21 Тамыз, 2015

Иілмеген емен

359 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
УОС-ЦВОсы естелікті жазуымның себебі, биыл Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталғанына  70 жыл толды. Ал менің нағашы ағам Бекұзақ Рақов сұрапыл соғысқа бастан аяқ қатысып, елге аман-есен оралғаннан кейін ұзақ жылдар ел игілігіне абыройлы еңбек еткен жан. Хадиша жеңешем екеуі ұл-қыз тәрбиелеп, бақытты өмір сүрді. Әңгіме түсінікті болу үшін басынан бастайын. 1941 жылдың 1 қыркүйегінде Қызылорда өңі­ріндегі Сексеуіл кентінің мектебіне 10-сыныпқа бар­ған оқушылардың қыздарын қалдырып, 17-18 жастағы барлық ер балаларды бірден майданға алып кетеді. Нағашым Бекұзақ сол кеткеннен Каспий теңізі арқылы Баку портына барып, Кавказдағы соғысқа қатысады. 1943 жылы ол кісі жараланып, госпитальда жатады. Сол жерде офицерлер мектебінде оқиды. Кейін денсаулығы түзелгеннен соң тағы да майданға аттанады. 1945 жылы сәуір айында Венгрияның Балатон көлінде басынан жарақат алып, ес-түссіз ауруханаға түседі. Артынан елге соғыста қаза тапты деген қара қағаз келеді. Жарты жылдан кейін есін жинап, дәрігерге аты-жөнін айтады. Соғыстың біткенін біліп, ауылға амандығы туралы хат жазады. Госпитальдан шыққаннан соң қайтадан Чехо­славакия, Ав­стрия қалаларында тәртіп са­қ­тауға қатысады. Австрия 1945Бекұзақ аға Ұлы Отан соғысын жеңіспен аяқтап, жауынгерлік ерлігі үшін орден, медальдармен марапатталып, 1946 жылы туған жеріне оралады. Оқ пен оттың ортасында жүріп, тура келген талай ажалдан аман қалып, елге оралған нағашым бейбіт өмірде еселі еңбек ету арқылы абыройға бөленеді. Еңбек жолын май зауытында есепшіліктен бастап, өзінің ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында зауыт директорлығына дейін көтеріледі. Өндірістен қол үзбей жүріп, Қызылорда педа­гогикалық институтын бітіреді. 1962-1986 жылдары ет комбинатын басқарып, ауданның ауыл шаруашылығы саласында жоғарғы көрсеткіштерге жетіп, өңір экономикасын көтеруге елеулі үлес қосады. Адам бойындағы асыл қасиеттер мінезден туындайды ғой. Бекұзақ Рахов ағамның туабітті ермінезділігі, батырлығы, ақиқат пен әділеттілікке сүйенетіндігі, бау­ырмал жанашырлығы абыройын асқақтата түсті. Оны тұрғы­ластары иілмес еменге балайтын. Нағашымыз Бекұзаққа әкесі Рақ атамыздың дәулеті қонған адам. Сондықтан ол өз заманының іскер меценаты болды. «Асыл адам айнымас», деп Абай айтқандай, сөзі мен ісі бір арнада тоғысып, толағай табыстарға қол жеткізді. Мәрттігінен, әдептілігінен ай­ныған жоқ. Шаңырақтағы жарасымды тірлігімен, дос-жаранға сыйластығымен, балаларына көрсеткен үлгі-өнегесімен де оның орны ерекшелене түседі. Ердің еңбегін бағалау, маңдай тердің қадір-қасиетін сезіну, соған лайық қызмет көрсету – басты ұстанымы болатын. Осы арқылы ол парасат шыңына шықты. Қиналғандарға қол ұшын созуға дайын, адам­гершілігі мол, қайырымды осындай