16 Мамыр, 2015

Ұсақ қожалықтар бірігуге неге құлықты емес?

250 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Әлемдегі озық дамыған елдерде ауыл шаруашылығын қолдау арқылы өздерін азық-түлікпен толық қамтамасыз ету негізгі міндеттерінің бірі болып саналады. Алайда, жер, су ресурстарының шектеулігіне байланысты ауыл шаруашылығы өнімін өндіруге қажетті табиғи ресурстардың тапшылығы жылдан-жылға ұлғаюда.

Біздің елімізде егістік жерден тапшылық жоқ. Оның жалпы аумағы 272,5 миллион гектарды құрайды, оның ішінде, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердің көлемі – 93,4 миллион гектар немесе барлық жер көлемінің 34,2 пайызын құрайды. Бұл қазақ елінің үлкен бай­лығы. Әсіресе, агроөнеркәсіп кешенін дамы­туға зор мүмкіншілік бар. Осы мүмкін­шілікті ұтымды пайдаланып, еліміздің эко­номикасының өсуіне және халықтың әлеуметтік жағдайын көтеруге бағыттау маңызды мәселе.

Елбасы Н.Назарбаев Х Ислам эконо­микалық форумында «Қазақстан ауыл ша­руашылығы мақсатындағы, жалпы ауданы 90 миллион гектарға жуық жерге ие бола отырып, азық-түлік қауіпсіздігінің жаһандық орталығына айнала алады», деген болатын. Елбасының тұжырымдамасы еліміздің экономикасын жоғары деңгейге көтеруге бағытталған. Сондықтан агроөнеркәсіп кешенін дамытуда осы бастаманы жүзеге асыру мәселелері өз шешімін табуы тиіс. Агроөнеркәсіп саласын қарқынды дамытып, жаһандық орталыққа айналдыру үшін бұл салада мемлекеттік, ұжымдық, өндірістік ұйымдар, шаруашылық қожалықтар, фермерлер, серіктестік және жеке кәсіпкерлік құрылымдарды қатар қалыптастырып, олардың тиімді жұмыс жасауына мемлекет тарапынан ауқымды іс-шаралар қарастыру қажет. Бұл іс-шараларды жүзеге асырудың негізгі жолы ауылшаруашылық құрылымдарды ірілендіру болып табылады.

Алайда, бүгінгі таңда жеке кәсіпкерлер өз еркімен ауылшаруашылық кооперацияларына бірігуге құлықты емес. Оның басты себебі – нормативтік-құқықтық базаның жетілмегені, қызметінің айқын болмауына байланысты кооператив мүшелерінің бір біріне сенімсіздігі. Шаруа қожалықтары мен фермерлердің иелігендегі жер алқаптарының шағын көлемі және олардың өндірістік әлеуетінің тиісті дәрежеде болмауы өндіріске озық технологиялар мен ғылым жетістіктерін өз дәрежесінде енгізуге мүмкіндік бермейді. Соның салдарынан ауылшаруашылық дақылдарының түсімділігі жоғары деңгейде емес. Мал шаруашылығы өнімдерінің едәуір үлесі халықтың жеке қосалқы шаруашылықтарында өндіріледі. Бұл төмен өнімділікке әкеліп, өнімдердің өзіндік құнының жоғарылауына әсерін тигізуде. Осы жағдай өз кезегінде ішкі нарықтағы ауылшаруашылық өнімдеріне деген сұранысты толық қамтамасыз етпей импортқа тәуелділікті қалыптастыруда.

Жоғарыдағы айтылғандарды ескере отырып, ауылды дамытуға мемлекет тарапынан белгіленген қолдау іс-шараларына өзгерістер енгізген жөн сияқты. Ол бойынша ауылды қолдау бағдарламасына бөлінетін қаражаттар нақты мақсаттарға сәйкес жоспарланып, бөлінгені дұрыс. Бүгінде ауылдағы шағын, орта кәсіпкерлікті дамытуға бөлінетін мемлекеттік қаражаттар жұмыссыздықты және қажетті азық-түлік өнімдерін өндіру мәселелерін толық шеше алмауда. Осы орайда агроөнеркәсіп кешенінде атқарылатын іс-шараларды алдын ала сараптан өткізіп, қандай өнімдер өндірілетінін, кімдер өңдейтінін және оларды кімдер тұтынатынын анықтап алу қажет. Өсімдік, мал шаруашылығын дамытуға арналған субсидиялар және мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау нақты өндіріс орындарын ашуға мүмкіндігі бар құрылымдарға (агротехникалық шараларды енгізе алатын егістік жерлердің көлемі, материалдық-техникалық базасы, мамандармен қамтылуы) беріліп, күтілетін нәтижелер айқындалуы қажет. Себебі, ауылшаруашылық құрылымдарының материалдық-техникалық базасын жасамай, қажетті мамандармен қамтамасыз етпей жеткілікті мөлшерде сапалы өнім өндіру және оларды дер кезінде өңдеп, тұтынушыларға ұсынудың мүмкіндігі төмен болатыны сөзсіз.

