Тәуелсіз Қазақстанның астанасы Арқа төріне қоныс тепкен алғашқы күндерде Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың: «Мен астаналық Ақмола облысының тұрғынымын», – деген қанатты сөзі ақмолалықтарды айрықша жігерлендіріп жіберген. Бұл жауапкершілікті еселендіре түсер маңыздағы тапсырма екендігі де түсінікті еді. Соның ең абыройлысы – Астананың азық-түлік-белдеуін қалыптастыру. Жұртшылық жұмысқа жұмыла кірісті. Қазіргі қалып облыстың міндет үдесінен көріне білгендігін көрсетеді. Біз осы орайда, ортақ үрдіске өзіндік үлес қосып отырған Бурабай ауданының әкімі Төлеген ТАШМАҒАМБЕТОВТІ әңгімеге тартып, тақырыпқа қатысты ой бөлісуін өтінген едік.
– Төлеген Жұмабекұлы, Астана маңайында азық-түлік белдеуін қалыптастыру терең тамырлы іс деп білеміз. Осы түйіннен таратып не айтар едіңіз?
– Елбасының әр тапсырмасында болашақпен байланыстырылатын ой жатады. Нұрсұлтан Әбішұлы сөз қорымызға «Астананың азық-түлік белдеуі», «Аймақтық агломерация» деген ұғымдарды қосты. Мәселе азық-түлік тауарларының ағынымен шектелмейді. Бұл міндеттер облыстық кешенді бағдарламада жүйелеп көрсетілген. Осынау айрықша қозғалыс табиғаты көркем, курортты өңір саналатын Бурабай ауданының тіршілігіне ерекше екпін мен әсемдік реңк қосқанын бөлектеп айтқым келеді.
– Иә, Мемлекет басшысының тікелей араласып, қамқорлық танытуының арқасында Бурабай мүлдем өзгерді. Заманауи ғимараттар мен әлеуметтік нысандар бой көтеріп, көз қуантады. Жаңа «реңк» туралы жақсы айттыңыз. Осыны аша түссеңіз.
– Бұл – халықтық таным-түсініктің қалыңдай түскенін, қадамымыздың уақыт ағымымен деңгейлес екендігін білдіретін реңк. Халық ұтымды ұсыныстар ордасына айнала бастады. Мемлекет бұған жайма-шуақ жол ашып отыр. Сенім қуаты барда жұмыс істеу де қызғылықты. Биылғы 17 ақпанда Ақмола облыстық мәслихатының шешімімен «Астана қаласының маңындағы азық-түлік белдеуін дамытудың 2015-2018 жылдарға арналған кешенді бағдарламасы» қабылданды. Осы аралықта, ірі агрокәсіпорындарды қоспағанда, ауданымыздың 34 шаруа қожалығы Астананың тұрақты әріптесі қатарына қосылды. Әсіресе, «Жас», «Атамекен», «Айдын», «Беке», «Марина», «Ақ киік» және басқа ұжымдар ауыл әрін аша түсуде. Сондай-ақ, Астана базарлары мен сауда орындарында өз ауласында өсірілген өнімдерді саудалап жүрген жерлестерімізді көруге болады. «Астана-Бурабай» автобанына жақын елді мекендерде жол бойы сервисі кеңейіп, «Бал өнімдері», «Саңырауқұлақ фестивалі» сияқты шаралар өткізілуде.
– Бұл күндері «Астананың азық-түлік белдеуі» халық шаруашылығы өндірісінің маңызды саласына айналуда. Бұл орайда, сіздің ауданыңызда қандай шаруалар атқарылып жатыр?
– Солай деуге негіз бар. Цифрлар тілімен сөйлеп көрейік. Ауданымыз өткен жылы Астана қаласының нарығына 703,9 миллион теңгенің ауыл шарауашылығы тауарларын шығарды. Оның ішінде «Есіл Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі дайындаған 1200 тоннадан астам сүт өнімдері, «Бурабай» мен «Kaz Beef Ltd» фирмаларының 20 тонна ет өнімі, «ОСКО» ЖШС-нің 56 тонна шұжығы, «Кемер ТД» ЖШС-нің 48 миллион дана жұмыртқасы, «Жас» шаруа қожалығының 40 тонна қымызы және «Астана Өнімдері» серіктестігінің 30 тонна қымызы мен 8 тонна шұбаты бар. Ауданымыздың картоп, жеміс пен көкөніс өндірудегі үлесі де артып келеді.
