Елбасының туған халқына сыйлаған тамаша туындысы – Астананың аз уақытта бағындырған биік белестері Тәуелсіз Қазақстан дамуының жарқын көрінісі. Жылдан-жылға сән-салтанаты асқан Астанамыздың қай сәулет құрылысын тілге тиек етсек те, оған көзіңіз айқын жетеді. Бүгінде Астана байтақ еліміздің саяси және экономикалық жетістіктерінің локомотивті болумен бірге біртіндеп мәдениет ордасына айналу үстінде. Басқасын айтпағанда, қазірдің өзінде Мәңгілік Ел мақтанышы болып үлгерген «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры – соның жарқын үлгісі. Заманауи жаңа технологиямен салынған театрдың техникалық мүмкіндіктері көптеген әлемдік театрлардан асып түсетіндігі көңілге асқақ сезім ұялатады.
«Астана Операның» биік өнерді бағалай білетін отандастарымызды ғана емес, шетелдік талғамы жоғары көрермендерді де тамсандырған осындай әсем келбеті рухани болмысымен үйлесіп жатқандығы одан сайын қуантады. Театр сахнасынан опера және балет классикалық қойылымдарының жауһарларын, сонымен бірге әлемге аты мәлім опера шеберлерінің биік өнерлерін тамашалауға барлық жағдай жасалынғаны тіпті ғанибет.
Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, академик, белгілі қоғам қайраткері әрі өнер жанашыры Ерлан Сыдықовтың бастамасымен білім ордамыз ұжымының 28 ақпанда «Астана Операға» жол салып, атақты «Аида» қойылымын бірге тамашалау сәтінде көргеніміз бен көңілге түйгеніміз осы болды. Осы тұста жақсы бастама жалғасын тапқанына бек қуанышты екенімізді жасырғымыз келмейді. Әр адамның төл мерекесі – туған күнді атап өтудің жарқын үлгісін көрсетіп, Ерлан Бәтташұлы бұдан бұрын университет ұжымын Астанадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы театрдың Мұқағали ақынға арнаған қойылымына шақырған болатын. Енді, міне, қазақ өнерін әлемге паш еткен, ұлттық мәдениетіміздің биік ордасы «Астана Операның» жауһар туындысын білім ордамыздың профессорларымен бірге тамашалау сәтін туғызып отыр. Оған оқытушылар қауымы дән риза.
3 сағат 30 минутқа созылған қойылымды сілтідей тынып, сүйсіне тамашалаған көрерменнің басым көпшілігін құраған университет ұжымының әрбір мүшесі рухани ләззат алғаны даусыз. Итальян тілінде орындалған туындымен сахна маңдайшасындағы экраннан қазақ және орыс тілдеріндегі ілеспе аударма арқылы танысып, терең сезімге бөленген көрерменнің жан дүниесі тазарып, эстетикалық талғамы өскені – «Астана Опера» мақсатының орындалғаны. Ал рухани азық алу арқылы бірлігі артқан, мәдениеті өскен университет ұжымының алда тұрған биік белестерді бағындыруға күш-қуат жинағаны – білім ордамызға театрдың тартқан айрықша сыйы. «Астана Опера» театрының ашылу салтанатында Елбасымыз: «Зауыттар мен жолдар салатын ел берік тірегін болашақ жылдар бойына орнатады. Мектептер мен ауруханалар салатын ел ұлт болашағының ондаған жылдар бойғы қамын жейді. Театр тұрғызатын ел ғасырлар арқылы болашағына көз тігеді», – деген терең мәнді сөз айтқаны есімізде. Осындай ұлы мақсатта салынған театр көрермендері көп болса ғана мұратын орындай алатыны хақ. Соны айрықша түйсініп, бірлігі жарасқан, берекесі артқан ұжымын төл мерекесі – туған күнінде театрға шақыруды дәстүрге айналдырған Еуразия ұлттық университеті ректорының бастамасын басқа ұжым басшылары жалғастырып әкетсе, нұр үстіне нұр болар еді.
Қайрат ӨМІРБАЙҰЛЫ,
Л.Н.Гумилев атындағы
ЕҰУ профессоры.