Жалпы, мемлекет тарапынан берілетін субсидиялар олардың жағдайын жақсартуға бағытталған. Алайда, оларды ресімдеу, алу кезінде шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлер көптеген қиындықтарға кездесуде. Несие мен субсидия алуға тапсыратын құжаттардың саны көп және шаруашылықпен айналысып жүрген кәсіпкерлер ол құжаттарды тиісті заңдарға, ережелерге сай сауатты дайындап, тапсыруға дайын емес. Ауыл шаруашылығында жеке кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдардың арасындағы субсидия мен жеңілдетілген несиелерді ресімдеуге байланысты қатынастарды жеңілдету, реттеу қызметтерін жүргізетін құрылымдар дамымаған. Оларды ресімдеу ауыртпалығы жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарына жүктелген. Шаруашылықты дамытуға қажетті субсидия мен басқа да мемлекеттік қолдаулар шаруа қожалықтары мен фермерлерге жеткілікті мөлшерде және қажетті мерзімде беріле бермейді. Бұл өз кезегінде берілген субсидиялардың нәтижелі де тиімді жұмсалуын қамтамасыз етпейді. Сондықтан, осы айтылған мәселелерді болдырмауды жүзеге асыратын органдарды құру қажет немесе ол қызметтерді жүргізуді тиісті жергілікті атқару органдарының бөлімдерінің құзырына жүктеу қерек. Ауыл шаруашылығы басқармалары мен аудандық ауылшаруашылық бөлімдердің қызметін кеңейтіп, олардың азық-түлікті өндірудегі жауапкершіліктерін күшейту керек. Олардың қызметінің нәтижелері ауылдық жерде қанша кәсіпорындар құрылып, қанша жұмыс орындары ашылғаны және қандай көлемде шикізат өнімдері өндіріліп, олардың қаншасы өңделуден өтіп тұтынушыларға ұсынылғанымен бағалануы тиіс. Ол үшін олардың құзырында жоғарыда айтылған қызметтерді толық атқаруына мүмкіндіктер беретін тиісті шаруашылық тетіктері болуы шарт. Сонымен қатар агроөнеркәсіп саласы органдары мен шаруа қожалықтары, жеке кәсіпкерлердің арасындағы қатынастар толық реттелмеген. Олардың арасындағы тиісті қызмет қатынастары орындалмаған жағдайдағы жауапкершілік міндеттері қарастырылмаған. Қазіргі уақытта олардың қызметтері көп жағдайда ақпарат жинаумен және жоғары органдарға жауап дайындаумен шектелуде. Ауыл шаруашылығы өндірісінің даму көрсеткіштері мен олардың тиімділігі жөніндегі ақпараттың шынайылығы көп жағдайда күмән келтіреді.

Ауылшаруашылық өндіріс орындарын және олардың өнімдерін сақтайтын, өңдейтін кәсіпорындарды ашудың маңызы зор. Қазіргі кезде ауыл шаруашылығында өндірілген астықты, көкөністі, басқа да дақылдарды сақтауды толық қамтамсыз ететін элеваторлар, қоймалар саны жетіспейді. Олардың көбі ескі, жаңа технологияға сай емес, жөндеуді қажет етеді. Ал оларды алуға ауылшаруашылық құрылымдарының жеткілікті қаражаттары жоқ. Мал шаруашылығы өнімдерін өңдейтін ет, сүт комбинаттары да жеткілікті емес. Осыған байланысты шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпкерлер өндірген өнімдерін делдалдарға немесе ірі холдинигтерге төмен бағамен сатуға мәжбүр. Бұл жағдай шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпкерлердің қажетті деңгейде табыс табуына және өндірісін тиімді жүргізуге мүмкіншілік бермейді. Сондықтан, осы мәселені шешуге мемлекет қаражатын лизинг желісінің қызметі арқылы тарту қажет. Қазіргі кезде еліміздегі лизингтік қызмет негізінен ауыл шаруашылығын техникамен және технологиялық жабдықтармен қамтамасыз етумен айналысады. Әлемнің дамыған елдері тәжірибесінде лизингтік қызмет техникамен, технологиялық жабдықтармен қамтамасыз етумен қатар, аса қажетті озық технологиялы инфрақұрылым нысандары құрылысын лизингтік желімен салу, одан соң оларды қаржы нарығында немесе ипотека, лизинг арқылы тапсырушыларға тиімді ұзақ мерзімді несиеге сату жақсы дамыған. Осы тәжірибені бізде де енгізудің пайдасы зор.

