Ауғанстан Президенті Мохаммад Ашраф Ғани Қазақстанның азаматшасы А.Абдулаеваның лаңкестердің қолынан қаза табуына байланысты Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа көңіл айтуын білдірді, деп хабарлады Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.
Ауғанстан Ислам Республикасының Президенті Мохаммад Ашраф Ғани Қазақстанның Ауғанстандағы елшісі Өміртай Бітімовпен телефон арқылы сұхбатында, 2015 жылғы 13 мамырда Қабыл қаласындағы қонақүйге жасалған қарулы шабуыл салдарынан Қазақстан Республикасының азаматшасы Әйгерім Абдулаеваның қаза болуына байланысты Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа, Қазақстан халқына және марқұмның отбасы мен жақындарына көңіл айтуын білдірді.
Ауғанстан басшысы Қазақстан азаматшасының қайтыс болғаны туралы жайсыз хабарды терең күйзеліспен қабылдағанын, сондай-ақ елде лаңкестікті жою бойынша Ислам Республикасы басшылығы барлық шараларды қолданып отырғанын мәлімдеді.
Ауған тарапы «Ауғанстанның үлкен әрі жақсы досы» болып отырған Қазақстанмен жан-жақты ынтымақтастықты дамытуға мүдделі екенін де айрықша атап өтті.