«Жұмыспен қамту-2020 жол картасы» бағдарламасын іске асыруға 2015 жылы 37,3 млрд. теңге қарастырылыпты. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде «Жұмыспен қамту-2020 жол картасы» бағдарламасын іске асыру барысы туралы» тақырыбында өткен брифингте Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Дәулет Арғындықов мәлімдеді.
Вице-министр баяндамасының басында халықты жұмыспен қамту саласында Қазақстанда нақты жетістіктер бар екенін атап көрсетті. Жұмыссыздық деңгейі 2008 жылы 6,6 % болса, 2014 жылдың қорытындысында 5%-ға төмендеген. Осы кезең ішінде экономикалық белсенді тұрғындар саны 500 мың адамға артып, 9 млн. адамға, жұмыспен қамтылған тұрғындар саны 7,8 млн.-нан 8,5 млн. адамға жетіпті. «Біздің ұлттық еңбек нарығымызда да белгілі бір проблемалар мен қиындықтар бар. Оң көрсеткіштерге қарамастан, тиімсіз жұмыстың үлес салмағы жоғары болып қалуда. Халықаралық еңбек ұйымының ұсыныстарына негізделген еңбек нарығындағы көрсеткіштерді статистикалық бағалау әдістемесіне сәйкес, Қазақстанда 2,4 млн. адам өзін-өзі жұмыспен қамтығандар санатына жатады. Бұл мәліметтер бойынша, өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұрғындар арасында мемлекеттік қолдауға мұқтаж 700 мыңдай адам бар», – деді вице-министр.
«Жұмыспен қамту-2020 жол картасы» бағдарламасы аясында жұмыспен қамту: инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту арқылы жұмыспен қамту, кәсіпкерлік бастамашылықты ынталандыру, жұмыс берушілердің нақты сұранысын ескере отырып, оқыту және жұмыспен қамту мен көшуге көмектесу сияқты үш бағыт бойынша іске асырылады. Бірінші бағыт бойынша бағдарлама іске асырыла бастағалы ауылдық жерлердегі 4 мыңнан астам инфрақұрылымдық жобаларда 55 мың жұмыс орны ашылды. Екінші бағыт бойынша азаматтарға пайыздық мөлшерлемесі 6%-дан аспайтын, мөлшері 3 млн. теңгелік несиелер 5 жыл мерзімге беріледі. 2011 жылдан бері 28 мың азаматқа несие беріліп, олар өз кезегінде 26 мыңға тарта қосымша жұмыс орындарын ашты. Үшінші бағыт бойынша бағдарлама іске асырыла бастағалы 121 мың адам кәсіби оқумен, оқуын аяқтаған 105 мың адамның 87%-ы жұмыспен қамтылды. Мемлекет субсидиялаған жұмыс орындарына 132,5 мың адам бағытталып, олардың 67%-ы тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіліпті.
«Биыл бағдарламаны әрі қарай іске асыруға 37,3 млрд. теңге қарастырылды. Оның ішінде 13,8 млрд. теңге бағдарламаның бірінші бағытын қаржыландыруға бөлінді. Соның аясында 520 нысанға жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 30 нысанның құрылысы жалғасады. Жұмыспен қамту орталықтары арқылы оларға 4 мыңдай адам орналастырылды. 3,3 мың өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жұмыссыз азаматқа шағын несие беруге 10 млрд.-тан астам теңге қарастырылған. Үшінші бағыт аясында, ағымдағы жылы 1 мыңнан астам адам кәсіби оқуға жіберіліп, жастар мен тұрғындардың мақсатты топтарына жататын азаматтар үшін 13 мыңнан кем емес жұмыс орны құрылды», – деді Дәулет Арғындықов.
Сондай-ақ, «Жұмыспен қамту-2020 жол картасы» бағдарламасына қатысу мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін өңірлерде әлеуметтік қорғау, жұмыспен қамту және өңірлік бөлімшелерінің қызметкерлерінен құралған 178 арнайы мобильдік топтар жасақталғанын да айтты.
Брифинг қорытындысында вице-министр Мемлекет басшысының тапсырмасымен жұмыс орындарын сақтау және босаған жұмыскерлерді жұмыспен қамту мәселелері бойынша әкімдіктер мен кәсіпорын жетекшілері арасындағы ынтымақтастық жөнінде меморандумдарға қол қою жұмысы жүргізілгенін мәлімдеді. Бүгінгі таңда осындай 50 мыңнан астам меморандумға қол қойылыпты. Тараптар өз міндеттемелерін орындаған жағдайда аталған шаралар 1,9 млн. адамның жұмыс орнын сақтауға мүмкіндік береді екен.
Берік САДЫР,
«Егемен Қазақстан».