Жалпы, еліміз аумағының кең еке­нін және олардың толық игерілмей жатқа­нын ескерсек, ауыл тұрғындарының қала төңірегіне жаппай шоғырлануын қолай­лы жағдай деп айтуға болмайды. Агломе­рация саясатынан бас тартуға болмай­ды, тек оны қай жерлерде, қандай көлем­де жүргізуді анықтап алған жөн. Еліміз­дегі ауыл тұрғындарының бәрін қалаға шо­ғыр­ландырған жағдайда ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді игеру және халық­­ты қажетті сапалы азық-түлікпен қамтама­сыз ету мәселесі қиындайды. Еліміздің аудандық жерлердегі шағын қалалардың жағдайын жақсарту басты мәселе болу керек. Қажет болған жағдайда тың, игерілмей жатқан аймақтарда шағын қалаларды немесе қала үлгісіндегі жаңа кенттерді салуға инвестиция тартудың маңызы зор.

Еуропада, кейбір Азия, Америка елдерінде халықтың қалаларда шоғырлануы қажеттіліктен туындаған. Оларда біздің еліміздегідей кең территориясы, яғни ауыл шаруашылығын дамытуға қолайлы жерлері жоқ, сондықтан да, халықтың көбі қалаға шоғырланған. Біздің елдің жағдайында бұл жаппай орын алмауы тиіс. Астана, Алматы және басқа ірі қалаларда халықтың шоғырлануының шегі болу керек. Үлкен қалалардың тұрғындарын азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз етудің де өз проблемалары бар. Қала тұрғындарын қамтамасыз ету үшін кәсіпкерлер азық-түлік өнімдерін шетелдің арзан азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етіп, отандық өнімдердің тұтыну қабілеттілігін төмендетуі ықтимал.

Жоғарыдағы айтылған мәселелерді шешу өз кезегінде еліміз аумағының тұтастығын сақтауда да мәні зор саяси мәселе болмақ. Игерілмей жатқан территориямызда жаңа шағын қалалар немесе ірі кенттер салынып, оларда жаңа жұмыс орындары ашылатын болса жастарға, шет елдерден келетін қандастарымызға тұрғын үй, жұмыс орындары көптеп табылған болар еді. Бірінші кезекте аудандар аумағында осындай нысандардың санын анықтап, олардың құрылысына шетелдік, отандық инвестицияларды мол тартуды жоспарға енгізу қажет. Ауылдық жерде өндіріс орындары көптеп ашылған жағдайда ауыл шаруашылығының, өнеркәсіп, құрылыс мамандарының ауылға барып қызмет істеуіне жол ашылады. Бұл өз кезегінде жұмыссыз жүргендер мен тұрғын-жайлары жоқтарға төленіп жатқан жәрдемақылар көлемін азайтуға мүмкіндіктер берер еді.

Агроөнеркәсіп саласында мемлекеттік меншікті дамыту арқылы жетістіктерге жетуге болатынын дамыған елдердің тәжірибелері де көрсетуде. Көп елдерде ауылшаруашылық өнімдерін өндіру іс-шаралары негізінен шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған. Бұл жағдай ол елдердегі жер ресурстарының көлеміне және соған сәйкес халықтарының тығыз орналасуына байланысты орын алған. Ал біздің елдің ерекшеліктерін ес­керетін болсақ (табиғат, ауыл­шаруа­шылық мақсатындағы жерлердің көлемі мен орналасу жағдайлары) жер, су ресурстарын толық игеріп, пайдалану, жеткілікті мөлшерде сапалы өнім өндіру мен оларды өңдеу шараларын ауыл шаруашылығындағы ірі кооперациялар мен мемлекеттік кәсіпорындар тиімді жүргізе алады. Себебі, шағын және орта шаруа қожалықтарының өндірістік әлеуеттері, қуаты бүгінде жеткілікті деңгейде емес. Олардың тәжірибесінде шаруашылық мәселелерімен өздерінің отбасылары ғана айналысып, ауылдағы жұмыссыздықты жоя алмауда және табыстары ауылдағы халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталмаған, өндірісі ұсақ тауарлы сипатта қалуда. Жол, ауызсумен қамтамасыз ету, мәдени іс-шаралар және ауылға қажетті басқа мәселелерді шешуге олар мүдделі емес. Бұл айтылған мәселелер қазіргі кезде мемлекет тарапынан шешілуде. Мемлекеттің бағдарламаларында шаруа қожалықтарына жол салу, электр энергиясымен, газбен, ауызсумен қамтамасыз етуге қомақты бюджет қаражаттары қарастырылған. Бұл шағын және орта бизнесті дамытуға қарастырылған көмек. Мемлекет тарапынан ондай көмектер алдағы уақытта да көрсетіле беруі тиіс. Бұл өз кезегінде ірі кәсіпорындар, шаруа қожалықтары мен жеке шаруашылықтардың қатар дамуына оң әсерін тигізеді.

