03 Наурыз, 2015

Екі дүркін әлем чемпионы Арман ОСПАНОВ: «Мақсатым – туған Отанымның намысын қорғау»

633 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
1888_oko_4Сочи. Платформа S-70. Әлем Кубогы жолындағы халықаралық турнир. Мәр­тебелі қонақтар отыратын ложада Ресей Президенті В.Путин, Ресей Премьер-минис­трі В.Медведевпен бірге Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев отыр. Финал. Шаршы алаңға Арман Оспанов шақырылды. Жан алып, жан берген айқастың бір сәтінде қарсыласы оңтайға келіп қалды. Арман сол қолмен талмау тұстан ұратындай ыңғай көрсеткен. Қарсыласы қолын төсеп үлгерді. Алдамшы қимыл көрсеткен Арман сол қолмен емес, оң қолымен жа­ғынан опыра ұрды. Шатқаяқтап барып құлаған қарсыласының үстіне түз тағысы сияқты қона кеткен қазақ жігіті тұрғызған жоқ. Сойдауылдай қолдарымен бас, шықшытты көздеп соққыға көміп тастады. Төреші ұшып келіп ортаға түсті. Техни­калық нокаут! Рефери қолын көтеріп жатқанда көзінің астымен Елбасына ұрланып қараған. Нұрекең разы болып, нұрланып отыр екен. Жеңімпаздарды марапаттағанда Арманға Кубокты Владимир Путин тапсырды. Ресей Президентінің алдында кішілік сақтап, қол бермек еді, Путин қапсыра құшақтап кеудесіне басты. «Жарайсың!» деді. Әскери самбодан екі дүркін әлем чемпионы, жауынгерлік жекпе-жек, панкратион, ережесіз жекпе-жектерден халықаралық турнирдің жеңімпазы, «Алаш прайдтың» оғланы Арман Оспанов көптен бері бір жағымсыз оқиғаның ортасында қалды. Әуелі бір тәуелсіз телеарна «Әлем чемпионы Арман Оспановтың тұрмыс жағдайы мәз емес. Қазақстаннан кеткелі жатыр. Отанын ауыстырмақшы» деп сүйінші сұрағандай лақ еткізген. Одан әрі қарай электронды сайттар, саржағал газеттер ну қамысқа өрт қойғандай асығыстықпен осы хабарды жарыса жазып, әлеуметтік желіде талқыға салып жіберді. Біреу Отанын «сатқаны», жеңіл ақшаға қызыққаны үшін Оспановты жерден алып жерге салып күстәналады, біреу «онысы дұрыс, еңбегіңді бағаламаған елде не қыласың, жолың болсын» деп бата бергенсіді. Арманды тауып алдық. Қайын атасы, Сарыағаш аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұстафа Сүлейменов – ел сөзін ұста­ған көшелі кісі. «Арманмен сөйлестім, мынау жала ғой» деп күйінген. Арман айтты. Алматыда самбодан өтетін Әлем кубогы жарысына дайындалып жатқанда жаттығуға облыстағы тәуелсіз арнаның жас тілшісі сұхбат алуға келіпті. Ананы, мынаны сұрады, соңында үйге барып отбасы жағдайында хабар жасағысы келгендігін айтты. Мен өзім жеке өмірімді қазбалап сұрағанын қаламаймын, бірақ қыз бала болғаннан кейін келісімімді бердім. Әуелде бәрі дұрыс болды. Тілшілердің әр жарыста қойып жүрген сауалдарын қойды. Жауап бердім. Отбасымыздың жағдайын сұрады. Жаспыз, жеке үйіміз жоқ, пә­тер жалдап тұратынымыз рас. Сам­­бо Олимпиада бағдар­ла­ма­­­сына кірмегендіктен, айлық жала­қымыздың басқа тартса аяқ­қа, аяққа тартса басқа жетпей жата­тындығы рас. Оны да сұрап білді. Бірақ, тілшінің онда неге