20 Тамыз, 2015

Әлеуметтік саладағы ақпараттық-коммуникациялық технологиялар

1108 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
технологтя Халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауым­дастығының басты назарында Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстанның әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына кіруі жөнінде міндет қоя отырып, халықтың өмір сүру сапасы мен деңгейін одан әрі арттыру үшін барлық күш-жігерді жұмсау қажеттілігін бірнеше рет атап өткен болатын. Бұл ауқымды мақсатты жүзеге асыру әлеуметтік өзгерістерді тереңдетуді, әлеуметтік қамсыздандыру жүйелерінің инновациялық инфрақұрылымын одан әрі жетілдіруді көздейді. Адам капиталын дамыту, азаматтардың әлеуметтік және рухани қажеттіліктерін жүзеге асыру халықты әлеуметтік қорғау жүйесімен тығыз байланысты. 2005 жылдың 1 қаңтарынан бас­тап Қазақстанда жұмыс істейтін халықты әлеуметтік қорғаудың қосымша түрі ре­тінде міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі енгізілді. Осыған орай әрбір қызметкер жұ­мысқа орналасқан кезде жұмыс берушімен еңбек шартын жасасуды талап етуі қажет. Зейнетақымен қамтамасыз ету туралы заңнамаға сәйкес жұмыс беруші қызметкердің жалақысынан ай сайын 10% міндетті зейнетақы жарнасын ұстап қалуға және оны Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына (БЖЗҚ) аударуға міндетті. Ал міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы заңнамаға сәйкес, жұмыс беруші Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына (МӘСҚ) жалдамалы қызметкерлердің жалақы қорынан 5% әлеуметтік аударымдар төлеуі тиіс. Қазақстан тәуелсіздік жылдарында мемлекеттің, жұмыс беруші мен қызметкердің жауап­кершіліктерін бөлу арқылы халықты әлеуметтік қор­ғаудың өзіндік жүйесін құрды. Мем­ле­кеттің жауапкершілігі мемле­кеттік бюджет қара­жатының есебінен база­лық жәрдемақыларды уақытында тағайындаудан көрініс табады. Өз кезегінде, жұмыс берушінің жауапкершілігі жалдамалы қызметкерлер үшін МӘСҚ-ға әлеуметтік аударымды уақытында төлеумен жүзеге асырылады. Нәтижесінде қызметкерлер еңбек ету қабілетінен айы­рылуы, асыраушысынан айырылуы, жұмысынан айырылуы, жүктілігіне және бала тууына, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуына байланысты табысынан айырылуы, бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылуы сияқты әлеуметтік тәуекелдер туындаған жағдайда МӘСҚ-тан әлеуметтік төлемдер алуға құқылы болады. Қызметкердің жауапкершілігі – зейнет жасына жеткен кезде БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемін алу үшін міндетті зейнетақы жарнасын төлеумен тұжырымдалады. Осылайша, БЖЗҚ-ға уақытында төленген ай сайынғы міндетті зейнетақы жарналары мен МӘСҚ-ға аударылған әлеуметтік аударымдар жұмыс істейтін халықты әлеуметтік қамсыздандырудың қосымша түріне мүмкіндік береді. Халыққа әлеуметтік қыз­меттерді ұсыну тиімділігі мен сапасын арттыру ақпараттық және инновациялық технологияларды пайдаланумен тығыз байланыс­ты, өйткені, оларды енгізу еңбекті автоматтандыруды, еңбек сыйым­дылығын төмендетуді, қызмет көрсету үдерісін жыл­дамдатуды қамтамасыз етеді. Еліміздегі қолданыстағы ақпа­раттық-ком­муникациялық тех­нологиялар әлеуметтік қам­сыздандырудың ұлттық жүйесін тиімді дамытуға ықпал етеді. Әлеуметтік қамсыз­дандыру жүйе­сіндегі