкіндік беретін «е-қызмет» ақпараттық жүйесін құру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Осы ақпараттық жүйені енгізу озық халықаралық тәжірибеге сәйкес жеке басқаруға, кадр қызметтерінің жұмыс тиімділігін арттыруға, ақпаратты алу мен оны өзекті етуге кететін уақыт пен еңбек шығындарын қысқартуға жол ашады. Сондай-ақ, біз конкурстық іріктеудің ашықтығын арттыруды, тестілеудің шекті мәнін есептеуді қайта қарауды, мақсатты топтар бойынша кадр резервін қалыптастыруды көздейміз. Академиядағы оқу бағдарламаларын мемлекеттік қызмет тәжірибесінде кездесетін мәселелерге бейімдеп оқытуды жетілдіруге ерекше көңіл бөлінді. – Агенттік тарапынан мемлекеттік қызметті жетілдіру шаралары жалғасын табатын шығар? – Сұрағыңыз өте орынды. Сөз ба­сында Агенттікке мемлекеттік қызмет саласын жетілдіру бойынша кешенді шара­ларды әзірлеу мен жүзеге асыру жөнінде жауапты міндет жүктелгенін атап өткен едім. Бұл міндетті біз барлық мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп жүргізуге ниеттіміз. Осы мақсатпен биылғы жылдың 21 қаңтарында мемлекеттік қызметті жетілдіру мәселелері бойынша дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Атал­ған шараға Парламент депутаттары, бір­қатар облыстардың әкімдері, Президент Әкімшілігінің, Премьер-Министр Кең­се­сінің, БАҚ өкілдері, министрліктердің жауапты хатшылары мен аймақтар әкім­дерінің аппарат, өңірлік оқыту орта­лықтарының басшылары қатысты. Онда мемлекеттік қызмет құрамын басқарудың өзекті мәселелері, үміткерлерді тестілеу және оларды іріктеу шарттарын одан әрі жетілдіру, сондай-ақ, мемлекеттік аппаратты кәсібилендіру мен мемлекеттік қызмет көрсету туралы басқа да сұрақтар қарастырылды. Агенттіктің өкілдері басты назарды меритократия қағидасын бұлжытпай орындау негізінде, таланттарды басқару және мансаптық жоспарлау секілді кадрларды іріктеу мен жылжытудың заманауи технологиялары мен тетіктерін енгізу арқылы мемлекеттік қызметтің моделін одан әрі жетілдіруге аударды. Өңірлердің басшылары кадрларды іріктеу мен жоғарылату мәселесі бойынша бірқатар ұсыныстарын жеткізді. Сенат және Мәжіліс депутаттары өздерінің баяндамаларында  «А» басқарушы корпусы кадр резервінің құрамын жасақтаудың тетіктерін жетілдіруге назар аударды. Аталған мәселе бойынша нақты ұсыныстар енгізілді. Бұдан басқа, дөңгелек үстелге қатысушылар конкурстық іріктеудің бағытын үміткерлердің тек заңнаманы білгендігін ғана емес, сонымен қатар, кәсіби және іскерлік қырын да бағалауды енгізуді атап өтті. Спикерлер өз пікірлерінде мемлекеттік қызметті жетілдірудің басты қағидасы ретінде меритократия тетіктеріне сүйене отырып, мансаптық өсу мүмкіндігін қалыптастыруды атады. Бұл бағыттағы пікір-алмасу жиындары бұдан кейін де жалғасатын болады. Елде «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Заң қабылданды. Мемлекеттік қызметті тұтынушы ен­ді осы Заңның аясында көрсетілетін қыз­мет­ке сын айта алады. Солай емес пе?   – «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Заңның қабылдануы мемлекеттік қызмет аппаратының тиімділігін арттыруға бағытталған маңызды қадам болды. Заңның қабылдануы халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру және оларды барынша қолжетімді ету жөнінде Елбасының берген тапсырмасын іске асырудың көрінісі болып табылады. Осы заңға сәйкес агенттікке мемлекеттік қызметтердің сапасын бақылау және бағалау бойынша құзыреттер берілді. Жалпы алғанда, бүгінгі таңда мемлекеттік қызметтердің сапасын барынша арттыру тетіктері қарастырылған, оның ішінде: мемлекеттік қызмет көрсету бойынша мем­лекеттік органдар қызметінің тиімділігін бағалау, мемлекеттік қызмет көрсету сапа­сына сыртқы және ішкі бақылау мен мем­лекеттік қызмет көрсету сапасына қоғам­дық мониторинг жасауды атап өтуге болады. Агенттік мемлекеттік көрсетілетін қыз­меттердің сапасын бақылау функциясын іске асыру мақсатында тоқсан сайын мемлекеттік органдардың мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасына ішкі бақылау бойынша қызметтеріне мониторинг және талдау жүргізеді. Ең көп мемлекеттік қызмет ісі жеке куәландыру құжаттарын беру, жылжымайтын мүлікті және заңды тұлғаларды тіркеу, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау және халықты әлеуметтік қорғау салаларында көрсетілген. Сондай-ақ, агенттік Ұлттық кәсіпкер­лер