16 Мамыр, 2015

Барыс қақпанға түсіп қалды

257 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Климаттық жағдайы шөлді болып саналатын Маңғыстау өңірінде барыстың кезігуі жұртшылық тарапынан қызығушылық тудыруда. Аталмыш оқиға мен қақпанда өліп жатқан барыстың суретін Sayat Lucky есімді азамат Facebook әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында хабарлаған. Қарақия ауданының Құрық ауылы маңын­дағы шаруа қожалықтарының малына шауып тыным бермеген аңды қолға түсіру үшін шопандар қақпан құрып тастайды. Олар, әрине, малға шауып жүрген жыртқышты қасқыр деп ойлайды. Алайда, бірнеше күннен соң, айдаладағы қақпанды көруге барған шопандар онда өліп жатқан барысты көреді. Дерек көздері елімізде мысық тұқымдас бұл аңның сегіз түрі таралғандығын айтады. Олардың ішінде қабылан, қамыс және шағыл мысықтары, сабаншы, қарақұлақ шөлейтті, шөлді, далалы-аймақтарды мекендесе, сілеусін таулы алқаптардағы орман ішінде, ілбіс, яғни қар барысы биік таулы өңірде кездеседі. Негізінде орманды аймақта жүретін мысық тұқымдас барыс (леопард) бұрын Орталық Азияда тіршілік еткенмен, кейінгі кездері ол жойылып кеткен деп саналып келген болатын. Бірақ, аяғын қақпан қауып, мерт болған тарғыл барыс жергілікті тұрғындарды таңғалдырып отыр. Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». Маңғыстау облысы.