Олжас Бектенов бүгін еліміздің жаңа Конституциясы күшіне енгенін атап өтті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен экономиканың тұрақты әрі әртараптандырылған өсуін қамтамасыз етуге бағытталған инвестициялық цикл жүзеге асырылып жатыр. Былтыр тікелей шетелдік инвестициялар ағыны 20 млрд доллардан асты. Биыл ел экономикасына 25,5 млрд доллардан астам шетелдік инвестиция тарту жоспарланып отыр.
Кездесулер барысында бірлескен инвестициялық жобалардың қазіргі мәртебесі талқыланды, сондай-ақ экономиканың басым бағыттарындағы өзара іс-қимылды одан әрі дамыту перспективалары қаралды.
Eni S.p.A-ның жаһан бойынша табиғи ресурстарды барлау және өндіру жөніндегі директоры Лука Виньятимен энергетикалық инфрақұрылымды одан әрі дамыту мәселесі қарастырылды. Жаңаөзенде жалпы қуаты 247 МВт гибридті электр стансасының құрылысына ерекше назар аударылды, оны жүзеге асыру қазіргі заманғы төмен көміртекті технологияларды енгізуге және елдің энергия жүйесінің тұрақтылығын арттыруға ықпал ететін болады.
Baker Hughes директорлар кеңесінің төрағасы және бас атқарушы директоры Лоренцо Симонеллимен кездесуде өндірісті локализациялауды кеңейту мен мұнай-газ саласында заманауи технологиялық шешімдерді енгізу мәселелері талқыланды. Бүгінде елімізде компания қосалқы бөлшектердің 174 атауын өндіруді локализациялады. 100-ге жуық позиция отандық жеткізушілермен бірлесіп пысықтау сатысында тұр. Бұл ретте компанияның сервистік қызметтерінің 95%-ын отандық бөлімшелер мен мамандар орындайды. Baker Hughes локализацияны одан әрі кеңейтуге, отандық кәсіпорындармен әріптестікті дамытуға, өнеркәсіптік жабдықтарды мониторингілеу үшін цифрлық шешімдерді енгізуге, сондай-ақ газ өңдеу, заманауи өндірістер құру және декарбонизация саласындағы жобаларға қатысуға ниетті екендігі атап өтілді.
Келіссөз соңында тараптар инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға, мұнай-газ саласындағы технологиялық әріптестікті кеңейтуге өзара мүдделі екенін растады.