Астана қаласының Суретшілер одағы Есіл ауданы әкімдігінің қолдауымен Сауран көшесінде орналасқан экспозиция залында көрме өткізді. Көрмеге елордамыздың белсенді өнер қайраткерлері атсалысып, үздік туындыларын көрермендер назарына ұсынды. Мысалы, К. Муллашев, Е.Айтуаров, А. Диникеев, Қ. Ахметжан және т.б. суретшілердің шығармалары қойылды. К.Муллашевтің “Биші Эльмира”, “Ақын Сара”, “Қыпшақ қызы”, “Махаббат аурасы” атты туындыларында қазақтың хас сұлулары көркемдігімен таңқалдырды. Композициялық құрылымы кәсіби деңгейде орындалған және түстері бір-бірімен жақсы үйлесімділік тапқан суретші А. Диникеевтің “Дала аңшысы”, “Аңшы”, “Қыз алып қашу” сияқты туындыларынан ұсақ ою-өрнектер ізін анық байқауға болады. Шығармаларында кеңістік көкжиегі белгіленбеген, кілем тәріздес, өте декоративті кескіндеме болып келетіні сүйсінтеді. Қ. Ахметжан әлі де шығармашылық ізденісте, оның “Орман әуендері” туындысының орындалуы ХХ ғасырдағы атақты француз суретшісі Сераның пуантилизм тәсіліне ұқсайды. Дегенмен, өзгешелігін аңғаруға болады. Мысалы Серада әрбір кенепке салынған түстің нүктелері бір-бірімен келісіп, біртұтас болып көрінсе, Қ.Ахметжанның туындысында түстік жағымдары ірірек және олардың қою қоңыр түсті жан-жағында контурлары бар. Кескіндемеші К.Хайбуллин “Самал жел” шығармасында қаланың сыртында жасыл шалғында Президентіміз Н.Ә. Назарбаевтың демалып отырған шағын бейнелеген. Қазақтың кең даласында Елбасы туған жері үшін мақтаныш сезімінде отырғаны жайдары жүзінен көрінер еді. Суретші мұнда тұлға бейнесін самал желдің әуенімен үйлестіре жеткізуге тырысқан.
Тағы бір айта кететін үлкен жаңалық – Астана қаласының Суретшілер одағы жанынан “Жас суретшілер одағы” құрылды. Оны суретші Гүлмира Телғазиева басқарады. Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген талантты жастар шығармашылық жұмыстарымен жақында өздерінің алғашқы көрмесін ашты. Бейнелеу өнерінің шеберлері К.Муллашев, А. Назарқұлов, А. Айтуаров, Қ. Нұрбатыров пен Суретшілер одағының төрағасы Қоңыр Абдуллаұлы іріктеу конкурсын жүргізіп, 19 суретшінің арасынан 17 талапкерді мүшелікке қабылдады. Қазіргі кезде дарынды жастар көшедегі ескі үйлерді монументалды кескіндемемен безендіруді ойластырып жатыр. Осы жоба бойынша қызу жұмыс жүруде. Сонымен қатар, “Сарыарқа” сауда орталығының көрме залында жастардың шығармашылығы әрдайым жұртшылыққа ұсынылып отыратын болады. Жас суретшілерді одаққа қабылдау рәсімі, оларға куәлік тапсыру шарасы Ұлттық кітапхананың көрме залында салтанатты түрде өтпек.
Айгерім МӘЖИТХАНҚЫЗЫ, өнертанушы.