20 Тамыз, 2015

Депутаттар ел өңірлерін аралауда

272 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
ПАРЛАМЕНТА РК-жаңаПарламент Сенатының депутаты Жабал Ерғалиев аймақтарға сапары аясында «Нұр Отан» партиясы Ақмола облыстық бөлімшесі жанындағы «Мирас» қоғамдық кеңесінің кезекті отырысына қатысты, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі. Қазақ хандығының 550 жыл­дығы мен қазақтың аса көрнекті жазушысы Ілияс Есенберлиннің туғанына 100 жыл толуына ар­налған шара барысында тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Амангелді Қашқымбаевтың «Ілияс Есенберлин» атты ғы­лыми-танымдық кітабының таныстырылымы болды. Көрнекті суреткер туралы еңбекте жазушы­ның көпшілікке беймәлім қырла­ры зерделеніп, суреттелгенін айтқан сенатор Ж.Ерғалиев: «Есенберлин шығармалары тәуелсіз еліміздің бүгінгі тарихы тамырының тереңде екенін жеткізеді», – деді. – Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев Ұлытау төріндегі ой-тол­ғаныстарында ұлттық тарихымызды зерделеудің тарихи маңыздылығын айтқан болатын. Біз өз тарихымызды қайта жазып жатқан елміз. Біздің халқымыз көне тарихтың қай кезеңінде болсын, ел мен елдік, бірлік пен ынтымақ, имандылық пен ізгілікті әрдайым қастер тұтып келгендігі ақиқат. Біз өзіміздің өткенімізге жаңаша көзқараспен қарай отырып, бабаларымыздың және Елбасының ел бірлігін сақтау жолындағы өсиеттерін ешқашан ұмытпауға тиістіміз, – деді сенатор өз сөзінде. «Қазақстан» республика­лық телерадиокорпорация­сы акционерлік қоғамы Ақ­мола облыстық филиалы теле­ди­да­рының «Өзекті мәселе» хабарына қатысқан Ж.Ер­ғалиевке көреремендер мен бизнес өкілде­рі және ауыл шаруа­шылығы саласының мамандары мен жетекшілері тарапынан көп­теген сауалдар қойылды. Ақмо­лалық кәсіпкерлерді Дүние­жүзілік сауда ұйымына мүше болған елі­міздегі тауар өндіру­шілердің мүм­кіндіктері шектеліп қалмай ма деген мәселе толғандырып отырғаны айтылды. Сенатор еліміздің алдынан әлемдік рыноктың жаңа мүмкіндіктері ашылғалы тұрғаны жөнінде хабардар етті. *  *  * Парламент Сенатының депутаты Лаззат Тұрлашов Алматы облысының Райымбек, Сарқан және Ұйғыр аудандарында болды, деп хабарлады палатаның баспасөз қызметі. Сапар барысында депутат облыстың экономика, әлеуметтік және мәдени салаларындағы істің жағдайымен танысып, жұрт­­шылықпен, мәслихат депутаттарымен және кәсіпкерлермен кездесті. Сондай-ақ, ол Райымбек ауда­нындағы еңбек ұжымдары­мен кездесті, Кеген ауылындағы «Ба­лауса» балалар бақшасы мен емханада болды. Сарқан ауданында сенатор орталық жылыту қазандығының құрылысымен, Н.Островский атындағы гимназияның және «Каменев» шаруа қожалығының жұмыстарымен танысты. Ал Ұйғыр ауданында бол­ған кезінде депутат «Тельман­жан» шаруа қожалығының жүн және тері өңдеу кәсіпорнын ара­лады. *  *  * Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов Шығыс Қазақстан облысындағы Үржар ауданының Көктерек, Елтай, Ақжар, Бестерек, Жоғары Егінсу және Жаңатілек ауылдарында сайлаушылармен кездесті, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі. Сонымен қатар, ол Жаңатілек пен Барқытбел ауылдарында салынып жатқан мектептердің құрылысын, Үржар – Таскескен автожолын жөндеу жұмыстарын аралап, жұмысшылармен әңгімелесті. Кездесулерде Нұртай Сабилья­нов Елбасының «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты халыққа Жолдауы мен бес инсти­туттық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам туралы, Парламенттің заң шығару қызметі мен «Нұр Отан» партиясы парламенттік фракциясының жұмысы туралы айтып берді. Аудан тұрғындары жол жөндеу, сыбайлас жемқорлықпен күрес, әлеуметтік көмек, ауыз су, тұрғын үй, жұмыс орындарын ашу, ауыл шаруашылығын дамыту, қыс айларында көмірмен қам­тамасыз ету, бюджет қаржысын тиімді әрі мақсатына сай пайда­лану мәселелерін көтерді. Үр­жар ауданының сайлаушылары Елбасының «Нұрлы Жол» бағдар­ламасы мен «100 нақты қадам» аясында жүзеге асырылатын іс-шаралардың ел экономикасын дамыту мен халықтың әл-ауқатын арттыруға тың серпін беретініне сенім білдіріп, қолдау көрсетуде. Депутаттың сайлаушылармен кездесулері, сондай-ақ, облыстың Аягөз ауданында да жалғасты. «Егемен-ақпарат».