16 Мамыр, 2015

Көршінің ісі керемет еді...

588 рет
көрсетілді
25 мин
оқу үшін

Конфуций мен кемелдік

Биыл менің Қытай Халық Республикасын тұрақты мекен еткеніме он жыл толады. Алдымен бірнеше сатылы оқуды бітірдім. Қазір қызмет істеймін. Осы елде жүріп өсіп-жетілдім. Он жылдың әр күні жаңалыққа толы болды. Осыншама ұзақ уақыт ішінде бұл халық мені таңғалдырудан, ал мен оларға таңғалудан жалықпадым. Бұл – қарасы қалың, тарихы терең, қыры мен сыры мол ел. Аспанасты жұртының өмірге деген көзқарасы өзге елдерден ерекше. Олардың тұрмысы, түсінігі, болмысы басқадан бөлек. Қаза берсең шыға беретін кен көзі секілді қалың елдің қызығы таусылмайды. Қытайдағы ең қастерлі нәрсе – құндылықтар. Бұлар үшін құндылық – ұлт болмысының белгісі, тәлім-тәрбиенің бесігі.

Қытай қоғамында құндылық деген түсінікті нақты қалыптастырған адам – ұлы ойшыл Конфуций. Ол рухани және отбасылық құндылықты қастерлеуді дәріптеген. Әдептілікті адам бақытының басты кепілі деп өсиет қалдырған. Ғұлама бұқара мен билікті, мемлекет пен қоғамды біртұтас ететін жүйені ойлап тауып, оның қағидаларын қаттап кеткен. Өзінің өмірден алған сабақтарын сараптап-саралап, топтап-қорытып, өзгеше бір ілім түзген.

Ол түрлі әлеуметтік жағдайда өмір сүрді. Жастай жетім қалады. Оның әкесі Шулян Хэ деген атақты батыр болған. Конфуций – Шулян Хэнің өзінен 46 жас кіші әйелінен туған баласы. Шулян Хэнің алдыңғы екі әйелінен ұлы болмаған. Конфуций бір жарым жасқа толғанда Шулян Хэ өмірден озады. Ол кеткен соң екі күндесі Конфуцийдің анасына күн көрсетпей, үйден қуып шыққан. Қарт кісіге тиген әйелді не ағайыны, не қоғамы қабылдамайды. Ол баласын алып, ел-жұрттан алыс жерге көшеді. Оқшау өмір сүреді. Анасы қатты қиналғанына қарамастан ұлына бар мейірімін төгіп, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, аялап өсірген. Осыны көрген Конфуций сәби кезінен отбасылық құндылықтар жайында ой түйіндей бастайды.

Көп ұзамай анасы да өмірден озған соң, Конфуций ел кезіп кетеді. Біреудің шаруасын істеп, кейбіреуге жалшы болып жүріп, елден көргенін үнемі көкейге түйіп, миына тоқи білген. Ол қаршадайынан ел ішіндегі ойшылдардың, көшелі кісілердің әңгімесін тыңдап, үнемі ілім іздеумен болған. Соның арқасында он жеті жасында мемлекеттік қызметке алынған. Ал жиырма бесінде қоғамда кәдімгідей беделі бар, мәдениетті тұлғалардың қатарына қосылады. Мемлекеттік қызметте жүріп, әділет министрі лауазымына дейін көтеріледі. Бірақ мемлекеттік жүйедегі келеңсіздіктерден көңілі қалған ол кейіннен мұғалім болуға бел буады. Сөйтіп, өмір бойы оқушы тәрбиелеп, әлеуметке адами қасиеттерден арылмай, бақытты ғұмыр кешудің жолдарын үйретумен болады.

Конфуций әке мен бала, әйе­лі мен ері, ұстаз бен оқушы, билік пен бұқара арасындағы қатынас­тардың қағидаларын жазған. Сол қа­ғидаларға қытайлар әлі күнге дейін құлақ асады. Заман өзгерістеріне орай кейбір қағидаттардың сипаты өз­герді, ал кейбіреуі сол қалпында сақталған...

Ғылым мен ғибрат

Конфуций кезінде басшы – басшы, бағынышты – бағынышты, мұ­ғалім – мұғалім, оқушы – оқушы, әке – әке, бала – бала болып қалуы тиіс деген. Яғни, әркім өз орнын білуі керек. Бұл тұрғыдан алғанда қазіргі Қытайда Конфуций қағидалары барынша сақталған. Былайша айтқанда, әр адам негі­зі­нен өзіне лайық қызметте отырады. Тиісті атағы да өз дәрежесіне қарай беріледі. Жалпы, өзіміз сөз етіп отыр­ған елдегі атақ беру жүйесі ең әділ сала деп білім саласын айтуға болады.

