16 Мамыр, 2015

Ұсынымдар әзірленді

334 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

 

Парламент Мәжілісінің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитеті, Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар кеңсесінің қолдауымен, еліміздің Энергетика министрлігі және «Жасыл академия» ғылыми-білім беру орталығымен бірлесе отырып, «жасыл» экономикаға өту кезіндегі заңнама аясын жетілдіру: қалдықтарды басқару мен шығарындыларды реттеу» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырды.

Отырысқа төрағалық еткен Александр Милютин: «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осы шақырылымдағы Парламенттің екінші сессиясын ашу кезінде «Жасыл экономикаға» өту, жа­ңартылатын энергетикаға негіз­делген экологиялық таза техно­логияларға құқықтық негіздеме жасау заң шығару жұ­мысының маңызды өлшемдерінің бірі екенін атап өткен болатын», – дей келіп, өзі басшылық етіп отырған комитеттің парниктік газдардың шығарындыларын қысқарту және оларды бақылау жолында кешенді жұмыстар атқарып келе жатқанын алға тартты. 2013 жылдың қаңтар айынан бастап Қазақстанда заңды түрде парниктік газдар шығарындыларын саудалау мен квоталау жүйесі енгізілді.

Қазіргі уақытта бір бөлігінде парниктік газдар қалдықтарын реттеуге қатысты өзгерістерді көздейтін «Қазақстан Респуб­­­ликасының кейбір заңнамалық актілеріне экология мәселелері бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы», сондай-ақ, «жасыл экономика» мәселелері бойынша өзгерістерге қатысты заң жобалары комитет қарауына берілді. Осы құжаттарды қабыл­дау Қазақстанның «жасыл» экономикаға көшуінің тағы бір кезеңі болары сөзсіз.

Осы жолда шешуді қажет ететін өзекті мәселелерге назар аударған А.Милютин проб­­­лемалық жайттарды да атап өтті.

Одан әрі Энергетика министрі Владимир Школьник пен Астана қаласындағы ЕҚЫҰ Кеңсесінің басшысы Наталия Зарудна және «Жасыл академия» ҒБО директоры Бақыт Есекина сөз сөй­леп, Жоғары экономика мекте­бінің Қоршаған орта және табиғи рес­урс­тар экономикасы орта­лығы­ның директоры Георгий Сафонов, БҰҰДБ жобасының менеджері, ISWA қалдықтар бойынша ха­лық­­аралық қауымдастығының мү­шесі Нина Гор баяндама жасады.

Талқылау қорытындысы бойынша елімізде қалдықтарды бас­қару мен парниктік газдар шығарындыларын реттеу сала­сындағы заңнаманы жетілдіру жөнінде ұсынымдар әзірленді. Атап айтқанда, 2020 жылға қарай шығарындыларды азайту бойынша іс-қимылдар жоспарын әзірлеу ұсынылды, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.