Шағын сұхбат
ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер сыртқы істер министрлерінің бейресми кездесуі аясында Ұйымның Іс басындағы төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Македония Сыртқы істер министрі Антонио Милошоскимен де кездескен-тін. Кездесуден соң біз Македония сыртқы саясат ведомствосының басшысына бірнеше сұрақ қойған едік.
– Македония бүгінде Еуропа Кеңесіне төрағалық етеді, – деді Македония Сыртқы істер министрі Антонио Милошоски. – Қазақстан өз кезегінде ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуде. Осы екі ұйымның өзара ынтымақтастығы бүгінде де, болашақта да ерекше маңызды.
– Ұйымның Іс басындағы төрағасымен кездесуде қандай мәселелер әңгіме болды?
– Кездесуде Қазақстан мен Македония арасындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелері қозғалды. Дәлірек айтқанда, өзара байланыстарды жандандыру, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, адам құқығын қорғау мәселелеріне баса назар аударылды. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы мен Македония арасындағы дипломатиялық төлқұжат иелерін визалық талаптардан босату туралы келісімге қол қойылды.
– Биыл Қазақстанда ЕҚЫҰ саммитін өткізу бастамасы жөнінде не айтасыз?
– ЕҚЫҰ саммиті өтпегелі 11 жылдан асты. Талқылауды қажет ететін, шешімін күткен проблемалар жеткілікті. Енді Ұйымға мүше 56 мемлекеттің басшылары бас қосып, қордаланған сол проблемаларды жан-жақты талқылап, оларды шешудің мезгілі жетті деп ойлаймын.
– Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткеніне жарты жылдан асты. Пікіріңіз қандай?
Қазақстан Ұйымға ойдағыдай басшылық жасап келеді. Ауқымды бағдарламалар дайындап, оны жүзеге асыру үшін Ұйымға қатысушы елдерді жұмылдыру үстінде. Бүгінде Ұйым алдында тұрған өзекті мәселенің бірі – Қырғызстанды саяси жағынан тұрақтандыру болып отыр. Бірінші кезекте бұл Ұйым төрағасы Қазақстанға, сондай-ақ Ұйымға мүше барлық мемлекеттерге үлкен жауапкершілік жүктейді. Ал Қазақстанның бұл жауапкершілікті ойдағыдай орындауға саяси беделі де, экономикалық әлеуеті де жетеді.