Конфуцийдің бүкіл өмірі білім жинаумен өткендіктен, ол ұстаз бен оқушы арасындағы қарым-қатынасқа ерекше көңіл бөлген. Өзі де ұстаз болғандықтан бұл мамандықты ең құрметті кәсіп деп санаған. Сондықтан білім саласында өзі көрген мемлекеттік жүйеде кездесетін жемқорлық, бюрократия секілді келеңсіздіктерге жол бермеу керектігі жайында қатаң ескерткен. Бұл ескертуді қазіргі қытайлар да естен шығармады. Мұнда әлі күнге дейін ұстаз сөзі – ең құрметті атаулардың бірі. Кейде қытайлар мұғалім болмаса да, өзінен жасы үлкен сыйлы адамдарды ұстаз деп атайды.

Жалпы, бұл елде ғылым саласында еңбек ететін азаматтар ең сыйлы адамдар қатарынан орын алады. Ең жоғары ғылыми атақ – академик. Миллиондаған бәсекелестің арасынан озып шығып академик атану – қиынның қиыны. Ол – шын мәніндегі инемен құдық қазғандай шаруа. Академик атағына дейінгі жолды мына жүйемен көрсетуге болады: бакалавр – магистр – доктор – пост-доктор – ассистент-лабо­рант – лектор – доцент – профессор – ака­демик. Академик атағын алғанға дейін профессор бес сатыдан (1, 2, 3, 4, 5 дәреже) өтуі тиіс. Яғни, ғы­лымға бес түрлі жаңалық енгізу шарт. Ал академик атағын алу үшін тек мемлекеттік көлемде емес, бүкіләлемдік деңгейде мойын­далған ғалым болуың керек. Адамзат атаулыға пайдасы тиетін ғаламат жаңалық ашпасаң, бәрі бекер. Мәселен, Қытайдағы академиктер арасында есімі ерекше аталатын ғұлама – Цзян Сюелин. Ол – Қытай жерінде тұңғыш сутегі бомбасын әзірлеп, оны сынақтан сәтті өткізген атақты ғалым. Бұл кісі әйгілі жаңалығына 1964-1967 жылдарда қол жеткізген. Алайда, академик атағы оған 1984 жылы берілген. Цзян Сюелин – Қытай тарихында тұңғыш академик атағын иеленгендердің бірі.

Жалпы академик, профессор, магистр секілді жоғары дәрежелі ғылыми атақтар Қытайда 80-жылдардан кейін беріле бастаған. Айта кететін жәйт, қазіргі Компартия төрағасы Си Цзиньпиннің зайыбы Пэн Лиюань – ең бірінші болып магистр атағын алғандардың бірі. Бүгінде бүкіл Қытай бойынша 1391 академик, он мыңдаған профессор бар. Олар негізгі екі академияда – Қытай ғылым академиясы мен Қытай инженерлік ғылымдар академиясында қызмет істейді.

Профессор атағын иеленгендер министрліктердегі департамент бастығы, ал академиктер вице-министр дәрежесімен теңестіріледі. Профессорларға мемлекет тарапынан көлемі кемінде 100 шаршы метр болатын 3-4 бөлмелі пәтер бөлінеді. Академиктерге де дәл сондай жағдай жасалады. Оған қосымша «Ауди-А6» маркалы арнайы көлік пен жүргізуші бөлінеді. Ғылыми дәрежесін абыроймен алып жүріп, 80 жастан асқандардың атағына құрметті деген сөз қосылады. Олардың зейнетақысы соңғы қызметіндегі жалақысының 90 пайызын құрайды.

Ғылым саласы қызмет­кер­лерінің жалақысы да салыстырмалы түрде жоғары. Мектепте білім беретін ұстаздар кемінде 3 мың юань, біздіңше 90 мың теңге жалақы алады. Балабақшадағы тәрбиешілер мектеп мұғалімдеріне теңеледі. Ал университеттегі жалақы 4 мың юань, яғни 120 мың теңгеден басталады. Қысқасы, ұстаздық Қытайдағы ең беделді кәсіп саналады. Бұл ел бүгінде сандық өлшемнен гөрі сапаға көңіл бөле бастады. Сондықтан қарапайым мұғалім атанудың өзі оңайға соқпайды. Тек докторлық дәрежесі барлар ғана ұстаздыққа жарайды. Жалпы, ғылыми атақ тағай­ындау жүйесі бұрынғы кеңес­тік жүйеден алыс кетпеген. Атақ беру кезінде ғалымның жас мөлшері де ескеріледі. Мәселен, 40 жасқа толмағандарға білімі асып, таланты тасып тұрса да профессор атағы берілмейді.

