Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Назарбаев Университет» автономды білім беру ұйымына арнайы барып, ондағы «NURIS» қанатқақты технопаркін және «Өмір туралы ғылымдар орталығын» аралап көрді.
Назарбаев Университетті аралау барысында Елбасы онда қол жеткізілген ең елеулі жетістіктермен және университетте жүзеге асырылып жатқан сан түрлі ғылыми-инновациялық жобалардың нәтижелерімен танысты. Мәселен, Нұрсұлтан Назарбаевқа геномдық зертхана және персоналды медицина аясында жүзеге асырылатын жұмыстар көрсетілді. Президент, сондай-ақ, биосенсорлар мен биоқұралдар, ағысты цитометриялар, иммунобиология және микроскопия зертханаларын аралап көрді.
Мемлекет басшысы «NURIS» технопаркінде университеттің оқытушылары мен студенттері әзірлеген жоғары технологиялық жобаларымен де танысып шықты. Бүгінде «NURIS» ғалымдары «Heartstitch» жобасының шеңберінде Ұлттық медицина холдингімен бірлесіп, әртүрлі паталогиялары бар науқастардың жүрегіне операциялар жасауды бастаған екен. Яғни, Қазақстанда бұған дейін мүлдем жасалмаған жаңа операциялар көкірек қуысын кеспей-ақ, жүрек ауруларының проблемаларын шешуге мүмкіндік беретін болады.
Сонымен қатар, «NURIS» қызметкерлері «диагностикалық шеңбер» деп аталып жүрген жұқпалы аурулардың жедел диагностикасы бойынша да арнайы жоба ұсыныпты. Технопарк ғалымдары экологиялық қауіпсіздікті арттыру, суды тұшытуға арналған энергия үнемдеу мембраналары технологиясы, нанотехнологиялар бойынша қолға алған зерттеу жұмыстарын да таныстырды. Жалпы, «NURIS» 2013 жылдан бері 3 нысаналы ғылыми бағдарламаны іске асырып келеді. Олардың біріншісі – Қазақстанда биомедицина индустриясының негіздерін құру үшін 2014-2015 жылдар аралығында трансляциялық және дербестендірілген медицинаны дамыту, екіншісі – 2014-2016 жылдар аралығында энергия тиімділігі және энергияны үнемдеу, жаңартылған энергетика, қоршаған ортаны қорғау салаларында арнайы зерттеулер жүргізу, үшіншісі – энергия көздерін зерттеудің 2014-2018 жылдарға арналған стратегиялық бағдарламасын әзірлеу.
«Өмір туралы ғылымдар орталығы» ғалымдары геномдық зерттеулер саласында өздерінің бірқатар жобаларын ұсынып келеді. Олардың ішінде обыр ауруларының туындауын болжайтын жоба бар. Бұл жоба арқылы обыр ауруын ерте бастан алдын алу және емдеу бойынша тиісті жұмыстарды дер кезінде жүргізуге болады. Бұл орталық аясында, сонымен қатар, Қазақстанда алғаш рет туберкулезді алдын ала анықтау үлгісі әзірленіпті. Бұл үлгі Қазақстанда туберкулезге қарсы күрестің 2014-2020 жылдарға арналған кешенді жоспарына енгізілген екен.
Ғылыми қызметкерлермен кездесу соңында Нұрсұлтан Назарбаев олардың жұмыстарына жоғары баға берді. «NURIS» және «Өмір туралы ғылымдар орталығы» ғалымдарының ғылыми-зерттеулерінің нәтижелері еліміздің игілігіне, оның дамуы мен халқын сауықтыру үшін тиімді пайдаланылуы тиіс екенін атап өтті. Бұл үшін алдағы уақытта Назарбаев Университеттің базасында жаңа технопарк салу көзделіп отыр. Мәселен, қазірдің өзінде «Astana Business Campus» ғылыми паркінің жоспары әзірленіп үлгеріліпті.
Қазіргі таңда Назарбаев Университетте оқу орнының академиялық бөлігін, ғылыми орталықтарды және «NURIS» ғылыми нәтижелерді коммерцияландыру жүйесін біріктіретін зияткерлік-инновациялық кластер бой көтеруде. Университет базасында 3 ғылыми орталық құрылған. Олар – Энергетикалық зерттеулер орталығы, Пәнаралық орталық және «Өмір туралы ғылымдар орталығы», оларда мектеп профессорлары және 160-тан астам ғылыми қызметкер жұмыс істейді. Қызметкерлердің басым көпшілігі шетелдік ең үздік университеттерде білім алған. Олардың арасында халықаралық деңгейдегі жетекші ғалымдар мен шетелдерден оралған қазақстандық зерттеушілер де бар.
Бұған қоса, ғылыми орталықтарда энергетика, машина жасау, шикізатты терең өңдеу, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, өмір туралы ғылымдар сияқты мемлекет үшін басымдығы бар бірнеше бағыт бойынша да зерттеулер жүргізіледі. Мәселен, болашақтың энергиясын дамыту жобалары үшін университетке әлемге әйгілі ғалым-астрофизик, космолог, Нобель сыйлығының лауреаты Д.Смуттың шақырылуы да көп жайтты аңғартады.
Бүгінде университеттің ғылыми орталықтары өз бағдарламаларын АҚШ-тың, Еуропаның, Жапонияның танымал ғылыми-зерттеу орталықтарымен ынтымақтаса отырып жүзеге асырып келеді. Университетте барлығы 170-ке жуық ғылыми және ғылыми-техникалық жоба іске асырылуда. Оларға студенттер де белсене қатысып келеді.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
Суреттерді түсіргендер
С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.