20 Тамыз, 2015

Жиырма жылдық серпінді дамудың сыры

417 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін
кон-1 Міне, бүгінде, яғни 2015 жылдың тамызында бабалар мұратымен астасқан Ата Заңымызға  жиырма жыл толды. Осы Негізгі Заңымыздың арқасында талай биіктерге самғадық. Небір асулардан өтіп, Елбасы көрсеткен шыңдарды бағындырдық. Бұл – Ата Заңымыздың аясындағы Тәуелсіздігіміздің төрімізде салтанат құруының кепілі. Ендеше осы жетістіктерімізге тәубе дей отыра, келешегіміздің кепілі болған Ата Заңымыздың баяндылығы туралы Жоғарғы Соттың Азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі қадағалаушы сот алқасының судьясы Ақылтай Қасымовқа жолығып, бірқатар сұрақтарымызға жауап алдық. – Ақылтай Ахметжанұлы, заңдылық пен адалдықты, оған қоса әділдік пен ортақ тәртіпті жоғары қоятын, оны құрметтейтін, оған мойын­сұнатын көпшілік Ата За­ңы­мыздың жиырма жылдық торқалы тойын асыға да, қуана да, толғана да күткені сөзсіз. Өйткені, 20 жыл бұрын қабылданған Конституция – мемлекетіміздің стратегиялық даму бағытында заңдылық пен тәуелсіздіктің негізін бекіткен тек саяси-құқықтық құжат қана емес, сонымен қатар, ел өм­ірінің заң алдындағы теңді­гінің бар болмысын біл­діретін шындықтың шырағы болып табылады. Соған орай ел тәуелсіздігіндей адалдық пен әділдікті аңсаған қарапайым халықтың арманы ата мұра­тымен ұласты дей аламыз ба? Осы­ның мән-маңызына тоқталып өтсеңіз. акылтай касымов– Иә, Қазақ елі ата-бабаларымыз аңсаған тәуелсіздік алған соң, Конституция қоғамдағы келісімді, тұрақтылықты, эконо­микалық дамуды, мемлекеттің егемендігін, тәуелсіздігін, аза­мат­тарының құқықтары мен бостандықтарын, мемлекеттің сая­си құрылысын, органдар жүйесін белгілейтін іргетас ретінде қалып­тасты. Өзіңіз айт­қандай, Ата Заңымыздың рөлі жаңа мемле­кетіміздің өмірінде зор болғандықтан, Елбасы Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІ сессиясы барысында 2015 жылы Конституцияның 20 жылдық мерейтойы атап өтілетіндігін айтты. Ал Қазақстан Республи­касы­ның конституциялық саясатының негіздері 1995 жылғы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда айқындалған болатын. Жаңа Конституцияны қабылдау жөнінде бүкілхалықтық референдумда сайлаушылардың басым көпшілігі жаңа Конституцияның қабылдануын қолдап, өздерінің еркін білдірген. Соның нәтиже­сінде республиканың қолда­ныстағы Конституциясы қабыл­данып, өмір талаптарына орай 1998 және 2007 жылдардағы конституциялық реформалар ба­рысында оған түзетулер енгізілді. Жалпы еліміз үшін Конституцияның қабылдануы тарихтағы жаңа дәуірдің басталуымен бейнеленіп, еліміздің серпінді дамуына жол ашты. Конституцияның басты ерекшелігі – республиканың қазіргі заманға үйлесімді заңнамаларына негіз болып, қазақстандық қоғамның мақсаттары мен өзіндік ерекше­ліктерін айқындады. Ата мұратын жалғады. – Осы орайда Ата Заңымыз­дың мемлекеттік-құқықтық қауым­дастығын құруда, саяси-құқықтық және әлеуметтік-экономикалық, мемлекеттік саясат және егемен мемлекеттің қызметі мен да­муының стар­те­гиялық бағыт­тарының қалып­тасу рөліне тоқ­талып өтсеңіз. – Конституция – мемлекеттің Негізгі Заңы ретінде ел бас­қарудың президенттік ныса­нының негізін қалады. Қазақ­стандықтар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бастаған азаматтардың қалыптасқан және дамып келе жатқан мемлекеттік-құқықтық қауымдастығын құрып отыр. Соның нәтижесінде, өзіңіз айт­қандай, жаңа саяси-құқықтық және әлеуметтік-экономикалық құрылым, мемлекеттік саясат және егемен мемлекеттің қызметі мен дамуының стратегиялық бағыттары қалыптасты. Сонымен бірге, біздің халқымыз үшін Конституция