21 Тамыз, 2015

Польшада шырқалған «Бұлбұл» әні

389 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
уралхан10Польша симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен Л. Хамидидің «Бұлбұл» әнін шырқаған  Оңтүстік Қазақстан облыстық опера және балет театрының солисі Ү. Сейілбековаға поляктар зор қошемет көрсетті. Халықаралық өнер додасында қазақ қызының  «Славян әндерін үздік орындаушы» аталымы бойынша лауреат атануы театр ұжымының ортақ жетістігі саналуда. Поляктар бұл әнге неге соншама қызығушылық танытты екен деген оймен әңгіменің тереңіне бойлап кетесіз мұндайда.  Сонда айдай көркем тұлғасымен сахнада дөңгеленіп «Сұлу қызды» шырқап жүрген Роза апамыз көз алдымызға көлбеңдей оралады. Кейін мұның кең таралуына еңбек сіңірген «Дос­Мұқасанның» орны өз алдына бір төбе еді. Өйткені, олардан соң бұл әннің қалай құлпыра түскенін жұрт жақсы біледі. Қосылып жаттадық. Балалық, жастық шақтарымыздың символына айналып кеткен осы әннің поляктың әні екенін сонда Құдай біледі, ешкім біле қойған жоқ. 1971 жылы ансамбль Варшаваға гастрольдік сапармен барғанда «Сұлу қыздың» поляк әні екені мәлім болды. Сөйтсек, мұныңыз «Шла дэвечка долэ сечка» деген поляктың халық әні екен. Мәселенің анық-қанығын білу үшін Роза Бағланова апамыздан сұрап білсек, – дейді «дос-мұқасандықтар», – ол кісі бұл әнді соғыс жылдары Польшаға барып жүргенде әкеліпті. Жақсы әннің жаттығы жоқ екен. Кез келген халықтың жүрегіне жылы оранып кете баратын мұндай сирек туындылар бізде ғана емес, өзге халықтарда да кездесіп жатады. Міне, сол сияқты поляктар Үралхан қызымыздың орындауындағы «Бұлбұлға» риза болғандары соншалық қайта-қайта қол соғып, «мұндай да ғажап ән бола ма?» десіп, сүйіспеншіліктерін аямапты. Бірте-бірте «Бұлбұл » әнінің де әлгі поляк әні секілді олардың өміріне етене сіңіп кетпесіне кім кепіл?! Еске сала кетейік, алыс жә­не жақын шетелдердегі опера ән­шілеріне көмек көрсету мақсатында жыл сайын өткізілетін дәстүрлі жобада Польша, Ресей, сонымен қатар Азия елдерінен келген жас солистер өзара тәжірибе алмасумен қатар озық идеяларымен бөлісіп, шеберлік-сыныптарына қатысып жатады. Ал,  Польшада өткен халықаралық «Rübezahl Musikalischer Garten» фестиваліне Шымкент театрынан биыл екі өнерпаз – театрдың көркемдік жетекшісі әрі солисі Ерлан Жан­дарбай қонақ ретінде қатысса, ал басты партияларды орындаушы, Қазақстанның мәдениет қайраткері Үралхан Сейілбекова опера солистері арасындағы байқауда бақ сынады.  Тағы бір айта кететін жайт, айтулы жобаға Қазақстанның халық әртісі Р. Жұбатырованың қос бірдей шәкіртінің қатысуы. Олар – Үралхан Сейілбекова мен Елена Никонова. Қазақстаннан барған опера солистерінің өнеріне әсіресе, шетелдік көптеген театрлар қызығу­шылық танытты. Мысалы, фестиваль барысында Е.Жандарбай 2017 жылы Вена балына қатысу үшін шараны ұйымдастырушы Франц Лангердің қолынан шақырту алса,  «Дж. Верди» фестивалінің директоры Фабрицио Касси де қазақ музыкасын Еуропада кеңінен насихаттау үшін шымкенттік солистерді алдағы уақытта  керемет мүмкіндіктер күтіп тұрғанын жеткізді.  