18 Шілде, 2010

ЕСЕППЕН ПАЙДАЛАНСАҢ, ЕСЕҢ КЕТПЕЙДІ

695 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
Табиғатты қорғаудың сапасын арттыру үрдісін әлемнің барлық дамыған елдері ұстанып отыр. Біздің еліміз де сол өркениеттің көшіне ілесіп, экологиялық жағдайды заман талабына сай жақсартуға бағыт ұстауда. Соның бір айғағы – Қазақстан өткен жылдың 17 қыркүйегінен бастап ауа кеңістігінің өзгеруін реттейтін Киото хаттамасына толық қосылды. Бұл дегеніңіз, алдағы уақытта халықаралық ұйымдар тарапынан экологияға қатысты талап күшейеді деген сөз. Ана шеті мен мына шеті тұлпардың тұяғын кетілдіріп, ұшқан құстың қанатын тал­дыратын кең байтақ қазақ жері – ата-бабадан қалған игілігіміз, байлығымыз, бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік меншігі. Еліміздің болашағы – келешек ұрпақтың қолына өтетін өлке байлығын, өсімдігі мен жануарлар дүниесін, жалпы қоршаған ортаны қорғау ба­ғытында Елбасы алға қойған міндеттер мен Үкімет тарапынан бекітілген шаралар біздің қызметіміздің басты бағдары болып табылады. Облысты ел өңірлері арасында экономикалық жағынан қуатты, әлеуметтік жағынан әлеуетті деңгейге көтеріп отырған да аумақтағы жер­асты және жерүсті байлығы екені де рас. Десек те, облыс экологиялық ластану үлесі бойынша еліміздегі анағұрлым қолайсыз бес аймаққа кіреді. Облыстық өкілетті және атқа­рушы билік экологиялық про­блемаларды шешуді ұдайы назарда ұстаса да аймақта жерасты суларының хром қосын­дыларымен, бормен ластануы, өнеркәсіптік және тұрмыстық қалдықтардың өңделмеуі сияқты проблемалар әлі де шешімін таппай келеді. Мұнай және газ өндіру салдарынан Көкжиде жерасты  ауыз су қорының ластануы қаупі туындап отыр. Мұнай өндірілетін аумақтағы елді мекендердің экологиялық жағдайы күрделі болып қалуда. “Ақтөбемұнайгаз” және “Лан­кастер Петролеум” акцио­нерлік қоғамының мұнай кәсіп­шіліктеріне жақын орна­ласқан Кеңқияқ, Саркөл, Шұбарши елді мекендерінде күкіртті сутегі, бензапиреннің, формальдегидтің, шаңның мөлшері шектік рұқсат етілген жинақталудан 1,2-ден 4,8 есеге дейін артады. Елек өзенін бормен ластап жатқан кезіндегі Алға химия зауытының шлам жинақтағыш тоғанын зерттеу және тәжірибелік жұмыстар жүргізілді. Осы өзеннің бассейнін тазартудың техникалық-экономикалық негіздемелері жасалды. Елбасының өзі Елек өзенін алты валентті хроммен ластанудан тазарту бойынша тапсырма берген болатын. Облыстық әкімдік бірегей тә­жірибелік жұмыстар ұйым­дастырды,ТЭН жасады. Жобаны құзырлы орындар қарап, оны жүзеге асыруға республикалық бюджеттен  1,5 млрд. теңге бөлуге шешім қабылдады. Сондай-ақ, Шалқар көлінің табанын тазарту да өзекті мәселе болып отыр. Көл табанын тазарту жобасы жасалды, бұл жоба республикалық бағдарламаға да енгізілді. Алайда, жобаны қаржыландыру жылдан-жылға ке­йінге ысырылып келеді. Үс­тіміздегі жылы көлдің гидро­техникалық құрылыстарын қайта жарақтандыруға жергілікті бюд­жеттен қаржы бөлінді. Бірақ, оның табанын тазарту әлі бас­талған жоқ. Міне, осының бәрі табиғатқа жанашырлықпен қа­рамаудың, оны есепсіз пай­даланудың салдары екені даусыз. Біз табиғат байлығын тек осы сәтте ғана пайдалануды місе тұт­пай, келешек ұрпаққа қандай күйде қалдыратынымызды қаперде ұстауымыз керек. Рас, бұрынғы қай кезден гөрі қазір табиғат қорғауға басымдық беріле бастады. Оны осы саланы қаржыландырудың артып отыр­ғанынан да аңғаруға болады. Сөзіміз жалаң болмас үшін нақты деректерге жүгінелік. Облыс бойынша табиғатты қорғау іс-шараларын қаржыландыру көлемі 2005 жылы  179,5 млн. теңге болса, өткен жылы 1 892,2 млн. теңге құрады. Мұның өзі өңірдегі экологиялық тепе-теңдікті қалпына келтіру және табиғи орта