Абырой мен атақ

Сауатты да саналы ұрпақ тәрбиелеу үшін сапалы білім қажет. Сондықтан білім саласын мемлекет қатаң қадағалайды. Мұнда жалған атақ алу мүмкін емес. Қай дөкейдің туысы болсаң да, өзіңнің шама-шарқыңа сәйкес бағаңды аласың. Университет қабырғасында жүргенде менің бұған талай рет көзім жетті. «Аға-көкелеп» жүріп сессияның шаруасын тындыру мұнда атымен жоқ. Мұғалімге сый-сыяпат әзірлеп, соған лайықты баға сұрап келген адам қылмыскер саналады. Білім ордасының ішінде де, сыртында да ұстаз бен шәкірттің арасында біркелкі қарым-қатынас болуға тиіс. Оқытушыға пара берем деп сотталып кеткен студенттер туралы талай естігенмін. Жай ғана сабақтан бармақ басты, көз қыстымен баға алғаның үшін қылмыстық жаза дайын тұрғанда, ғылыми атақты тегін алу туралы әңгіме болуы мүмкін емес.

Жалпы, білім беру ісінде ғана емес, кез келген салада осындай ахуал қалыптасқан. Өнерде де жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққандар тиісті атақтарын алады. Бұл саладағы ең жоғары атақтың бірі – «Бірінші дәрежелі мемлекет әртісі». Өнердің қай бағытында болсаң да, ең жоғарысы – осы атақ. «Бірінші дәрежелі мемлекет суретшісі, бишісі, әншісі...». Мұндай атақты тек Қытайда емес, халықаралық деңгейде мойындалып, әлем жұртшылығын таңғалдырған өнер қайраткерлері иеленеді. Бірақ сені алдымен халқың мойындауы керек. Алғашқы бағалаушың – өз өлкеңнің адамдары. Мысалы, сен Хунань провинциясының тумасы болсаң, ең әуелі сол провинция тұрғындарына кеңінен танымал болғаның жөн. Олар саған «Хунань айдаһары», «Хунаньның би патшасы» секілді аймақтық мәні бар атақ береді. Содан кейін ғана мемлекет назарына ілінесің. Осылайша сатылап-сатылап атақ жинай бересің. Ауыл-аймақтан, провинциядан шығып, өнерімен көпшіліктің көңілін баураған таланттар Бейжіңдегі түрлі өнер ордаларына шақырылады. Нағыз бәйге сонда басталады. Онда Қытайдың провинциялары мен төрт автономды аймағынан келген таланттар бәсекеге түседі. Кіл мықтының арасынан суырылып шыққандар ғана жоғары дәрежелі конкурстарға қатыса алады. Оншақты мемлекеттік атақ-дәреже иеленіп, жүздеген конкурс­тарда жеңіп шыққан өнер иесіне «Бірінші дәрежелі мемлекет әртісі» атағы беріледі. Мұндай атақ алу үшін міндетті түрде жоғары білімің болуы керек. Шетелде өнеріңді шыңдағаның туралы арнайы құжат тағы қажет.

Атағы жоқ әншілер мен бишілер теледидар экранына шықпайды. Әрине, барлық деңгейдегі әртіс­терге арналған телеарналар мен бағдарламалар баршылық. Бірақ біздің «Қазақстан» ұлттық арнасы мен «Хабар» секілді өзіміз сөз етіп отырған мемлекеттің бас­ты телекешені – Қытай орталық телевидениесінен жарқ етіп көріну үшін өнердегі орның бөлек болуы керек. Орталық телевидениенің ең елеулі мерекелерге арналған кон­церттерінде тек жоғары дәрежеде мой­ындалған әртістер ғана өнер көрсетеді.