ерекше маңызды орын алып тұр, қазақ жерінде тәуелсіз, егемен мемлекет құ­руға, қоғамның дамуына ерекше сая­си жол ашты. Мәні бойынша Конституция құқықтық жүйенің қайнар көзі ғана емес, мемлекеттік стратегияның саяси-идеологиялық өзегін атқарады. Ата Заңымыздағы қоғам да­муының мәнін белгілейтін конституциялық ережелер елі­міз үшін ерекше орын алады. Атап айтқанда, Қазақ­станды демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеумет­тік мемлекет, ал оның негізгі құндылықтары ретінде адам­ның өмірі, құқықтары мен бостан­дықтарын жоғары қойып белгілейтін конституциялық нормаларды көрсетуге болады. Бұл арада негізгі қағидалар арасына қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылықты да қосуға болады. – Ал осы Елбасының тікелей күш-жігерімен дүниге келген Ата Заңымыздың әлеуеті арқасында мемлекетімізде қандай іргелі өзгерістер орын алды деп есептейсіз? – Елбасының дана саясатының, Конституцияның ережелерінің жүзеге асуының негізінде Қазақ­стан экономикалық дамуда, мемлекет құрылысында айтарлықтай табыстарға жетті. Еліміз дүние жүзінің 50 дамыған мемлекетінің қатарына қосылды, ендігі мақсат – дамыған 30 мемлекеттің қатарына кіруге арналған бағдарламаны орындау. Осының бәрі Ата Заңның арқасы емес деп қалай айта аламыз? Демек, Конституция еліміздегі әлеуметтік-эконо­микалық дамудың құқықтық негізі бола тұра, табысты әлеуметтік саясаттың, эконо­микалық бостандықтың кепі­лі болып табылады. Оның конституциялық ережелері мемле­кетте барлық меншік түрле­рінің теңдігін, олардың бір­дей қорғалуын бекітеді, яғни азаматтық қоғам, демократиялық мемлекет құруға және нарықтық экономиканың іргетасын қалауға сенімді жол ашты. Ата Заң бел­гілеген қағидалар арқылы Қазақстан Республикасы күрделі қоғамдық қатынастарды реттейтін тетіктерге ие болды. Осылайша, қоғамдық және мемлекеттік өмірдің барлық саласына қажетті жаңа сапалы заңнамалар жүйесі қалыптастырылып, басқару тетіктерінің қызметі үйлестірілді. Елде конституциялық зандылық пен кұқықтық тәртіпті нығайтуға негіз қаланды. Сонымен қатар, мәселен, мемлекет тарапынан шағын және орта бизнестің дамуына қуатты серпін беретін заңнамалық тетіктер жасалынды. Бұл Елбасының 2002 жылы 9 ақпанда «Мамандандырылған ауданаралық экономикалық және әкімшілік соттарды құру туралы» Жарлыққа қол қоюына негіз болды. Осы Жарлықпен барлық облыс орталықтарында мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттар құрылды. – Ақылтай Ахметжанұлы, осы мәселеге тереңірек тоқ­та­лып өтсе­ңіз деймін. Өйткені,  ел эконо­микасының әлеуетіне шетел жұртының сенімін арттыруда бұл соттардың рөлі зор екені анық. – Дұрыс айтасыз. Мәсе­лен, қазіргі уақытта респуб­лика көлемінде он алты мамандан­дырылған ауданаралық экономи­калық соттар тыңғылықты жұмыс жүргізуде. Елбасы алға қойған жаңа міндеттерді жүзеге асыру барысында, яғни ұлттық экономика үшін инвестициялық ахуалды жаңғырту қызметінде Жоғарғы Сот тарапынан бірқатар игілікті шаралар атқарылуда. Елімізде инвестициялық сот құру, оған білікті шетелдік мамандарды тарту қажеттілігі жайлы Елбасы Н.Назарбаев «Нұр Отан» партиясының XVI съезінде: «Шетелдік және отандық инвес­торлар қазақстандық әділ соттың адалдығына сенімді болуы тиіс. Оған деген сенімді арттыру үшін инвестициялық дауларды қарауға шетелдік судьяларды тартып, мұндай дауларды шетелдік және халықаралық соттардың үздік стандарттары бойынша қарау қажет», деп тапсырған болатын. Конституцияның күрделі даму жолындағы мемлекеттік институттар арасында негізгі орынды сот жүйесі алады. Сот жүйесі қызметінің қағидаттары Конституцияда бекітілген. 