16 Мамыр, 2015

Ұйым талаптарымен үйлесімділік керек

214 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жетекшілік етуімен палатаның кезекті жалпы отырысында үшінші елдерге қатысты арнайы қорғау шараларын қарастыратын заң жобасы қаралды. Сондай-ақ, депутаттар сумен жабдықтау және су бұру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты кредиттеу мен субсидиялау мәселелеріне қатысты өзгерістерді көздейтін заң жобаларын да талқыға салды.

Алдымен депутаттар «Үшінші елдерге қатысты арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шаралары туралы» заң жобасын қызу талқылады. Заңдық құжат арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шараларын қолдану саласындағы бірыңғай сауда саясатын қалыптастыруға бағытталған Еуразиялық эко­номикалық одақ туралы шартқа сәйкес ұлттық заңнама нормаларын біріздендіруді көздейді. Және отандық заңнама норма­ларын Дүниежүзілік сауда ұйы­мының талаптарына сәйкес кел­тіру қарастырылып отыр. Бұл еліміздің ДСҰ-ға қосылуы про­це­сіне ықпал етуі тиіс.

Жалпы, заңдық құжатта Еура­зиялық экономикалық комиссияның құрылымында тергеп-тексеру жүр­гізетін органның тергеп-тексеру жүр­гізу тәртібі; ДСҰ келісімдеріне сәй­кес тергеп-тексеру жүргізу рәсі­мін регламенттеу; ЕЭК-тің арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтем­ақы шараларын енгізу туралы ше­шімдер қабылдауы; Қазақстан Рес­публикасының уәкілетті органдары мен ЕЭК-тің тергеп-тексеру жүр­гізетін органы арасындағы өзара іс-қимыл мәселелері де көрініс тапқан.