Немістің көне операсынан Альманың ариясы, Дж. Вердидің «Травиата» операсындағы Виолетта, М.Мусоргский опера­сының таңдаулы ариясы, Ф.Ле­гардың  «Джудитта» операсынан Джудитта ариясы үшін өңірлік театр әртісінің орындаушылық қабілетіне, сонымен қатар класси­калық шығармаларды кәсіби тұрғыдан жеткізе білу шеберлігіне әлемдік деңгейдегі сыншылар тарапынан жоғары баға берілді. Фестиваль аясында Франц Лангер (Австрия), Дариуш Гра­бовски (Польша) сынды профессорлар байқауға қатысушыларға арнап шеберлік-сыныптарын өткізсе, Парма қаласындағы Паллавичино театрында танымал дирижер Фаб­рицио Касси мен  сопрано Иза­белла Фратидің, сондай-ақ тенор Ерманн о Балдуччидің Анкона қала­сындағы оқыған дәрістері жас дарындардың өнері үшін келешекте үлкен азық болары сөзсіз. Шеберлік-сыныптары аяқталғаннан кейін  опера әншілеріне, сонымен бірге жас таланттардың өнерін ұштауға қолдау көрсеткендерге алғыс хаттар мен  аттестаттар табысталды. Фестивальге қатысушылар опе­раның астанасы Миланда, сондай-ақ Венеция, Рим, Ватикан, Пезаро қалаларында ұмытылмас сәттерге куә болды. Олар Ла Скала театрында белгілі тенор Хоссе Кареросты жолықтырды. Опера өнеріндегі мұндай ғажап тұлғалардың әрқайсысы өмірлік тәжірибелерінен өшпес өрнектер қалдырды. Қазылар алқасының құрамындағы оқытушылар да, сондай-ақ Ресей, Польша, Эстония, Австралия, т.б. елдерден бақ сынаған жастар да  шетінен осал жандар емес. Польша, Австрия және Германиядағы айтулы оқу орындарының ұстаздары қазылық еткен өнер бәйгесінде қарапайым қазақ қызының әріптестерінен оқ бойы озып шығып, айрықша құрметке кенелуі оңтүстік теа­трының таланттардан кенде емес­тігін дәлелдейтін тағы бір жар­қын оқиға десек, 31 шілдеден 9 тамызға дейін жалғасқан өнер турнесі ілкімді ізденістерге толы. Польшаның Ковач, Карпач, Зелена-Гура қалалары мен Германияның Герлиц қаласында, сондай-ақ Австрия мен Германияның шекаралас қалаларында қатарынан жеті рет концерттік бағдарламаға қатысу отандық опера солистері үшін айтулы өнер мектебі болып саналады. Осы сапарға қарап, көңілге түйіп отырғанымыз – жалпы Еуропаны, әлемді шетелдік классиктермен, Вердимен, Мусоргскиймен таңғалдыру әсте мүмкін емес. Оларға бұл қат па екен тәйірі. Ал, Л.Хамидидің «Бұлбұлын» орындағанда неге зал соншалық өре түрегеліп кетті? Міне, мәселе осында. Өйткені, оларда мұндай ән жоқ. Жұрт өзінде жоқ нәрсені көргісі келеді. Құмартады. Осы тұрғыдан, біз Үралхан қызымыздың  «Бұлбұлды» ойдағыдай шырқап, поляктардың жүрегіне жеткізе білген тамаша өнеріне тәнті болып отырмыз. Бибігүл апамыздың таңдайынан талай жыл тамылжып өрілген ән төресі «Бұлбұл» емес пе бұл? Ол және орындаушы шеберлігінің өлшеуіші іспетті ән. Оны сала алған әнші кез келген шетелдік классикаға дайын деген сөз. Отандық операның мұнан кейін де жетістіктері молая берсін. Гаухар Уәліханқызы, Оңтүстік Қазақстан облыстық опера және балет театры әдебиет бөлімінің меңгерушісі. ШЫМКЕНТ. Суретте: гастрольдік сапарда.