сапасын тұрақ­тандыру үшін табиғатты пай­далану және қоршаған ортаны қорғау саласында бірқатар іс-шараларды жүзеге асыруға мүмкіндік берді. Шалқар қала­сында санитарлық және эколо­гиялық талаптарға сай осы за­манғы тұрмыстық қатты қал­дықтар полигоны салынды. Ақ­төбе қаласы маңындағы жасыл же­лектің санитарлық-қорғау аймағын қайта жарақтандыру жо­басы әзірленді. Жұмыс ая­сында алдағы уақытта кесуден, өрттен және орман зиянкес­терінен қорғау жөнінде іс-шаралар жүргізілетін орман қорына енгізу үшін орман алқабы ұсынылды. Орман тәлім бақ­тарын дамыту жөнінде ұсы­ныстар енгізілді. Бұрынғы  жасыл желектерді қайта жарақ­тан­дырудың технологиялық сызбасы дайындалды. Облыс  бойынша бүлінген жерлерді түгендеу жүргізілді, оның көлемі анықталды, бүліну және табиғи аймақтық сипатына қарай жерлерді қайта қалпына келтіру жоспары әзірленді. Қоршаған ортаны ластайтын барлық объектілер анықталды, оларды республикалық немесе коммуналдық меншікке беру жұмыстарын жүргізу тізбесі жасалды. Көкжиде құм алқабының жер асты бірегей тұщы су кен орнын сақтау мақсатында ғылыми қолданбалы экологиялық зерт­теулер жүргізілді. Жерасты суларының сапасын қадағалау үшін гидрогеологиялық ұңғымалар желісі құрылды. Жұмыс қорытындысы бойынша жерасты суларын сақтау жөнінде ұйымдастыру және техникалық іс-шаралар  жоспары жасалды.  Иесіз гидрогеологиялық ұңғымаларды түгендеу жұмыстары басталды. Шалқар ауданында өздігінен ағатын – 94 ұңғыма, Байғанин ауданында – 99 ұңғыма, Ырғыз ауданында – 19 ұңғыма анықталды. Биыл бірегей тұщы су кен орнын сақтау мақсатында “Көк­жиде құм” алқабының жерасты және жер бетіндегі суына мони­торинг жүргізуді жалғастыру, мем­лекеттік орман қорына кірмейтін өңірдегі орман алқаптарын түгендеу, олардың қазіргі жағдайын бағалау және сақтау, оңтайлы пайдалану жөнінде ұсыныстар әзірлеу көзделуде. Сондай-ақ, Елек өзені бассей­ні­нің жерасты суларын алты валентті хроммен ластанудан тазарту жөніндегі жобаны жүзеге асыру басталды. Ақтөбе қаласы маңындағы жасыл желектің санитарлық-қорғау аймағын қайта жарақтандыру жөніндегі жұмыс­тарды жалғастыру, 2010 жылы көлемі 62 гектар жерге жұмыс жүргізу жоспарланып отыр. Жиналған материалдарды зерттеу және талдау арқылы жалпы көлемі 547,66 шаршы шақырым болатын Ақтөбе қаласының санитарлық-қорғау аймағының шекарасы белгіленді. Мердігер “Қазэкожобалау” ЖШС оны қайта қалпына келтіру іс-шараларын дайындады. Жобалаушылар қайта қалпына келтірілетін ағаштарды жалпылама түбірімен қопару әдісінен бас тартуды ұсынып отыр. Өйткені, мұндай әдіс орманды жоюға негіз болады. Сондықтан жобалаушылар нақты күйреген ағаштардың бұтақтарын қиып, қайта түлеп көктеуі үшін түбірін қалдыруды ұсынды. Осылайша, ағаш­тардың табиғи өсуін қамтамасыз ете  аламыз. Топырақты зерттеу мәлімет­теріне сәйкес, Ақтөбе қаласы санитарлық-қорғау аймағының мемлекеттік орман қоры жерінің басым бөлігіне (40 пайыздан астам немесе 2466 гектар) келешекте қарағай отырғызу да ойлас­ты­рылуда. Жасыл желектер санитар­лық-гигиеналық қызметті атқара­ды, қаланы қатты және аңызақ желден, топырақ бораудан сақ­тайды, ауа бассейнін тазартуға,  ауаны ион­дауға, адамдардың ден­саулығына, табиғи кешенге, қала­ның сәулеттік-ландшафты кел­бетіне оң әсер ететін, рекреация мүм­кіндігін кеңейтуге септігін ти­гі­зетін фитонцидтер бөліп шығарады. Ақтөбе қаласының айнала­сындағы қарағаштардың шекті жасына жетуі және 1990 жылдары тиісті  күтім жұмыстары жүргі­зілмеуі салдарынан орман дақыл­да­рының басым көпшілігі қурап қалды. Облыс әкімдігі қайта қалпына келтіру жобасын әзірлеуге қаражат бөлді, “Қазэкожобалау” ЖШС қураған ағаштарды ауыс­тыру бойынша іс-шаралар