Биылғы маусымның бесіне дейінгі мәлімет бойынша, біздің негізгі бес шаруашылығымыз Астана мен оның айналасындағы елді мекендерге 298,3 миллион теңгенің мал өнімдерін жеткізді. Атап айтсақ, «Есіл Агро» өзінің «Айна» сауда үйі арқылы 59,4 миллион теңгенің 540 тонна (30 түрлі) сүт өнімдерін, «ОСКО» ЖШС 18,2 миллион теңгенің 28,6 тонна шұжығын, «Береке-Агро» фирмасы 218,9 миллион теңгенің 20 миллион дана жұмыртқасын, «Хоттей» серіктестігі 32 тонна етті сауда айналымына қосты.
Ауданымызда ет және сүт өңдейтін 5 кәсіпорын, жылына 140 мың тонна ұн ақтау қуатындағы 5 диірмен, 21 нан-тоқаш, кондитер өнімдерінің 7 цехы және өсімдік майын дайындайтын серіктестік жұмыс істейді. Бұлардың бәрі 2018 жылға дейінгі болжамдық жоспар бойынша өнім шығаруды 15-30 пайызға арттырады деп күтілуде. Яғни, Астана нарығындағы орнымыз айтарлықтай болмақ. Осы бағыттағы қам-қарекеттеріміз нақтыланып, күнделікті бақылауда ұсталуда.
– Аталған қам-қарекеттерден хабардар етсеңіз. Шаралар кешені жүйелілікті талап етеді емес пе?
– Жүйеліліктен бастайық. Елбасы ұсынған бес институттық реформа еліміздің одан әрі өркендеп дамуына, халықтың әлеуметтік деңгейінің көтерілуіне ықпал етуді мақсат етеді. Ендеше, мемлекеттік саясаттың басты механизмі саналатын экономикалық өсімді қамтамасыз етуіміз керек. Қазақстан Президенті көрсеткен 100 қадамда: «Ет өндірісі мен өңдеуді дамыту үшін стратегиялық инвесторларды тарту. Негізгі міндет шикізат базасын дамыту және өңделген өнімдерді экспорттау» делінген (61-қадам). Бұл орайда, біз іргедегі Астана нарығының мүмкіндіктерін тиімді пайдалануымыз қажет. Осыған сәйкес ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын қуаттандыру ісін жалғастырудамыз.
«Бурабай Құс АФ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде 2005 жылдан бастап 3,7 миллион АҚШ долларының инвестициялық жобасы жүзеге асырылуда. Қазір мұнда жұмыртқа өндірісінің 10 цехы қатарға қосылып, 130 адам тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз етілді. Ал «Есіл Агро» ЖШС 990 миллион теңгенің заманалық тауарлы-сүт фермасын пайдалануға беру арқылы жыл сайын әр сиырдан 6-8 мың литр сүт алынуын қамтамасыз етті. Мұндағы 1200 бас сиырға небәрі 35 адам күтім жасайды. Кенесары ауылындағы кәсіпорынның ашылу салтанатына Елбасымыз қатысып, сәттілік білдіргенін айта кеткім келеді. Сондай-ақ, «Жаңа-Бас АХ» ЖШС ауысым сайын 10 тонна өнім өңдейтін ет комбинатын іске қосты. Жобалық құны 600 миллион теңгені құрайтын кәсіпорында 60 адам тұрақты нәпақа тауып жүр. Индустриялық-инновациялық бағдарлама шеңберінде құрылған «Бурабай өсімдік майы» ЖШС жылына 32 мың тонна өнім шығара алады. Мұндай мысалдарды әрі қарай жалғастыра беруге болады.
Әйткенмен, аталған кәсіпорындардың біршамасы шикізат жетіспеушілігінен толық қуатында жұмыс істеп тұрмағанын айтқан жөн. Ауданымызда қайта өңдеу кәсіпорындарын қолдау мақсатында мал шаруашылығын субсидиялауға республикалық бюджеттен 424 миллион теңге қаржы бөлінді. Мұнда селекциялық жұмыс пен мал тұқымын асылдандыруға, бордақылау алаңдарын кеңейтуге ерекше назар аударылған. Алдағы кезде ауыл тұрғындарынан сүт сатып алуды 30 пайызға арттыру үшін 14 дайындау пунктін ұйымдастырдық. Егіншілік саласының бағыты да өзгертілуде. Онда майлы дақылдар мен картоп өсіру басымдық алған. Шаруашылықтардың материалдық-техникалық базасы да нығаюда. Осы қадамдар бурабайлықтардың Астананың азық-түлік белдеуін молайтудағы мерейлі міндеттер үдесінен көрінетіндігіне сенім қалыптастырады.
– Әңгімеңізге рахмет, табыстар тілейміз.
Әңгімелескен
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан».
Ақмола облысы,
Бурабай ауданы.