03 Наурыз, 2015

Бекмаханов атындағы шәкіртақы тапсырылды

406 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ұлы ғалымның өмірі мен қызметіне, туғанына 100 жылдығына орай Қазақ хандығы құрылуының 550 жылдығына арналған «Өнегелі өмір» сериясы бойынша жарық көрген «Ермахан Бекмаханов» кітабының тұсаукесері болып өтті. Бұл шара ғылыми ортаға жақсы таныс «Бекмаханов оқулары» аясында өткізілді. Таныстыруда ҚазҰУ ректоры, академик Ғ.Мұтанов, Парламент Мәжілісінің депутаты Н.Жазылбеков, ғалымның жары Х.Бекмұхамедова, Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры, профессор Х.Әбжанов, жазушы М.Сәрсеке сөз сөйледі. Сонымен қатар, университет оқытушылары мен студенттері де белсене қатысты. Ғалым Мұтанов: «Ермахан Бекмаханов қазақстандық тарихнамада көрнекті орын алады. Ол – қазақтан шыққан тұңғыш тарих ғылымдарының докторы, республикадағы алғаш рет Қазақстан тарихы кафедрасының негізін қалаушы. Ерекше таланты, сарқылмас қажыр-қайраты әрі туған халқының тарихына орасан зор сүйіспеншілігінің арқасында өзінің аз ғана ғұмырында тарих ғылымына баға жетпес үлес қосты», – деп атап көрсетті. Басылымға әр жылдардағы Е.Бек­махановтың өмірбаяндық мәліметтері, мақалалары, фотосуреттері, сонымен қатар, ғұлама ғалым туралы   тарихшылардың және де шәкірттерінің естеліктері мен пікірлері енгізілген. Кітап көпшілік оқырман қауымға әрі ғылым-білім беру орталықтарында жұмыс атқаратын қызметкерлер мен студенттерге арналған. Медеу Сәрсеке оқуға қатысушыларға  өзінің Бекмаханов туралы – қазақ тілінде «Ноқталанған тарихшы» және орыс тілінде «Необузданный историк» кітаптарын ұсын­ды. Оларда өзінің батыл көзқарастары және тарихи шындықты көрсеткені үшін қуғындалып, сотталған ғалымның ауыр тағдыры баян­далады. Ол сонымен бірге, тарихшы-ға­лымның 100 жылдығын, Қазақ хандығы құрылуының 550 жылдығын мерекелеумен сәйкес келіп отырғандығының символдығы мен маңыздылығын атап көрсетті. Е.Бекмахановтың зайыбы Халима Адамқызы ғалымды еске ала отырып, оның жеке өмірі туралы тың мәліметтер келтірді. «Мен Ермаханмен  жиырма жыл өмір сүрдім, одан көп нәрселерді үйрендім.  Ол үнемі маған ақылшы және демеуші болды.  Абылай ханның ұрпағы ретінде ол өз  Отанының нағыз патриоты болды. Менің ойымша, оның өмірі мен қызметі тек ұлдарына ғана емес, бүкіл қазақ жастарына үлгі», – деді. Іс-шара барысында Парламент Мәжі­лісінің депутаты Н.Жазылбеков «Ақ жол» партиясының атынан тарих, археология және этнология факультетінің үздік студенттеріне Е.Бекмаханов атындағы шәкіртақыны тапсырды. Қорғанбек АМАНЖОЛ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.