2000 жылғы 12 қазанда «Жаңа сот жүйесінің қызметін әкім­шілендіруді қамтамасыз ету шаралары туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы шықты, онда соттарды материалдық-техникалық қамтамасыз ету мәселелері Әділет министрлігінен алынып, Жоғарғы Соттың жанындағы Соттар әкімшісі комитетіне берілді. Яғни, осындай шаралар негізінде соттардың тәуелсіздігін қамтамасыз ету және сотты атқару органдарының қарамағынан шығару мәселелері шешілді. 2000 жылғы 25 желтоқ­санда «Сот жүйесі мен судья­лардың мәртебесі туралы» кон­ституциялық заңын қабылдау сот реформасы сатыларының негізгі кезеңі болды. Судьялардың өз қызметін жүзеге асыруға заңмен барлық кепілдік және жағдай жасалды. Осы заңда қазіргі мемлекеттің қажеттіліктеріне сай талаптар мен сот қызметінің негіз­дері белгіленді. Заңда сот­тың қызметін ұйымдастыру мәселелері, судьяларды қызметке тағайындау және тағы да басқа кепілдіктер белгіленді. – Дегенмен, өзіңіз де жақ­сы білесіз, 2007 жылы Кон­ституцияға өзгерістер еңгізіл­генде сот жүйесіне де бірқатар реформалар жасалуы көзделген болатын. – Әрине, сонау 2007 жылғы конституциялық реформа нәти­жесінде Конституцияға сот жүйесіне қатысты өзгерістер енгізілді. Өзгерістер негізінде сот жүйесі азаматтардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз етуде құқықтық кепілдікке ие болды. Олардың қатарында қамауды санкциялау қызметін сотқа беруді атауға болады. Сот жүйесін дамытудың маңызды түйіні деп 2007 жылдың 1 қаңтарынан бас­тап алқабилердің қатысуымен сот өндірісі институтын енгізуді айтамыз. Алқабилер соты азамат­тардың сот төрелігін атқару про­цесіне қатысуын, қоғамдық бақы­лау мүмкіндіктерін нығайтты. Қазіргі уақытта барлық аймақ­тарда қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттар құрылған. Олардың сот­тылығына аса ауыр қылмыстық істерді қарау жатқызылған. Бүгінгі күнде тәуелсіз Қазақ елінде сот билігі өзінің қана­тын жайып биліктің бір бөлек тармағына айналды. Со­нымен қатар, соттарды әлеуметтік тұрғыдан және жаңа үлгідегі материалдық-техни­калық жабдықтармен, заманауи сәулетті ғимараттармен қамтамасыз ету әрқашан назарда тұр. Конституциямызда белгіленгендей, еліміздің ұстан­ған жолы – құқықтық мемлекет құру, оны одан әрі өркендету. Бірінші кезекте азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын мінсіз қорғау десек, оның ең басты көрсеткіштерінің бірі – сот қызметінің ашықтығы және жариялылығы болмақ. Бұл қағидалар соттар үшін бағдар беретін темірқазық іспетті. Күнделікті атқарылып жатқан сот шешімдерінің әділдігі халыққа қаз-қалпында шынайы жетуі, көпшіліктің дұрыс әрі нақты түсінік алуы бұқаралық ақпарат құралдарына тікелей қатысты. Сондықтан да, соттар олармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуге мүдделі дер едім. – Сөзіңіздің жаны бар, осы орайда баспасөздің сот жүйесіндегі рөлі туралы да айта отырсаңыз. – Елбасы баспасөздің сот жүйесіндегі рөлі жайлы судья­лардың VI съезінде: «Бұқаралық ақпарат құралдарының күш-жігері арқылы қоғамда сот билігіне жағымды және ілтипатты көзқарас қалыптастыру керек», деген болатын. Осы мәселені негізге алып, біздер бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара байланыс жөнінде стратегиялық тұжырымдама әзірлеуді қолға алудамыз. Бұл бағдарламалық құжаттың өзегі – төртінші билік өкілдерімен соттардың бірлескен жұмысын тың деңгейдегі сапа биігіне көтеру. Сот билігінің тәуелсіздігі мен оның тиімділігін арттыруда қазіргі таңдағы ауқымды жұмыстардың бірі де, бірегейі де сот әділдігін жүзеге асыру болмақ. Бұл – тәуелсіз еліміздің Конституциясында бекітілген, судьялардың ар-ожданы, адамгершілігімен айқындалатын