Дегенмен, агроөнеркәсіп кешенін жоғары деңгейде дамыту үшін ауылша­руашылық өндірісінде озық технологияларды енгізе алатын және өнім өндірумен қатар оларды өңдеп, азық-түлік тауарларын дайындайтын ірі мемлекеттік кәсіпорындар ашу маңызды. Осы мәселені жүзеге асырудың ерекше маңыздылығы экономиканың дағдарысқа кезіккен кезінде, оның ауыртпалығын жеңілдету де арта түседі. Сонымен қатар, бұл мәселенің оң шешілуі агроөнеркәсіп саласының тиімді дамуына және халықтың әлеуметтік жағдайын төмендетпеуге мүмкіндік береді.

Ресей ғалымдарының тұжырымдамасы бойынша, экономиканың тұрақтылығы мен жаңа жұмыс орындарын ашу үшін мемлекеттік меншік түрлері экономи­ка­мыздың 55-60 пайызынан кем болмауы керек. Франция мен Германия және басқа да батысеуропалық елдерде мем­ле­кеттің ішкі Жалпы өнімдегі үлесі 50 пай­ызды құрайды. Статистика мәліметтері бой­ынша, 2012 жылы еліміздегі ауылшаруа­шылық құрылымдар санының 85,2 пайызы шаруашылық қожалықтары мен фермерлер үлесіне тиесілі және олардағы ауыл­шаруашылық мақсатындағы жерлердің көлемі 55,1 пайызды құрап, жалпы ауыл шаруашылығында өндірілген өнімдердің 25,7 пайызын ғана өндіреді. Ал ауыл ша­руашылығы кәсіпорындарының саны 2,9 пайызды құрап, олардың үлесіндегі 44,6 пайыз жер көлемінен, жалпы, ауыл шаруашылығында өндірілген өнімдердің 29,3 пайызы өндірілген.

Бұл мәліметтер агроөнеркәсіп кешенінде мемлекеттік кәсіпорындардың үлес салмағының төмен екендігін көрсетеді. Сол себептен олардың басқа меншік түрлерімен қатар дамуын қамтамасыз ету қажет. Олар нарықтық экономиканың принциптеріне сай жұмыс жүргізетін құрылымдар болуы шарт. Ол құрылымдардың ішінде жеке меншіктегі шаруашылықтар өз жұ­мыс­тарын келісімшарт негізінде мемле­кеттік тапсырыс бойынша тиімді жүргізу­ге толық мүмкіндік жасалуы тиіс. Бұл жағдай жеке кәсіпкерлердің шаруа­шы­лық­тарын жүргізуде мемлекеттік кәсіпорын­дардың техникаларын, басқа да көмектерін тиімді пайдаланып, өз өндіріс көлемдерін ірілендіріп, олардың дамуына зор мүмкіндіктер туғызады. Осы орайда ғылыми-зерттеу институттарына ірі мемлекеттік кәсіпорындар, өндірістік бірлестіктер, ауылшаруашылық кооперация­ларын қандай негізде құру туралы, нарық жағдайында жұмыс істеу, қызмет көрсету ерекшеліктеріне сай оңтайлы көлемін, шаруашылықты ұйымдастыру, басқару әдістерін айқындау туралы тапсырыс беріп және олардың ұсыныстарын тәжірибеге енгізуді жүзеге асыру қажет.

Жаңа индустриялық даму кезеңінде агроөнеркәсіп кешеніндегі олқылықтарды жою мақсатында мемлекет ірі өндіріс кешендерін дамытуға қомақты қаржы бөлуді және шетел инвестициясын тартуды жедел өз қолына алып, оларды басқару, реттеу мәселесін жетілдіруге тиісті іс-шаралар қабылдап, оның жүзеге асуын қатаң қадағалауы қажет. Бұл ауылшаруашылық өнімдерін ғылыми жетістіктер мен жаңа технологияларды енгізу жолымен өндіруге және оларды өңдейтін өндірістерді құру арқылы азық-түлік өнімдерінің өзіндік құнының төмендеуіне және жаңа жұмыс орындарын ашуға, шағын және орта бизнес өкілдерін бәсекелестікке сай жұмыс істеуіне зор мүмкіншілік туғызар еді.

Мұрат ЖҰМАДІЛДАЕВ,

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің доценті, экономика ғылымдарының кандидаты.

Жамбыл облысы.