азаматтың арқасында бір қауым ел, соғыстан қайтпаған ағаларының балалары, туған апалары мен қарындастарынан тараған жиендері, құда-жегжаттары аға­ның шапағатына бөленді. Менің ең бір есімде қалғаны, сол жалғыз інісі 1950 жылы кешке жақын үйге кіріп келіп: «Апа, үйлендім, пойызбен келіншегімді алып кетіп бара жатырмын», – деді. Апам, қуанып орнынан бір тұрды, бір отырды. Мен 5 жасар сәбимін. Біз тұратын Сексеуілдегі мектепке Орал педагогикалық учлищесін бітіріп келген жас маман қыздар Әйгенже  Мұздыбаев ағайдың үйіне орналасатын. Әйгенже – Бекұзақ ағамның өз ағасы. Хадиша жеңешемнің, тәрбиелі жақсы қыз екенін байқап, інісімен таныстырып, Алланың қолдауымен отау болып кетеді. Міне, осы күннен бастап ағам мен жеңешемнің адам айтып жеткізе алмайтын, ертегідегідей бақытты сәттері басталды. 19 жастағы жас қыз ол әулетке келін болып түскенде әжем, жоғарғы сынып оқушылары Жанкенай, Базар, Алтын деген бойжетіп тұрған қарындастары, Ақай, Қалдыбай сияқты жігіт болып тұрған інілері сол үйде жүретін. Оларға басшылық жасау, киім-тамақтарын тауып беру, толып жатқан басқа да жауапкершілік отызға жетер-жетпес жастағы ағамның мойнында болатын. Хадиша жеңешем біреуіне қатты сөз айтпайды, күліп қана жүретін. Ол кісі өте парасатты, әйел заты қандай болу керек деген сұраққа жауап беретіндей бір перизат болатын. Жазғы демалыс басталған күннен бастап, Аралға келетінмін. Ол үйде ың-шың жоқ, әжемнің басшылығымен, әркім өзіне жүктелген шаруасымен айналысады. Жұмыс істеп тұратын фабрика сияқты, қазан қайнап, қонақтар бірі келіп, бірі кетіп жатады. Мен көбіне Хадиша жеңешемнің тапсырмаларын орындаймын. Бекұзақ нағашым өресі зор, адам танитын кісі ғой. Оның жанына жақсы адамдар жиналатын. Мен оқуға баратын 1966 жы­лы нағашым шақырып алып: «Алматыда тұратын Зұл­қия Жұма­товаға барыңдар. Күйеуі – ауыл шаруашылығы инс­титутының ректоры. Менен сәлем айтыңдар», деді. Хабарласып, бардық. Опера және балет театрының алдындағы үйде тұрады екен. Жасы қырыққа жетпеген болуы керек, керемет сұлу әйел есік ашты. Танысып, әңгімесін айтып, шай қойып жатыр. Сөйтсек, бұл кісі Қазақ телевидениесінің алғашқы дикторы екен. Әңгімесінде: «Нағашыларың бір керемет адам», деп Бекұзақ ағаның адамгершілігін, нағыз ер адамға тән қасиеттерін айтып тауыса алмай жатыр. Кейін білсем апай ағаммен 7-ші пойызда танысқан ғой. Мәскеуден келе жатқан нағашым диктор Зұлқияны танып жақсы лебіздер айтқан. Әңгімелері жарасқан. Аралға жеткен соң қоштасып, ағалық ақ сапар тілеген. Зұлқия апай соны ұмытпапты. Соғыс ардагері Бекұзақ Рақов осындай адам еді. Қаны­мен берілген тектілігі, майдан жолдарындағы алған болаттай тәртібі оны адал жолдан ауытқытпады. Өмір тәжірибесі саусақпен санарлық азаматтарға тән мінезінің өрлігі, батырлығы Бауыржан Момышұлын елестетіп отыратын. Иілмейтін емен сияқты асқақ адам еді. Қымбат ЖОЛЫМБЕТ. АСТАНА.