ең бір қасиетті міндет. Солай десек те, заңның аты – заң. Талап-арыз берген жеке немесе заңды тұлғаның ісі конституциялық құқыққа сай әділ шешілсе, заңның үстемдік құрғаны. Азаматтардың өз құқықтарын қорғау үшін соттарға өтініш беруі барынша артып отыр. Бұл халық тарапынан соттарға деген сенімнің ұлғайғанын білдіреді. – Елбасы айтқан бес инс­титуттық реформаларға сай «100 нақты қадам – баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» атты Ұлт жоспарының шеңберінде не атқарылып жатыр дей аласыз? – Қазіргі күнде елімізде Елбасы жариялаған «100 нақты қадам – баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» атты Ұлт жоспарының шеңберіндегі реформалар белсенді түрде іске асырылуда. Жоспардың «Заң үстемдігін қамтамасыз ету» деп аталатын бағытына сәйкес еліміздің сот-құқықтық жүйесінің даму мәселелері бойынша 19 мақсатты қадам көзделген. Елбасы дамыған және ең бас­тысы дербес сот жүйесінсіз Қазақ­станның қазіргі әлем­де мемлекет ретінде қалыптас­пайтындығын, экономикасы дамыған көшбасшы елдердің қатарына кіре алмайтындығын әрдайым айтып келеді. Осыған орай, Елбасы тұрақты түрде еліміздің сот жүйесінің дамуына ерекше назар аударуда. Соған орай қазіргі күні «Сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы» конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жобалары бойынша жұмыс жүргізілуде. 2014 жылы жаңа Қылмыстық, Қылмыстық  процестік, Қылмыстық атқару кодекстері қабылданды. Жоғарғы Сот басқа да заңнамаларды одан әрі жетілдіру мақсатындағы жүйелі жұмыстарды атқаруда. Солардың бірі, Қазақстан Республикасының Әкімшілік процессуалдық кодекстің жобасын әзірлеуді де қолға алды. – «100 қадамда» көрсетіл­гендей, сот жүйесі заң үстемдігін қамтамасыз етуде қандай нәти­желерге қол жеткізуде? – Еліміздің сот жүйесі құқық үстемдігін қамтамасыз ету мәсе­лесінде өзінің жеткілікті деңгейдегі тиімділігін көрсетуде. Егер 2011 жылы біздің ел Ғаламдық бәсекеге қабілеттілік индексі шеңберіндегі соттардың тәуелсіздігінің тұрақты көрсет­кішінде 111-орынды алса, 2014 жылдың қорытындысы бойынша 25 позицияға жақсарып, 86 орынға ауысты. Әрі қарай сот жүйесінің тәуелсіздігін нығайту, сот төрелігінің тиімділігін арттыру шаралары жалпы танылған халықаралық стандарттарға сәйкес келетін сот жүйесін құруға бағытталғанын атап өтуге болады. – Өзіңіз айтқандай, үсті­міздегі жылдың басынан Қыл­мыстық, Қылмыстық про­цестік, Әкімшілік құқық бұзушылық, Қылмыстық атқару кодекстері қабылданды. Енді бұған көпшілік не деп жатыр? – Заман талабына сай қабыл­данған Қазақстан Респуб­лика­сының Қылмыстық, Қылмыс­тық процестік, Әкімшілік құ­қық бұзушылық, Қылмыстық атқару кодекстері жарияланған уақыттан бері көпшілік тарапынан кеңінен қолдау табуда. Ал сот қызметкерлері, судьялар корпусы келер жылдың басынан қолданысқа енетін заңнамалармен мұқият танысып, жұмыс бабында пай­далануға машықтану үстінде. Демек көпшілік дән риза. Бұған қоса, Парламентте «Қазақстан Республикасының кейбір заң­намалық актілеріне сот төрелігін іске асыруды одан әрі жеңілдету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар туралы» заң жобасы, жаңа Азаматтық іс жүргізу кодексінің жобасы да қаралуда. Сондықтан біз Конституциямыздың 20 жыл­дығына тың да берекелі әрі нәтижелі табысты істермен келіп отырмыз деп толықтай айтуға негіз бар. Бұл тек біздің салада ғана емес, еліміздің барлық саласында да Ата Заңымыздың арқасында келген тың табыстар дейміз. Демек, еліміздің жиырма жылдық серпінді дамуының сыры осында жатыр деп білеміз. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Александр ТАСБОЛАТОВ, «Егемен Қазақстан».