16 Мамыр, 2015

Тайқазан табысталды, игі істер жалғасады

286 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
 

Елордадағы Қазақстан Респуб­ликасының Ұлттық мұражайында 18 мамыр – «Халықаралық мұра­жайлар күніне» орай ауқымды іс-шаралар орын алатын болады. Соның аясында кеше Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жыл­дығына арналған «ҚХА – 20 ізгі іс» эстафетасының нышаны болып табылатын Тайқазан салтанатты түрде мұражай қорына табыс етілді.

Міне, осындай ауқымды ша­раның қорытындысындай болған Ұлттық мұражай алдындағы алаңқайға кәсіби би ұжымдары мен еріктілерден және моберлерден құралған 300-ден астам адамның қатысуымен флэшмоб орын алғандығын да айта кеткен жөн. Аталған шарада еліміздің қалыптасуы мен дамуы және мұражай ісінің өткені мен бүгіні театрландырылған қойылым арқылы сахналанды. Қойылым кезінде Қазақ хандығының тарихынан сыр шертіліп, «Мәңгілік Ел» идеясы кеңінен насихатталды. Сақ жауынгерлерінің киімдерін киген жастар сап түзеп, елге, жерге қорған болудың жарқын үлгісін паш етті. Ортаға Тайқазан әкелініп, тұғырына қондырылған соң құттықтауларға ерік берілді. Алдымен сөз алған Ұлттық мұражай директоры Дархан Мыңбай мұражай деген «ол біздің жадымыз» дегенді ерекше атады. «Қазіргі кезде Ұлттық мұражай қасиетті қазақтың бір қара шаңырағына айналды десек болады. Солай айтуға да бар­лық негіз бар. Өткенімізді түген­деп, ертеңімізге деген сені­мімізді ұялататын заманда өмір сүріп отырмыз. Соның барлы­ғын да Ұлттық музейдің ішін­дегі көптеген экспонаттардан көруге болады», деді Дархан Қам­забекұлы. «Елбасымыз айт­қандай, биылғы жыл айтулы даталарға, биік белестерге қол жеткізгенімізді паш ететін даталарға толы жыл. Соның аясында біз ұлттық және дінаралық татулығымызды бүкіл әлемге паш ету үлгісін Ұлттық музей арқылы таныта білуіміз қажет», дегенді де баса атап кетті мұражай директоры. Бұдан кейін сөз алған Қа­зақстан Президенті жанындағы «Қоғамдық келісім» респуб­ли­калық мемлекеттік мекемесі директорының орынбасары Жанна Шаймұханбетова Тайқазанның 74 күн бойы ізгі істерге түрткі болғандығын жеткізді. Және де мұндай игі істер әлі де жалғасын таба беретін болады. Үстіміздегі жылдың 4 ақпанында Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің жанында «Тайқазан – ізгі істер символы» атауымен айтулы шара өткізіліп, «Қа­зақстан халқы Ассамблеясы – 20 ізгі іс» республикалық акция­сының нышаны ретінде «Тай­қазан» кәдесыйы ақ тілекпен шығарып салынған-ды. Содан бері ел өңірлерінде ізгі істерге бастау болған қамқорлық символы – Тайқазанды құтты орны­на табыстау салтанатты театр­ландырылған көрініс түрінде өтті. Бұл ретте «ҚХА-20 ізгі іс» республикалық акциясы аясында 35 мыңнан астам адамға көмек көрсетілгендігін айта кеткен жөн. Ал жалпы алғанда, 2500-ден астам іс-шараға 620 мыңдай адам қатысқаны белгілі болып отыр. Бұл іс-шаралардан түскен қолдау халықтың әлеуметтік әлсіз топтарын, Ұлы Отан соғысы ардагерлерін, көпбалалы отбасыларды, балалар үйлерін және өзгелеріне де бағытталған болатын. Қолдау ретінде түскен 2 миллиард теңгеден астам қаржы да осындай игі істерге қарышталғаны аталмай қалмады. Сөз реті келгенде, әлеуметтік акцияны өткізу барысында әлеуметтік-мәдени мәні бар нысандар салынып, пайдалануға беріліпті. Бұдан басқа 2500-ден астам көшет отырғызылып, еліміздің барлық өңірлерінде патриоттық акциялар орын алғаны да көлденең тартылды. Республикалық акция аясында ҚХА мүшелері, этномәдени бірлестіктер су тасқынынан зардап шеккен Қарағанды облысының тұрғындарына көмек көрсеткені мәлім. Зардап шеккендер қорына 12 миллион 400 мың теңге ауда­рудан бөлек, азық-түлік, дәрі-дәрмек, тұрмыстық химия және өзге де қажетті заттарды қосқанда 102 тоннадан астам гуманитарлық көмек көрсеткені де атап көр­сетілді. Директордың орынбасары игі шара қазақстандықтар әрқашанда қолдауға әзір екен­дігін көрсеткендігін айта келіп, Тайқазанның бірлік пен қайы­рымдылықтың және жана­шыр­лықтың символы болып қала бере­тіндігіне назар аудартты. Сон­дықтан да Тайқазан «Мәңгілік Ел» қуатының символы да болып табылады. Бұдан басқа Ұлттық мұра­жай қорына «Қазақстан» телера­диокешені әзірлеген Ұлы Жеңіс­тің 70 жылдығына арналған деректі фильмдер, басқа да құнды туындылар топтамасы да сыйға тартылғандығын сөз реті келгенде айта кеткен жөн. «Қазақстан» телерадио корпорациясы» АҚ басқарма төрайымы Нұржан Мұхамеджанова өз кезегінде былай деді: «Биылғы жыл – еліміз үшін айтулы оқиғаларға толы жыл. Солардың ішіндегі шоқтығы биігі, баршамыз үшін қымбаты – Ұлы Жеңістің 70 жылдығы». Төрайым төрт бөлімнен тұратын дүниелерді табыстау кезінде олардың мазмұнына да кеңінен тоқталып кетті. Атап айтқанда, бі­рінші топтама 7 бөлімнен тұратын деректі фильмдерден құралған. Онда қазақтардың, сондай-ақ, қазақстандықтардың Екінші дүниежүзілік соғыстағы ерліктері паш етілген. Ал 70 деректі көркем фильмдерден құралған топтамада ел ерлерінің ерлігі баян етіледі екен. Аты аңызға айналған Кеңес Одағы Батырларынан өзге есімдері елеусіз қалғандар да осы фильмдерге арқау болыпты. Келесі топтамада Қазақ радиосы Алтын қорынан алынған жәдігерлер енгізіліпті. Онда Ұлы Жеңістің 20 жылдығы ата­лып өткен 1965 жылы жазылып алынған даңқты батыр Бауыр­жан Момышұлының дауысы, сонымен бірге, 1930 жылы жазы­лып алынған екі мәрте Кеңес Ода­ғының Батыры Талғат Бигел­ди­новтің де дауысы бар болып шық­ты. Бұдан басқа, топта­маға атақ­ты партизан Қасым Қай­се­нов­тің, бұлбұл әнші Роза Бағ­лано­ваның, халық жазушылары Морис Симашко мен Дмитрий Сне­гиннің дауыстары жазылып алын­ған тас­палар да осында жа­зыл­ған. Төр­тінші топтамаға не­гізі­нен май­­­­дан­нан жазылған хаттар енгі­зі­ліпті. Бұл құнды дерек­терді табыс­тай отырып, Н.Мұ­хамед­жанова ар­дагерлер есімдері ешқашан өшпейтіндігіне сенім білдірді. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».