16 Мамыр, 2015

Бразилияны бағындырған Медет

289 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
«Астана Опера» театрының жетекші солисі Медет Шотабаев жақында бразилиялық Theatro Municipal (Сан-Паулу) сахнасында Дж. Вердидің «Отелло» операсына қатысып, үлкен табысқа қол жеткізді. Кассио партиясын қатарынан төрт күн орындаған әншіні дирижерлық тізгінде атақты Джон Нешлинг сүйемелдесе, операның қоюшы-режиссері – «Астана Опера» театрында «Абай» операсын сахналаған белгілі режиссер Жанкарло дель Монако.

Еске сала кетейік, әртісті Бразилияға еуропалық опера агенті Стефания Гамба шақырған болатын. Ол қазақ әншісінің Марчелло Джордани қорының беделді халықаралық вокалдық байқауы барысында (2013 ж.) жарқырап ән салғанын байқап қалған, бұл Медет Шотабаевтың қанжығасына үшінші жүлдені байлап үлгерген кезі болатын.

Сан-Паулудың Муни­ципалдық театрының көне сахнасында (Бразилия) Құ­дай-ау, кімдер ән салмаған десең­ші. Энрико Карузо, Беньямино Джильи, Марио Дель Монако, Мария Каллас, Рената Тебальди, Ар­туро Тосканини, Камарго Гвар­нери, Эйтор Вилла-Лобос, Пьетро Масканьи, Анна Павлова, Артур Рубинштейн, Дюк Эллингтон, Элла Фицд­жеральд, Айседора Дункан, Марго Фонтейн...әлемдегі операның ең жа­рық жұлдыздары түгел осы сахнаның самалымен самғаған.

– Бұл мен үшін Бра­зилияның әсем театр­ларының біріндегі дебют болды, үздік өнер ордасының рухы мен дәстүрі керемет сақталған екен. Маған Мария театрының теноры – Августо Амоновпен қосыла шырқау бақыты бұйырды, айтпақшы, оның өзі Алматының тумасы. Бірінші құрамда бас партияны әлемдік деңгейдегі тенор Грегори Кунде орындады, кейін ол маған бірнеше рет шеберлік дәрісін өткізді. Мен «Богема» операсынан Рудольфтің ария­сын шырқап беріп едім, ол итальялық тілімнің деңгейін мақтай келіп, мұнан да ары қарай шыңдала беруге кеңес берді, – деді журналистерге берген сұхбатында опера әншісі. Жетекші солист мұнан әрі аталған театрдың жұмыс қарқыны жоғары екенін, ұлттық және халықаралық дәрежедегі ұлы либреттошылар мен композиторлардың операларының тұсаукесері бірінен кейін бірі алмасып жататынын атап өтті.

Бір қызығы, оларда тұ­рақты опералық труппа деген атымен жоқ, штатта тек хор мен оркестр ғана болғанмен, негізінен опера солистерін әлемнің әр шалғайынан таңдап шақыртып жатады. Сондықтан бразилиялық көрер­мен қазақстандық әртіс­ке зор қошемет көрсетіп, аямай қол соғып отырды. Қойылымнан кейін олар өнер иесі жайында жылы лебіздерін білдіріп, қолтаңба алып қалуға асықты.

– Кейбіреуі менің Қазақ­станнан ұшып келгеніме соншалық сене қоймағандай күмән келтірді. Сан-Паулу­дағы әріптестерімнен «Бұған дейін қазақ әншісін көріп пе едіңіздер?» деп сұрадым. «Жоқ, сіз біріншісіз», – деді олар. Соған қарамастан, олар мені өте жақсы қарсы алды, мұнда ақжарқын, кең пейіл жандар тұрады екен, деді М.Шотабаев Сан-Паулу сапары жайында.

Әнші бразилиялық тамақ­қа біраз уақыт үйрене алмай, әсіресе, үйдің сорпасын қатты сағынғанын айтып қалды. «Асаи деген жидектерін жеп көрдім, оны мұнда балмұздақ ретінде ұсынады екен. Ол бойға қуат береді, сахнаға шығар алдында күнде соны жеп жүрдім, дауысым өте жақсы шықты. Ал асаи адам аяғы жете бермейтін Ама­зонка тауларында өсетін же­міс көрінеді» деп өнер ие­сі ондағы тамақтану мәде­ниетінің ерекшелігіне көңіл бөліп өтті.

Медет Шотабаевтың Сан-Паулу Муниципалдық театры сахнасындағы ендігі өнері 31 мамырда және 4-7 маусымда жалғасады, бұл жолы әнші «Евгений Онегин» опе­расындағы Ленскийдің партия­сын шырқайды деп күтілуде.

Салтанат ӘСКЕРБЕКҚЫЗЫ.