Тағы бір айта кететін жайт, Қы­тайда фонограммамен өлең ай­туға қатаң тыйым салынады. Бұл нағыз шын таланттардың дараланып шығуына ықпал етеді. Халық санының көптігін ескерсек, «Бірінші дәрежелі әртіс» атағын иемденген өнер майталмандарының саны салыстырмалы түрде аз. Осындай өрге шыққан аз ғана дарабоздардың арасында біздің қандастарымыз да бар. Миллиардты мойындатқан қазақтардың көшін белгілі кинорежиссер Жанар Сағатқызы бас­тайды. Ол – мемлекеттің бірінші дәрежелі режиссері. Оған осы елдің ұлт көсемдері мен Қытайдың саяси тарихы жайындағы фильмдерді түсіруді сеніп тапсырады. Мұндай мәртебені ең таңдаулы өнер майталмандары ғана иеленеді. Біздің газетіміз «Миллиард ішіндегі бриллиант» деп атаған Жанар – сондай аса сирек таланттың бірі.

Дарынымен қалың елді мойындатып, «Бірінші дәрежелі мемлекеттік сыйлықтың» иегері атанған әйгілі қандасымыздың бірі – Әкбар Мәжит. Бұл ағамыз – Қытай мемлекеттік Саяси кеңесінің мүшесі, «Қытай жазушылары» журналының бас редакторы. Кезінде Қытай Жазушылар одағы төрағасының орынбасары болған. Қытайша жазып, қытайлардың өзін сүйсіндірген атақты қаламгер.

Би билеуден қалың қытайды қол соқтырған мен білетін қос дүлдүліміз бар. Олар – Әнуар Түсіпұлы мен Фархат Бимашұлы. Әнуар Түсіпұлы – Қытай жеріндегі аз ұлттардың билерін үздік билеп, сан мәрте мемлекеттік марапат алған. Қытай атынан шетелдік гастрольге алғаш барған өнер саңлақтарының бірі. Ал Фархат Бимашұлы – Қытай жерінде тұңғыш «стэп» биін билеп, «Шығыстың стэп ханзадасы» атанған әйгілі биші. Стэптің отаны – Ирландиядан келгендердің өзі Фархаттың өнерін тамашалап, таңдай қаққан. Қазір оның атағы да көп, бармаған шет елі де жоқ. Ол – батыстың биін Қытайға алғаш енгізгендердің бірі. Соның бәріне қандастарымыз ерен еңбектің, жанкешті жаттығудың арқасында қол жеткізген.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – Қытайда жалған атаққа жол жоқ. Өнерде де, ғылымда да талай жыл тер төкпесең, ешқандай табысқа кенеле алмайсың. Ал аянбай еңбек етсең, алынбайтын қамал болмайды. Оған сенері мен сүйенері болмаса да, 56 ұлттың ішінен жарып шығып, өнердің биік шыңына көтерілген қандастарымыздың ғаламат жетістіктері дәлел.

Ырыс пен ысырап

Бұл елге бүгінде сан емес, сапа керек. Тамыр-таныстың, параның көмегімен атақ алу мүмкін емес. Компартияның жаңа Төрағасы Си Цзиньпин жемқорлықпен белсенді күрес жүргізуде. Елдегі ең беделді деген шенеунік, министр, генералдардың өзі жемқорлық жасап, мемлекет беделіне нұқсан келтіргені үшін абақтыға жабылды. Аса көп көлемде қаржы қымқырып, қазынаға қол салғанына байланыс­ты талай адам ауыр жазаға кесілді. Иә, заң өте қатаң мұнда. Әйтпесе, миллиардтан астам құрсақты қалай ашықтырмай ұстайсың?! Си Цзиньпиннің билік құрғалы мемлекетке енгізген өзгерістерін ойлап отырып, тағы бір жайт есіме түсті. «Құлдыраған құндылықтардан» басталған мақалалар топтамасында ысырапшылдық туралы айтылған. Еліміздің кейбір аймақтарында той өткізгенде салт-дәстүрге көңіл бөле бермейді. Той-томалақтың деңгейі кеткен қаражатқа, шақырылған қонақтың санына қарап бағаланады. Мән-мағынасы жоқ тойлар көбейіп барады. Елге белгілі ағаларым осы жөнінде ой толғапты. Қытайда да бұрын мұндай жағдай болған. Жалпы, бұл елдің дәстүрінде де үйлену тойында бар байлығыңды шашу керек деген ұғым бар. Неғұрлым ақшаны көп шашсаң, соғұрлым келінің қайырлы болады. Бұрындары бұл апталап, айлап созылатын, түрлі салт-дәстүрге толы ұзақ үрдіс-тін. Бірақ қаражат та осы ұзақ уақытты ескере отырып жұмсалатын. Ал бері келе жұрт тек батыстық үлгідегі банкетпен шектелетін болды. Алайда, бір банкеттің өзіне бұрынғылардың бір ай бойы жұмсайтын қаражатын төге салатындар кездесті. Әсіресе, мемлекеттік қызметкерлер, яғни шенеуніктер арасында банкет арқылы бәсекелесу едәуір етек алып кетті. Осыдан төрт-бес жыл бұрын Шанхай әкімшілігінің бір қызметкері өз ұлын үйлендіру үшін бақандай бір ауданның бюджетін жұмсаған екен. Оның тойындағы кортежге 25 «Ferrari», 25 «Lamborghini», 10 «Rolls Royce» көліктері ілесіп жүріпті. Осылайша бір күн бойы Шанхайды шулатқан тойдың жаңғырығы бір жылға созылды. Бұл той туралы барлық әлеуметтік желілерде, ғаламторда жазылды. Кейіннен дүбірлі думан туралы хабар жоғарыдағы басшылардың құлағына жетті. Көп ұзамай ол шенеунік жемқорлық үшін жауапқа тартылды. Ал жаңғырығы жарты Қытайға жеткен той туралы ақпарат ғаламтордан жоғалды. Содан бастап бұл мәселе қатаң қадағалауға алынды.