жоспарын дайындады. Онда қоршаған ортаға, өсімдіктерге зиян келтірмейтін ұтымды технологиялар ұсы­нылды. Жоспарды іске асырудың бірінші жылы мердігер – “Елім Ақтөбе” компаниясы аумағы 62 гектар жерде орман ағаштарын қалпына келтіру жұмыстарын бастап кетті. Келесі жылдары жұмыс көлемін 400-450 гектарға арттыруды жос­парлап отырмыз. Аталған жұ-мыс­тарды орындау     10 жыл мер­­зімге белгіленген. Ол үшін аумағы 5644 гектар болатын қураған ағаштарды кесіп, оларды қарағай, шаған, терек, қайың сияқты ағаш түрлерімен алмас­тыруға бағыт ұсталуда. Ақтөбе облысы қазіргі уақытта ерекше шапшаң дамып келе жатқан аймақтың бірі. Мұнай  мен басқа да кен  өндіру жоғары қарқынмен дамуда. Соған байланысты, мұнда миллиондаған жылдардан бері қалыптасқан дала, шөлейт, жартылай шөлейт алқаптарының және су айдындарының ерекше биоценозына да қауіп төнуде. Осы жағдайларды болдырмау және алдын алу мақсатында 2007 жылы ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды дамыту және орналастыру ресурстарының қазіргі жағдайына кешенді баға берілді, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға ұсынылатын аумақтардың тізімі жасалды, оларға сипаттамалар берілді. 2008 жылы  Мәртөк, Қобда, Орқаш жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жаратылыстану-ғылыми және жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын “Эбита” табиғи аумағының техникалық-эконо­микалық негіздемесі дайын­далды. Биыл Қарғалы ауданында жалпы алаңы 83 770 гектарды құрайтын “Эбита” жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумағы  құрылды. 2005-2006 жылдар аралы­ғында облыстық бюджеттің қаржыландыруымен Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резерватының жаратылыстану-ғылыми және техникалық-экономикалық  негіздемесі дайындалып, ел Үкіметінің 2007 жыл­ғы 14 ақпандағы № 109 қаулысына сәйкес, облыс әкімдігінің алдын ала жүргізген жұмыстарының нәтижесінде жалпы көлемі 765 мың гектар және штаттық құрамында  99 адамы бар Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резерваты ашылған еді. Осылай облыста алғашқы рет мәртебелі заңды тұлғалы және жоспарлы қаржыландырылатын ерекше қорғалатын табиғи аумақ пайда болды. Резерват аумағында сүтқоректілердің – 29, құстар­дың – 250, жорғалау­шылардың – 14, қосмекенділердің 4 және балықтардың 10 түрі мекендейді.  Жалпы алаңы 296 мың гектарды құрайтын Торғай мемлекеттік табиғи қаумал аумағында сүтқоректілердің –29, құстардың 170 түрі бар, 30 түрі Қызыл кітапқа  енгізілген. Мұнда бауырмен жорғалаушылардың – 14 , қосмекенділердің – 4 және балықтардың 11 түрі кездеседі Биыл Мұғалжар ауданында “Орқаш” жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақ құрудың техникалық-экономи­калық негіздемесін дайындауға қоршаған ортаны қорғау бюд­жеттік бағдарламасы бойынша 2,5 млн. теңге қаражат қарас­тырылды. 2011-2015 жылдарда республикалық маңызы бар “Озерный” және жергілікті маңызы бар “Мәртөк”, “Ойыл”  ерекше қорғалатын табиғи аумақ­тарын құру үшін жара­тылыстану-ғылыми және техни­калық-экономикалық негізде­мелері дайындалуда. Табиғат пен табиғи ресурстар тек бүгінгі ұрпақтың еншісіндегі байлық емес. Сондықтан одан игіліктерді көруді ғана ойламай, табиғатты көздің қарашығындай сақтауға, мейлінше тиімді пайдалануға, келтірілген зиян­ның орнын толтыруға, қалпына келтіруге қалыптасуымыз керек. Мұны әлемдік өркениет те талап ететінін ескерсек, бұл бағытта бізді көп шаруалар күтіп тұрғаны шындық. Бұл біздің әрқай­сымыздың азаматтық ұстаны­мымызға, туған жерге деген сүйіспеншілігімізге сын. Жақсығали ИМАНҚҰЛОВ, Ақтөбе облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бастығы.