АСТАНА. 30 наурыз. Ресей Қытайдың Азия инфрақұрылымдық инвестиция банкіне (AIIB) кіру жөніндегі ұсынысын қабылдады. Бұл туралы немістің Deutsche Wirtschafts Nachrichten газеті хабарлады.
«Қытайдың бастамасымен құрылған жаңа ұйым Бейжіңнің халықаралық деңгейдегі ықпалын арттырып, юаньді халықаралық валюта ретінде бекітіп алуына көмектесетін болады», – делінген басылым хабарламасында.
«Ресей Қытайдың бастамасымен құрылған Азия инфрақұрылымдық инвестиция банкіне (AIIB) кіруге шешім қабылдады», – деп жазды неміс газеті. Мұны басылым РФ бірінші вице-премьері Игорь Шуваловтың сөзіне сілтеме жасап мәлімдеді. «Біз Қытай – Еуразиялық одағы форматындағы ынтымақтастығымызды аймақтық өзара қарым-қатынас шеңберінде одан дамыту мүмкіндігінің жасалғанына қуаныштымыз, – деді Ресей өкілі. – Еуразия экономикалық одағы шеңберінде тауар мен капиталдың еркін қозғалысы «Жібек жолы экономикалық белдеуі» бастамасымен үндесіп кетеді».
«Бұдан бұрын бұл құрылымға кіруге Ұлыбритания, Франция, Германия және Швейцария кіруге тілек білдірді», – деп жазады газет. Қазір Еуроодақ елдері банктің Еуропадағы филиалының өз елдерінде ашылуы үшін Қытайдың ықыласына бөлену жолында өзара жарысып жатыр. AIIB Бейжіңге өзінің халықаралық ауқымдағы ықпалын арттыра түсуге көмектесетін болады. Ал Қытайдың жаһандық ықпал ету саясаты әскери іс-қимыл сипатында емес, белсенді сауда арқылы жасалуға негізделген. Осы орай бұл ел өз валютасы – юаньді АҚШ-тың валютасына балама етуге күш салып жатыр.
«AIIB Бүкіләлемдік банк пен Халықаралық валюта қорын бәсекелес ретінде қарастырады», – деп жазады Deutsche Wirtschafts Nachrichten. Соңғы жылдары бұл ұйымдардың аттарына халықаралық деңгейдегі сын-ескертпелер аз айтылып жүрген жоқ. Оларға тіпті «өздерінің іс-әрекеттерін АҚШ-тың сыртқы саясатына бағыт ұстайды» деген де айып тағылуда. Ал АҚШ AIIB-ға қарсы текетіресте қазір Жапонияның ғана қолдауын алып отыр.
Бұдан бұрын Токио Қытайдың қандай да бір бастамасына қатыса қоймайтынын мәлімдеген болатын.
«АҚШ пен Қытай болса, біраздан бері Азия-Тынық мұхит аймағында экономикалық және саяси үстемдікке жету жолында таласып келеді», - деп атап өтеді неміс басылымы.
Мұрат Айтқожа.
Мәнбе, сурет: Deutsche Wirtschafts Nachrichten.