қолд­аны­латын ақпараттық-ком­муникациялық тех­ноло­гиялардың тұжырымдамалық идеялары дербестендірілген (жеке) есеп қағидасына негізделген. Пайдаланылатын технологиялардың ерекшелігі – тек ақпараттарды өңдеуге қол­данылатын процедураларды автоматтандыру ғана емес, сондай-ақ оның жаңа мазмұны мен түрінен де көрінеді. Бұл инновациялық технологиялар негізінде халықты әлеуметтік қорғаудың қолданыстағы үде­рістерін жаңғырту және жаңа үдерістерді құруды іске асыруды білдіреді. Жарналардың дербестендірілген есебі теңбе-тең зейнетақы төлемдері мен әлеуметтік төлемдерді алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, азаматтарға әлеуметтік қорғау жүйесіндегі олардың құқықтары мен міндеттерін растайтын деректерді алуға қол жеткізуге мүмкіндікті қамтамасыз етеді. Әлемнің көптеген елдеріндегі әлеу­меттік-экономикалық жә­не техникалық өзгерістер әлеу­меттік қамсыздандыру ме­кемелері ұсынатын қызмет­тердің қолда бар үлгілерін өз­герту қажеттілігін көрсетті. Қоғамдық болжамдардың өзге­руіне және халықтың қажет­тілігінің артуына жауап ретінде әлеуметтік қамсыздандыру ұйым­дары халыққа ұсынылатын қызметтердің жаңа үлгілерін енгізу қажеттілігін түсінді. Бұл көбіне, жаңа технологиялар­ды пайдалану арқылы зейнетақы мен жәрдемақы берудегі электрондық қызметтерді қамта­масыз ету мен өзара бірігуді әкімшілендіру болып табылады. Қазақстан Орталық Азия кеңіс­тігінде және ТМД елде­рінің арасында халыққа әлеуметтік қызмет көрсету саласында заманауи ақпараттық технологиялардың көшбасшысы ретінде өзін көрсеткен, сондай-ақ жетекші елдердің бірі болып есептеледі. Осыған байланысты, әлеуметтік қорғау саласында жұмыс істейтін мамандарға тәжірибе алмасуға және халыққа қызмет көрсетуде ақпа­раттық және коммуникациялық технологиялар саласындағы озық тәжірибелерді талқылауға мүмкіндік беретін, 2015 жылғы 2-4 қыркүйек аралы­ғында Астана қаласында әлеу­меттік қамсыздандыру сала­сындағы ақпараттық-комму­никациялық технология­лар бойынша Халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауым­дастығының (ХӘҚҚ) XIV халықаралық конференциясы өтеді. Халықаралық деңгейдегі осындай беделді іс-шараның өткізілуі, азаматтарды әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы инновациялық реформалардың жедел жүргізілуі, еліміздің абыройына тағы да бір рет оң ықпалын тигізетіндігі қуантады. ХӘҚҚ әлеуметтік қамсыздандырудың мемлекеттік мекемелерін, ұйым­дарын және ведомстволарын біріктіретін жетекші халықаралық ұйым болып табылады. ХӘҚҚ кәсіби басшылықты әзірлеу, сараптамалық білімдерді тарату, әлемнің түрлі елдеріндегі өзінің мүшелік ұйымдарына қызмет көрсету және қолдау көрсету арқылы әлеуметтік қамсыздандыруды басқарудағы стандарттарды арттыруға ықпал етеді, бұл оларға әлеуметтік қамсыздандырудың динамикалық жүйелерін және әлеуметтік саясатты дамытуға көмектеседі. ХӘҚҚ Халықаралық еңбек ұйымының бастамасымен 1927 жылы құрылған және оның құрамына әлемнің 160 елінен шамамен 340 мүшелік ұйымдар кіреді. ХӘҚҚ белсенді түрде жұмыс істеуге, сонымен қатар кешенді, дәйекті инновациялық тәсілдерді әзірлеуге және жүзеге асыруға бағытталған әлеуметтік қамсыздандыруға қол жеткізуді қамтамасыз ететін кепілді саясат пен бағдарламаларды жүзеге асырады. Қазіргі таңда ХӘҚҚ бүкіл әлем бойын­ша азаматтарды әлеуметтік қамсыз­дандыруды басқаруға