Алматыда кезінде Ермұхан Бекмаханов тұрған Панфилов көшесіндегі №126 үйге ескерткіш тақта орнатылды
Салтанатты жиында сөз сөйлеген Алматы қаласы әкімінің орынбасары Зәуреш Аманжолова ескерткіш тақтаның ашылуын – Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толуы мен белгілі тарихшы Ермұхан Бекмахановтың туғанына 100 жыл толуына орай ұйымдастырылғанын атап өтті.
Ермұхан Бекмаханов 1915 жылы Павлодар облысында дүниеге келген. Еңбек жолын Алматыдағы жоғары оқу орындарында оқытушы болып бастады. 1946-1947 жылдары Қазақ КСР Ғылым академиясында жаңадан құрылған Тарих, археология және этнография институты директорының ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары, 1947 жылдан 1966 жылға дейін Қазақ мемлекеттік университетінде өзі ұйымдастырған Қазақстан тарихы кафедрасын басқарды. Ғалымның ең басты еңбегі 1947 жылы Алматыда орыс тілінде жарық көрген «XIX ғасырдың 20-40-жылдарындағы Қазақстан» атты монографиясы болды. Осы тақырыпта 1946 жылы Мәскеуде тарих мамандығы бойынша докторлық диссертация қорғаған. Алайда, 1951 жылы КСРО-ның басты басылымы – «Правда» газетінде сын мақала жарияланып, ғалымды ұлтшыл деп қудалау басталды. Сол жылы университеттегі жұмысынан босатылып, партия қатарынан шығарылды. Ақыр соңында жоғарыдағы айыптау негізге алынып, 1952 жылы Е.Бекмаханов 25 жылға бас бостандығынан айырылды. Сөйтіп ГУЛАГ-тың Сібірдегі бөлімшесіне айдалды. 1954 жылы іс қайта қаралып, ақталып шықты.
Ескерткіш тақтаны ашу кезіндегі жиында кинорежиссер Сатыбалды Нарымбетов таяуда еліміз бойынша прокатқа «Аманат» фильмінің шығатынын айтты. Кино шеберінің ұлы тұлғаның бейнесін сомдау жолында ұзақ жылдар тер төккенінен өнерсүйер қауым хабардар. Режиссер басты рөлге танымал актер Берік Айтжановты таңдапты. Кенесары ханды тағы бір белгілі актер Санжар Мәдиев сомдайды. Қапшағай жағасында соңғы кадрлары түсірілген туындыда Қарлығаш Мұхаметжанова, Әзіз Бейшенәлиев, Ерден Телемісов, Артем Митнев және Дмитрий Скрита сияқты өнер иелері ойнады.
Жиналған қауым өмірі шырғалаңға толы ұлт қайраткерінің рухына бас иіп, тағзым етті.
Талғат СҮЙІНБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.
Суретті түсірген Айтжан Мұрзанов.