Сенатор Икрам Адырбековтің қазіргі санкциялар енгізу жағ­дай­ында аталған заңдық нормалар қаншалықты жүзеге асырылады деген сауалына берген жауабында Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев негізінен бұл нормалардың іс жүзінде жұмыс істеп жатқандығын, мәселе соларды ДСҰ талаптарымен үйлесімділікке қатысты екендігін алға тартты. Министрдің сөзінен белгілі болғандай, жеңіл автокөлік шығару өндірісін ынталандыру мақсатында енгізілген авто несиелеу жобасы өзге де салаларға қолданылуы мүмкін. Талқылай келе, депутаттар ішкі нарыққа залал келтіретін тауарлар им­портынан қорғау үшін жағдай жасауға мүмкіндік беретін заңды қабылдады. Сонымен қатар, палата «Қазақ­стан Республикасының кейбір заң­намалық актілеріне үшінші елдерге қатысты арнайы қорғау, демпингке қарсы өтемақы шараларын қолдану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына қолдау білдірді. Заңдық құжат құқықтық олқылықтарды жою мақсатында әзірленген. Бұл ретте Еуразиялық экономикалық ко­мис­сиямен өзара іс-қимыл жасау­ға уәкілетті мемлекеттік орган­дардың, басқа мемлекеттік органдардан алынған ұлттық органдардан жоғары тұратын органдармен және халықаралық ұйымдармен құпия ақпаратпен алмасу, оны беру мәселелерін реттеу ұсынылады. Бұдан басқа, сенаторлар «Қа­зақстан Республикасының кей­­бір заңнамалық актілеріне сумен жабдықтау және су бұру, тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылықты кре­диттеу мен субсидиялау мәсе­ле­лері бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда қарап, мақұлдады. Заң жобасы сумен жабдықтау және су бұру, жылумен жабдықтау салаларын мемлекеттік реттеу жүйесін жетілдіру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты қаржылық қолдау мақсатында әзірленген. Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев Су кодексіне елді мекендерді сумен жабдықтау және су жүйелерін ұйымдастыру мәселелері регламенттерін, сондай-ақ, елді мекендерді және оларды құрайтын элементтерді ауыз сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін иесіз жүйелерге жатқызу тәртібі мен оларды тіркеу айқындаларын да ортаға салды. Сондай-ақ, сумен жабдықтау және су бұру саласындағы суды тұты­ну­шылардың құқықтары мен міндеттері нақтыланған. Заң жобасын­да ауыз сумен жабдықтау көздерін таңдаудан бастап, оны тұ­ты­нушы­ларға жеткізу, ауыз су сапасына қойы­латын талаптар мен суды есепке алудың жалпы ережелеріне дейін жазылған. Заң жобасында Жер кодексіне объек­тілер салу үшін жер учаскесін таңдау актісін ресімдеу кезінде бұрыннан бар инженерлік комму­ни­­кацияларды берілетін жер учас­кесінің шекарасынан тыс жерге ауыс­­тыру жөніндегі нормалар да қарас­тырылған. Және де Экология­лық кодекске елді мекендерді сумен жабдықтауды және су бұруды жүзеге асырған кезде қоршаған ортаны қор­ғау саласындағы қатынастарды реттеу бөлігінде өзгерістер көзделіп отыр. Ал Бюджет кодексіне ұзақ мерзім­ді және жеңілдікті бюджеттік кредит­теу, сондай-ақ, сумен жабдық­тау мен су бұрудың және жылу­мен жабдықтаудың дамуын эко­но­микалық ынталандыру ретінде субсидиялауды жүзеге асыру түріндегі мемлекеттік қолдау нысандарын көздейтін нормалар енгізіледі. Сумен жабдықтау және су бұру жүйелері қосылған жерлерде халықты ауыз сумен қамтамасыз етудің кепілдігі бар екенін алға тартқан сенатор Әли Бектаев ауылдық жерлердегі проблемаларға кеңінен тоқталды. Депутаттың мәліметіне қара­ғанда, қазіргі кезде қалалардағы орталықтандырылған су жүйелеріне қосылу 86 пайыз болса, ауылдық жерлерде оның көлемі 50 пайызға да жетпейді екен. Бұл орайда, депутат кейбір елді мекендерде сумен жабдықтау жүйесінің көрсеткіші 11 пайыз ғана екендігіне де назар аудартты. Министр «Ақ бұлақ» бағ­дарламасы бойынша 2020 жыл­ға қарай сумен қамтамасыз ету толық шешімін табарына, ал енгізі­ліп отырған нормалар таза ауыз сумен қамтамасыз етуге негіз қалай­тындығына сендірді. Сонымен қатар, Ерболат Досаев сенатор Нұрлан Оразалиннің сұра­ғына берген жауабында Астана қаласын таза ауыз сумен қамтамасыз ету жобасы қала әкімдігімен бірлесе жасалып жатқандығын алға тартты. Бұрын бұл мәселе тариф арқылы шешімін тауып келсе, енді сумен жабдықтауды шешу 2016-2018 жылдарға арналған республикалық бюджет арқылы қарастырылып отырғаны белгілі болды. Жалпы еліміздегі елді мекендерді сумен қамтамасыз етуге 1,5 триллион теңге қаржы қажет екендігін алға тартқан министр бұл мәселелерді шешу үшін бюджет қаржысымен қоса, халықаралық қаржы ұйым­дарының қаржыларын да тарту қарастырылғандығын жеткізді. Отырыс соңында Сенат Төра­ғасы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қа­зақ­стан халқы Ассамблеясына – 20 жыл» мерейтойлық медалін Асқар Бей­сенбаев пен Талғат Абайділдинге табыс етті. Бұдан бөлек, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қаты­сушы мемлекеттердің Пар­ла­мент­аралық Ассамблеясы Кеңесінің «Содружество» орденімен сенатор­лар Талғат Абайділдин және Мұх­тар Алтынбаев марапаттал­ды. «Парламентаралық ынтымақ­тас­тықты нығайтқаны үшін» медалі Владимир Редкокашин мен Ләззат Тұрлашовқа тапсырылса, Людмила Полторабатько ТМД ПАА Кеңесінің құрмет грамотасын алды. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».