16 Мамыр, 2015

Дала демократиясы сот игілігінде

361 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты қыркүйек айында Қазақ хандығының 550 жылды­ғына орай «Қазақ құқығы мен билер сотының төре­лігі – қазақ мемлекеттілігінің феномені» тақыры­бында халықаралық ғылыми конференция өткі­зуді жос­парлап отыр. Алдағы басқосу қарса­ңында аймақтық шаралар басталып та кетті. Міне, со­ның айғағындай, Қ.А.Ясауи атындағы Халық­аралық қазақ-түрік университетінде «Есім ханның ескі жолы – ауызша қағидалар жиынтығының озық үлгілері» тақырыбында конференция болып өтті.

Форумға Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстық соттарының төрағалары мен судьялары, ардагерлері, қоғам қайраткерлері, тарихшылар, әдебиетшілер, ғалымдар, қоғамдық бірлестіктердің, БАҚ өкілдері қатысты.

Аймақтық ғылыми конференцияда Жоғарғы Соттың судьясы Бағлан Мақұлбеков сөз сөй­леп, ҚР Жоғарғы Сотының Төрағасы Қайрат Мәмидің қатысушыларға арнаған құттықтауын оқып, соңынан «Киелі жерім, қасиетті елім» тақырыбында баяндама жасады.

Облыс әкімінің орынбасары Ерлан Айтаханов құттықтау сөз сөйледі.

Қазақстан Республикасының құрметті судьясы, заң ғылымдарының докторы Бекет Тұрғараев «Дала даналары билер институтының тарихи маңызы. Есім ханның ескі жолы» баяндамасында Моңғолия мемлекеттік мұрағаттарында қазақ елінің заңдарының толық нұсқасы табылғанын айтты.

Филология ғылымдарының док­тор­лары Құл­бек Ергөбек «Билер шешен­дік пен ақындықтың алтын ар­қауы», Ме­кемтас Мырзахметов «Дәстүр­лі құқықтағы би таңдау жо­лы», ОҚМПИ оқу ісі жөніндегі проректоры, доцент Баршагүл Исабек «Би­лердің келер заманды болжай білуі және ел бірлігін сақтаудағы өсиеттері» тақырыптарында сүбелі баяндама жасады.

Ертеректе бабаларымыздан «Елге бай құт емес, би құт» деген аталы сөз қалған. Расын айтқанда, ханның өзі бидің кесігіне тұрады. Мәселен, Жиембет секілді би, Бұқар сияқты жыраулардың хан шешіміне көңілі толмаған жағдайда өткір сөйлеуі сарғайған тарих парақтарынан белгілі. Бүгінгі сот саласының қызметкерлеріне біліктілікпен қатар туралық, шешен сөйлей білу қасиеті де керек. Конференцияда осы мәселеге айрықша көңіл бөлінді.

Жиынды ОҚО сотының төрағасы Нұрсерік Шәріпов қорытындылап, форумда тиісті қарар қабылданды.

Бақтияр ТАЙЖАН,

«Егемен Қазақстан».

Оңтүстік Қазақстан облысы.