Зерттеу жүргізу арқылы Қытайда жылына есепсіз қаражат үйлену тойына жұмсалатыны анықталды. Тек Хэбей провинциясына қарасты Шыджячжуан қаласында жылына 700 миллион юань үйлену тойына кететін болған. Ал бүгінде той-думан өткізуге шектеу қойылды. Мемлекеттік қызметкерлерге, әсіресе басқарушы қызметтегілерге өз қоластындағыларды тойға шақыруға тыйым салынды. Оның үстіне сыйлықты конверт күйінде алуға болмайды. Сыйлықтардың бағасы да бекітілді. Мысалы, белгілі бір дәрежедегі шенеуніктер құны 100 доллардан артық сыйлықты қабылдап алғаны үшін жауапқа тартылады. Қонақтар саны да той иесінің беделіне байланысты 50-100 адамнан аспауы керек. Сонымен қатар, тойда қонақ­тарға ұсы­нылатын тағамдарға да шектеу бар. Шетелдік өнімдерді, ішімдіктерді, қымбат экзотикалық тағамдары үс­телге қоюға болмайды.

Тойды қойшы, мемлекеттік қыз­меткерлерге қымбат мейрамханалардан ас ішіп, қымбат көлік мініп, аса қымбат киім киюге де заң жүзінде қатаң тыйым салынады. Жеке тойлар емес, мемлекеттік мерекеге орай ұйымдастырылатын салтанатты шаралар да қадағаланады. Тек ең басты үш мерекеге – ҚХР-дың құрылған күні, Еңбек күні және «Көктем мерекесіне» орай тойлау ұйымдастырылады. Қалған дәстүрлі мерекелерде шағын жиындар өткізіліп, құрғақ құттықтаулар ғана айтылатын болды. Жемқорлықпен күрес комитетінің баяндауынша, бұл қадамдар елдегі есепсіз ысырапшылдықты тоқтатады. Ал үйлену тойына кететін қаражатты шектеу жас жұбайлардың тойдағы шы­ғынға емес, дәстүрге көбірек көңіл бөлуіне ықпал етеді дейді маман­дар. Яғни, мемлекет ұлттық құнды­лықтарды қалпына келтіруге барын­ша күш жұмсап жатыр. Жал­пы, тек ұлттық құндылықтарды сақ­тау ғана емес, ұлт санасының таза болуы да Қытай үкіметінің назарында.

Перзент пен парасат

Конфуций белгілеген құнды­лықтарға қайта оралайық. Оның өсиеті бойынша ең басты құндылық – отбасы. Бұл – әке мен баланың, әйел мен еркектің, аға мен інінің ара қатынасы жайында әңгіме. Конфуцийдің айтуынша, туыстық қатынастар ешқашан үзілмеуі тиіс. Оны үзген немесе үзілуіне себепкер болған адам бақытсыздыққа ұшырайды. Ол рухани жағынан үнемі жұпыны күй кешеді. Ұлы ғұламаның айтқанына қытайлар ғасырлар бойы құлақ асып келді. Алайда, кейінгі ұрпақ ойшылдың өсиеттерін қаперге ала бермейтін сияқты. Жалпы, коммунизм құрылымы қандай да бір наным-сенімдерге қайшы келеді. Ал Конфуций ілімі белгілі бір дәрежеде дін ретінде қабылданады. Көпшілік үшін бұл философия ғана емес – діннің де тұғырнамасы. Сөйтіп, қытайлар осы күнге дейін бір-біріне ептеп қайшы келетін қос идеологияны қатар ұстанып келді.