ықпал ететін, инновациялық құралдар мен қызметтерді ұсынады. Сондықтан да, өзінің азаматтары үшін әлеуметтік кепілдіктердің артуын жыл сайын дамытатын, сондай-ақ заманауи коммуникациялық технология­лар арқылы мемлекеттік көмек көрсету стандарттарын сәтті енгізген Қазақстанды ХӘҚҚ мүшелерінің әлеуметтік қам­сыздандыру саласындағы ақпараттық-коммуникациялық технологиялар (АКТ) бойынша XIV халықаралық конференциясын өткізу орны ретінде бекітуі кездейсоқ жағдай емес. Астанада өтетін конференция халықты әлеуметтік қорғауды жүзеге асыру үшін АКТ саласында бірыңғай шешім стандарттарын талқылауды өздеріне мақсат етіп қойып отыр. Егер Севильде (2009 ж.) және Бразилияда (2012 ж.) өткен халықаралық конференцияларда АКТ халықтың қажеттілігіне бағытталған, кешенді әлеуметтік қамсыздандырудың негізі және іргетасы ретінде қарастырылса, ал Астанада өтетін алдағы конференцияда әлеуметтік және басқа да мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы ІТ технологиялардың дамуы ескеріле отырып, келесі тақы­рыптар талқыланатын болады: - ақпараттық-коммуни­кация­лық технологиялардың мақсаты және қағи­далары; - әлеуметтік қамсыздандыру саласын­дағы бағдарламалық қамсыздандырудың корпоративтік және ірі ауқымдағы жүйелерін пайдаланудың ағым­дағы тәжі­рибесі; - әртүрлі бағдарламаларда қолда­нылатын стандартталған шешімдерді жүзеге асырудың базалық технологиялары. АКТ индустриясына арналған «АКТ индустриясының форумы» әлеуметтік қамсыздандыру ұйымдарының жұмыс­тарына АКТ енгізуге елеулі ықпал ететін, мәселелердің шешімін із­деуге бағытталған. Бұл фо­румның жұмысына әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы өнімдер мен қызметтердің өзіндік көріністерін көрсететін, жетекші АКТ компаниялардың өкілдері қатысады. ХӘҚҚ мүшелерінің қаты­суымен Астанада өтетін кон­ференцияда Қазақстан тек ұйым­дастырушы ғана емес, сондай-ақ халықаралық бір­лестіктің мүшесі ретінде, ха­лыққа сапалы мемлекеттік қыз­мет көрсету құралы ретінде әлеу­меттік саладағы АКТ жеткен жетістіктерін лайықты көрсете алады. Аталған іс-шараны ұйым­дастырушы қазақстандық тарап халықаралық бірлес­тіктің назарын әлеуметтік кепілдікті қамтамасыз етуді жүзеге асыру саласын­дағы отандық тәжі­рибеге аударуды өзіне мақсат етіп отыр. Осылайша, біздің жас және өскелең республикамыз халықтың мемлекеттен халықаралық деңгейде алатын электронды қызметін енгізудің сәтті тәжірибесін көрсету мүм­кіндігіне ие болады. Соңғы жылдары әлеуметтік салада халыққа мемлекеттік қызмет көрсетуді іс жүзінде жүзеге асыруда АКТ стратегиялық рөл атқара бастады. Инновациялық қолдану ха­лық­ты әлеуметтік қорғау бағдар­ламаларының қоғамдық ықпалын ұлғайта отырып, басқару үдеріс­терінің тиімділігін, қызмет көр­сету сапасын және әлеуметтік қам­сыздандырумен қамтуды арт­тыруға және жетілдіруге мүмкіндік берді. Біздің елімізде әлеуметтік қамсыз­дандыру, соның ішін­де әлеуметтік сақтан­дыру сала­сындағы инновациялық шешім­дердің жасалуы бүгінгі күннің талабы. Бірақ, ең бастысы – енгізілетін инновациялардың барлығы, ең алдымен, халықтың қажеттілігіне бейімделеді, бұл Қазақстанның әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына кіруі жөніндегі басты мақсатына жетуіне ық­палын тигізетін болады. Рүстем ХАМЗИН, «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ президенті.