палатасымен бірлесіп, мемлекеттік органдармен кәсіпкерлерге мемлекеттік қыз­меттерді көрсету барысында жібері­летін кемшіліктерді анықтады. Жүргі­зілген тексерулердің нәтижелері құра­мына үкіметтік емес ұйымдардың, бұ­қаралық ақпараттық құралдардың, Ұлт­тық кәсіпкерлер палатасы және оның аймақтық палаталарының өкілдері, сон­дай-ақ өкілді органдардың депутаттары кіретін агенттік пен оның аумақтық департаменттері жанындағы қоғамдық кеңестердің отырыстарында қаралады. Аталған кемшіліктерге жол берген мемлекеттік органдарға оларды жою және кінәлі адамдардың жауапкершілігін қарау жөнінде ұсыныстар енгізіледі. Мемлекеттік қызмет көрсету рәсімінде тұтынушылардың талаптары бірінші орынға қойылды. Бұрын азаматтардың бірнеше күнін алатын қызметтер, қазір бір күнде «бір терезе» қағидаты бойынша көрсетіледі. Қызметтерді автоматтандыру үдерісі жалғасып жатыр. Электронды үкімет көмегімен соңғы жылдары азаматтар орасан мүмкіндіктерге ие болды. Яғни, мемлекеттік қызмет көрсету саласында болған өзгерістердің саны да, сапасы да артты. Қызметтерді үнемі бақылау және бағалаудың арқасында оның сапасы жыл сайын жетілдірілетін болады. Бұл сөзге дәлел ретінде айтарым, Қазақстан соңғы жылдары Біріккен Ұлттар Ұйымының «е-қатысу» индексі бойынша жоғары орындарды әлемнің ең дамыған мемлекеттерімен тұрақты бөлісіп келеді. Осы рейтинг жұртшылықтың Үкіметпен онлайн-байланыс орнатқанын көрсетеді. Әрине, мұнымен жұмыс аяқталған жоқ. Қазір, мемлекеттік қызмет көрсету саласында қоғамдық бақылаудың рөлін ұлғайту жұмыстарын бірлесіп өткізудеміз. – Қазақстандық мемлекеттік қызметтің дамуындағы халықаралық ынтымақтастықтың рөлі қандай? – Мемлекеттік қызметтің дамуында халықаралық ынтымақтастық мәселесі маңызды орын алады. Шетелдердің мемлекеттік қызметті реформалаудың қазақстандық тәжірибесіне қызығушылығы өсуде. Ағымдағы жылы Қазақстанға Ресейдің, Қытайдың, Тайланд Король­дігінің делегациялары келіп, оларға отан­дық мемлекеттік қызметтің жүйесі, Мем­лекеттік басқару академиясының, Мем­лекеттік қызметтің персоналын басқару ұлттық орталығының қызметі таныстырылды. Іссапардың қорытындылары бойынша ынтымақтастық туралы бірқатар меморандумдарға қол қойылды. Өткен жылдың қараша-желтоқсан айларында АҚШ-тың Персоналды басқару кеңсесімен, сондай-ақ, Францияның Орталықсыздандыру және мемлекеттік қызмет министрлігімен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қою үлкен жетістік болды. Бұл құжаттарды жүзеге асыру мемлекеттік қызметтің персоналын басқару тетіктерін одан әрі жетілдіруде сыбайлас жемқорлыққа қарсы алдын алу шараларымен тікелей байланысына мүмкіндік береді. Осындай жұмыстардың нәтижесінде, агенттік VII Астана экономикалық форумы шеңберінде «Мемлекеттік қызмет персоналын басқару: қазіргі жағдайы мен перспективалары» атты жаһандық конференцияның ұйымдастырушысы болды. Оның қорытындылары бойынша Арменияның Азаматтық қызмет кеңесімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Халықаралық ұйымдармен тығыз ынтымақтастық жалғасуда. Агенттік Дүниежүзілік банкпен бірлесе отырып, мемлекеттік қызметшілердің қызметінің тиімділігін бағалау бойынша мастер-класс және «А» корпусы қызметкерлерінің қызметін бағалау бойынша семинар өткізді. БҰҰ Даму бағдарламасымен (Өңірлік хабтың шеңберінде) және Еуропалық Одақпен («Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметін реформалау және жаңғырту» жобасы) ынтымақтастық жүзеге асырылуда. Өткен жылдың маусым айында Агент­тік ҚР Үкіметі мен ЭЫДҰ-мен ынты­мақтасудың елдік бағдарламасын талқы­лауға қатысты. Сонымен бірге, ЭЫДҰ-ның Шығыс Еуропа мен Орталық Азия үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл желісімен бірлескен жұмыс жүргізіледі. Мұның бәрі мемлекет тарапынан жасалып жатқан жұмыстардың оң жемісі. Сұхбат барысында сыбайлас жемқорлықтың қазақ халқының мәдениетіне жат екендігін айтқан едік. Өзіңіз де тарихтан білесіз, дархан қазақ халқында түрме, зындан атау­лы болмаған. Шетелдік саяхатшылар, ғалымдардан «қазақ даласына кіргенде ақша салған әмияныңды тығып қой, әйтпесе, алдыңа табағын тартқан қазақты ренжітіп аласың» деген сөз қалған. Мұның өзі сыбайлас жемқорлық сияқты кеселдің қазақ халқында болмағанын аңдатады. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Александр ТАСБОЛАТОВ, «Егемен Қазақстан».