Соңғы кездерде мұнда да отбасылық құндылықтар селдіреп бара жатқан секілді әсер қалдырады. Бұған себеп – жоспарлы туу саясаты. Көп жыл бойы Қытай үкіметі отбасында бір баладан артық тууға тыйым салып келді. Бұл, әрине, елдегі кезекті демографиялық жарылыстан құтқарды. Жоспарлы туу саясаты әлемнің демографиялық өсімін 500 миллион адамға тежеген. Халық саны тағы да жарты миллиардқа артқан кездегі Қытайдың ахуалын көз алдыңызға елестете беріңіз. Әртүрлі күрделі ахуал пайда болуы мүмкін бе еді?! Кім біледі... Ең бастысы, бұл сая­сат елдегі тұрақтылықты сақтап қалды. Есесіне халықтың сана-сезімін өзгертті. Әсіресе, өскелең ұрпақтың өмірге көзқарасын басқаша қалыптастырды, оларды өзімшіл етті. Қазіргі қытайлардың арасында да ата-ананың қадірін білмейтіндер кездеседі. Осыдан он жыл бұрын Қытайға оқуға келгенде бір топтағы қыз-жігіттердің ата-аналары туралы айтқандарын естіп, жағамды ұстағанмын. Олардың айтуынша, әке-шеше бұл өмірдегі демеуші ғана. Өсірді, өндірді, оқытты. Жоғары білім берді. «Енді жұмысқа орналастырса болды, мен бірер жылдан кейін олардың алдындағы қарызымнан құтыламын», – дейді біреуі. Мен: «Бұл қалай?», – деп сұрадым. Сөйтсем, ол бірер жыл жұмыс істеп, оқуына, киім-кешегіне кеткен қаражатын есептеп, сол ақшаны жинап, әке-шешесіне қайтарып бергенді жөн көріп отыр. Сосын бітті, оларға тәуелді болмайды, көп араласа да қоймайды. Сол екі-үш курстасымның ғана емес, қазіргі буынның біраз бөлігінің ойы осындай екенін аңғардым. «Естімеген елде көп», деп қолымды бір-ақ сілтегенмін. Әрине, айтқандарына сенбедім.

Кейіннен бұл мәселені өзімше зерттеп көрдім. Сөйтсем, Қытай қариялары көбінесе жалғыздықта өмір сүреді екен. Қараусыз қалған қарттар саны жылдан жылға көбейіп келеді. Бұл қоғамдағы үйреншікті жайтқа айналып барады. Бар мейірімін төгіп, алақанына салып әлпештеп өсірген «кішкентай императорлар» есейгеннен кейін жеке басының қамымен кетеді. Бұл – ең басты құндылықтардың кемігенінің көрінісі. Отбасын ұмытқан адамның басқа да ізгі қасиеттері жоғала бас­тайды. Мемлекет бұл мәселемен де белсенді айналысуда. Мәселен, былтыр әркім қарт әке-шешесін жылына кем дегенде бір рет көріп тұруы тиіс деген заң шықты. Оған мойынсұнбағандарға жаза қолданылады. Сөгіс жарияланады, айыппұл салынады.

Қай кезде де ешкімге тізесін бүкпей, қауіп-қатерге төзе білген біздің қазақ: «Өнерді үйрен де жирен», дегенді баяғыда-ақ айтқан. Тағдыр қандай салмақ салса да, қайыспай көтеріп, қиындықты ел болып еңсере білген халық екеніміз рас. Құндылықтардың құлдырауы – қазіргі заманның бізге құрған қақпаны. Бірақ ақылға салып, айлаға жүгінсек, жаңа дәуірдің қызығына, жаңа технологияның сандық сипатына алданып, сиқырлы үніне бөленіп жата бермеспіз. Көршінің ісі керемет еді... деп жан-жағымызға қарау керек пе, кім біледі?..

 Дәурен БАУЫРЖАНҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан».

БЕЙЖІҢ.