боксқа ауыспадыңыз, онда ақша көп қой деген сауалы ойға қалдырған. Спортты білмейтіндердің, күрес пен бокстың арасы аспан мен жердей екенін түсінбейтін жанның сауатсыз сұрағы таң қалдырғанымен, жауап бердім. Алдағы жоспарларымды сұрады. Шетелдерде Геннадий Голов­кин сияқты Қазақстан байрағын көтеріп туған Отанымның намысын қорғау мақсатым екендігін айттым. Бар болғаны осы. Жас тілші Арман Оспанов тағдырына разы емес, жағдайы нашар, сондықтан шақырту алған мемлекеттердің бірінің атынан әлемдік додаларға түсетіндігін аттандап айтып жіберіпті. Әлеуметтік желілер гу ете қалды. Таң қалғаным, ешқайсысы менімен сөйлеспесе де, көрмесе де бірінен бірі асырып ойбайлап жатыр. Достарым, таныстарым «мұның не?» дейді. Мұндайда не айтасың? Әлгі жас тілшіні тауып алдым. Жылап-еңіреп кешірім сұрады. Түсінбей қалғанын айтты. Те­рістеме берді. Бірақ, тұтанған өрт­ті сөндіру қиын екен. Қатты намыстандым. Алматыда жауын­герлік самбодан өткен әлем кубогында бес қарсыласымды да айқын басымдылықпен жеңіп, Қа­зақстанның Әнұранын ойнат­қанымда, қазақ байрағын жамылып тұрғанымда да мені Отанымда уақытша жүргендей сезінген жандар болды. Аңдаусыз айтылған сөз арыма күйе жақты. Аға, бас-пайдасы үшін Отаным­ды  ауыс­тыратын қуыскеуде мен емеспін. Жақсы әке-шешенің тәлімінде болдым, өз ұлтымды, Елбасымды жақсы көретін патриот азаматтардың бірімін. Неге мен Отанымнан кетуім керек?! Екі дүркін әлем чемпионы осылай деп таусылған. Спорттық өмірбаянына келсек Оңтүстік Қазақстан облысы, Төле би ауданынан ұшқан тастүлектің жеңістері көңіл марқайтады. Төле би ауданында Жанпейіс Жабаев атты ұстаз бапкер бар. «Нұржан Сері» стадионында қазақша күрес, самбо, дзюдо күрес түрлерінен жүздеген айтулы балуан дайындаған бапкер. Кішкентай көгенкөздерді жинап алып, ұлы спортшылар туралы айтқанда енді күрес кілеміне түскен оқушы Арман Оспанов армандап отырар екен. «Шіркін-ай, менің де бағым жанып, тым болмаса Қазақстанның чемпио­ны атансам ғой» деп. Сол Арман Оспанов – баяғы Қажымұқан атасы жапон Са­ракикимен өлім мен өмір айқасына түскен джиу-джитсу күресінен екі дүркін Азия чемпионы, жау­ынгерлік жекпе-жек самбодан екі дүркін әлем чемпионы. «Алаш прайд KZ» жауынгерлік клубының белді мүшесі «Ұлы майдан –  Великая битва» турнирінде топ жарды, Ресейдің Сочи қаласында Қазақстан, Ресей президенттері қатысқан «Платформа S-70» тур­нирінде бес жекпе-жек өткізіп, финалдық айқаста ресейлік Алексей Полпудниковті нокаутқа жіберіп, Владимир Путиннің қолынан Ку­бокты алды. Талай әлем чемпионы бастаған мықтылардан басым түсіп, жеңімпаз атанды. «Нұр Отан» партиясы аясында «Сұңқар» жобасымен тәрбиесі қиын балаларды топтап, үлкен спортқа баулып жүр. Сөйткен, батыр жігіт жазықсыз жаладан жалпы күйзеліп жүр. Жасыма дедім. Туған Отанын байлыққа сататын пенде ол емес. Ол солай айтты. Біз жеткіздік. Жеңісті жорықтары көп болғай. Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан». ШЫМКЕНТ.