18 Шілде, 2010

БІЗДІҢ ЕЛДЕР ХАЛЫҚТАРЫНЫҢ МҮДДЕСІ ТҰРҒЫСЫНАН

477 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың сөзі ЕҚЫҰ-ның Ұйымға мүше және оның әріптестерінің 67 мем­ле­кет­тен келген сыртқы істер ми­нистр­лері мен олардың мәртебелі өкіл­дері жиналған осындайлық өкілетті форумы тұңғыш рет посткеңестік кеңістікте, Еуразия кіндігінде өтіп отырғанын және бүгінгі кездесуге қатысушылардың ой-ниеттері мен үміттері Алатаудың тамаша, мөлдір ауасы секілді таза да жоғары дең­гейлі екендігіне сенетінін жеткізген еліміздің Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі бүгін осында отырғандарға, ал іс жүзінде ЕҚЫҰ-ның бүкіл қауымдастығына қаратып айтқан Президент Нұр­сұл­тан Назарбаев арнауының ерек­ше­лігі оның ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету­ші Мемлекет басшысының сөзі ғана емес, сонымен бірге, ең алды­мен, өз еліндегі секілді жаһандық планетада да қауіпсіздік, жасам­паз­дық және ынтымақтастық мәселе­лері өз қызметінің бүкіл болмысы, өз өмірінің мәні болып табылатын адамның сөзі екендігін қадап айтты. “Нақ сондықтан да Қазақстан көшбасшысының Еуроатланти­ка­лық және Еуразиялық орасан зор кеңістікте қауіпсіздік пен ынтымақ­тастықты одан әрі нығайту жол­да­ры­на, ЕҚЫҰ-ны осы заманғы нақ­тылықтарға, сынақтар мен қатер­лерге бейімдеуге деген страте­гия­лық көзқарасы біздің пікірталас­тарымызға айрықша маңыздылық, жоғары шынайылық деңгейін және зор жауапкершілік жүктейді”, деді Қанат Саудабаев. Елбасына зор ризашылық білді­ріп, жиналғандарға шақыруды құп алып келгені үшін рахмет айтқан Іс басындағы төраға Қазақстан одан әрі дамытуға ұмтылып отырған Кор­фу үдерісін айналымға қосқаны үшін грек төрағалығына айрықша ықыластылығын танытты. Біздің қызметімізге тиімді қолдау білдір­гені үшін ЕҚЫҰ-ның Бас хатшысы де Бришамбо мырзаға, Ұйымның Хатшылығы мен бүкіл құрылым­дарына, осы төрағалыққа дәйекті қол­дау көрсетіп, “Корфу үдерісі” аясындағы пікірталастарға белсене қатысқаны үшін ЕҚЫҰ-ның Пар­ламенттік Ассамблеясына риза­шы­лық білдіріп, оның жаңадан сай­лан­ған президенті Петрос Эфтимиу мырзаның атына шынайы құттық­тауын жеткізді. Қазақстан Хельсинки Қоры­тын­ды актісінің, ЕҚЫК/ЕҚЫҰ-ның өзекті қағидаттарын берік жақ­таушы бола отырып, Іс басындағы төраға ретінде Корфу үдерісін белсенді түрде ілгерілетуде. Алты айдың қорытындылары бой­ынша ЕҚЫҰ-ға қатысушы бар­лық мемлекеттер сенімді арттыру, ал тұтастай алғанда біздің ортақ Ұйымымызды нығайту мақсатында әлі де орын алып отырған келіспеу­ші­ліктерді еңсеруде саяси ерік-жігер танытты. Корфу үдерісі сондай-ақ ЕҚЫҰ-ның Еуроатлантика және Еуразия кеңістігінде ортақ және ажы­рағысыз қауіпсіздік қоғамдас­ты­ғын құрудағы шешуші рөлін қуаттайды. Осының бәрі бүгінгі кезде­суі­мізді біздің үнқатысуымызды са­па­лық жаңа деңгейге шығарудың және, тиісінше, біртұтас ажырағы­сыз қауіпсіздікті қамтамасыз етудің әлдеқайда жоғары баспалдағына көтерілудің мүмкіндігі ретінде қа­рас­тыруға жағдай туғызады, деді Қазақстан дипломаты. Осыған байланысты бүгінгі жұмысқа өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға сүбелі үлес қосып жүрген халықаралық ұйым­дардың өкілдері қатысып отырғаны өте маңызды. Назарға ұсынылған Қазақстан­дық төрағалықтың Аралық баян­да­ма­сы Корфу үдерісін, соның ішінде мүмкін болатын Астанадағы Саммит­тің тұрғысынан да одан әрі дамыту үшін бағдар беріп, дербес әрекет ету негізін қалайды, дей келіп, Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі бүгінгі пікір­талас арналатын мынадай тақырыптарды атап көрсетті: l Корфу үдерісі аясында қол жеткізілген прогреске баға беру және оны одан әрі дамытудың перспективасы мен нақты өлшемдерін анықтау; l ЕҚЫҰ-ның, Қырғызстандағы ахуал мен оны шешудегі ЕҚЫҰ үле­сін қоса алғанда, жауапкершілік ай­мағындағы қауіпсіздіктің барын­ша өзекті проблемаларын тал­қылау; l биылғы жылы Астанада ЕҚЫҰ Саммитін өткізу және оның күн тәртібі жөнінде шешім қабылдау. Одан әрі Қанат Бекмырзаұлы “Корфу үдерісінің” Вена консуль­тацияларының қысқаша қоры­тын­дыларына тоқталды. ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағалығы ретінде біз өз жұмысымызда әу бастан-ақ ке­ңістік емес, түрлі қауіпсіздік дең­гейлерінің жіктеу сызықтары мен аймақтарынан ада, анықталуы бой­ынша күш қолдану мүмкін бол­май­тын, мұндағы салмақ мүдделер ор­тақтастығына түсірілетін қауіпсіздік қоғамдастығын қалыптастыруға күш салғанбыз, деп атап өтті шешен. Ал­дағы кезде де осы қағидат, со­ның ішінде өткізілуі әлдеқашан пісіп жетілген Саммитті әзірлеуде де, басшылыққа алынатыны атап көрсетілді. Әскери-саяси өлшемде “Корфу үдерісінің” аралық қорытындылары қарапайым қару-жарақты бақылау режімдері мен сенім шараларының айрықша рөлін ортақ түсінушіліктің бар екенін дәлелдейді. Сонымен қатар қауіпсіздіктің құбылмалы ортасының сынақтарына тиімді үнқату мақсатында бұл салада қолданылып жүрген тетіктерді – ДОВСЕ, 1999 жылғы Вена құжатын жаңғырту қажет. Трансұлттық және өлшемара­лық қатерлермен және сынақтар­мен, бірінші кезекте лаңкестікпен, қылмыс ұйымдастырған есірткі және адам трафигімен күресте ұжым­дық өзара іс-қимылды арт­тыру­дың маңыздылығын ортақ түсінушілік төбе көрсетті, дей келіп Қанат Саудабаев бұл тұрғыда Ұйым­ның бүкіл қоғамдастығының мүддесі үшін біздің Ұйымды, оның мандаты аясында, Ауғанстанды тұ­рақтандыру және реконструкциялау жөніндегі халықаралық күш-қуатқа тартуды кеңейту маңызды деп санаймыз, деді. “Төрағалықтың Ауғанстанмен ынтымақтастықты белсенді етуі үшін одан әрі күш-жігер жұмсау жөніндегі көзқарасы” консенсусқа қол жеткізу және біздің бұдан бы­лайғы практикалық қадамдарымыз үшін жақсы негіз болады деп үміт­те­нетінін айтқан Мемлекеттік хат­шы біз үшін сондай-ақ бүкіл “қақ­ты­ғыстық” циклға қатысты мәсе­ле­лерді – ерте бастан алдын алудан қақтығыстан кейінгі реттеуге дейін­гі мәселелерді шешуде ЕҚЫҰ-ның әлеуетін күшейтудің маңызды болатынын атап өтті. ЕҚЫҰ кеңістігінде орын алып отырған байырғы қақтығыстарды реттеу – бұл тер төгуді талап ете­тін, ұзақ мерзімге арналған күн­де­лік­ті жұмыс. Әрбір жағдайда біз жеке көзқарасты және айрықша келіссөз форматын талап ететін жағ­дайлардың бірегей жиынтығы­мен бетпе-бет келіп жүрміз. Біздің міндетіміз – қазіргі бар қақ­ты­ғыс­тарды реттеуді қамтамасыз ету және ЕҚЫҰ-ға қатысушы 56 елдің қо­ғамдастығында жаңа қақтығыс­тар­дың пайда болуына жол бермеу. “Корфу үдерісі” аясындағы пі­кірталас баршаға ортақ, коопера­тив­тік және ажырағысыз қауіпсіздік тұжырымдамасының бөлінбейтін элементі ретінде ЕҚЫҰ екінші өл­шемінің маңыздылығын айшықтап берді. ЕҚЫҰ кеңістігіндегі ұзақ мерзімді бейбітшілік, қауіпсіздік пен тұрақтылық қазіргі бар және мүмкін болатын экономикалық және экологиялық қатерлер мен сынақтарға дер уақытында және тиі­сінше үнқатусыз мүмкін бол­май­ды. Қанат Бекмырзаұлы Қазақстан­дық төрағалықтың шешуші қағи­даттарының бірі Ұйымның барлық үш “себетін” бірдей толтыру бол­ғанын қадап айтты. Нақ сондықтан да біз, – деді Іс ба­сындағы төраға, – Екінші өлшем үшін дағдарыстан кейінгі дүние жағдайына икемді бейімделген стратегия әзірлеу қажеттілігін атап айтамыз. Осыған байланысты толық ауқымды Еуразиялық интеграция және ЕҚЫҰ-ның екінші өлшемі аясында жаңа құжатты, “Маастрихт – плюс” деп атауға болатын құжат­ты әзірлеу туралы Президент Н.На­зарбаев ұсынысының өзектілігі мен маңыздылығын бағалай білмеушілік мүмкін емес. Ұйымның гуманитарлық өлше­мі аясындағы міндеттемелерді орын­даудың маңыздылығын қуат­тай отырып, қатысушы мемлекет­тердің жаңа міндеттемелерді жақ­сар­ту жолдарына, сондай-ақ олар­ды қолдану орынды болатын сала­ларға қатысты көзқарастарында белгілі бір айырмашылықтар бар. Солай болсадағы 29-30 маусымда Ас­танада өткен ЕҚЫҰ-ның төзім­ді­лік және кемсітпеушілік жөнін­дегі жоғары деңгейлі конферен­ция­сы аталған саммитте, біз мұны та­лай рет мәлімдеп келе жатқаны­мыз­­дай, төзімділікті, өркениеттер ара­сындағы өзара түсіністік пен үнқатысуды нығайту мәселелерін талқылау үшін жақсы негіз жасап берді. Төзімді болу дегеніміз өзіңнің қасиетті нәрселеріңе табына оты­рып, басқаның сенімі мен құн­ды­лықтарын құрметтеу, ақынның сө­зі­мен айтқанда – “тауларды ала­сарт­пай, даланы асқақтату” болып шығады. Аталған конференцияда біздің Мемлекетіміздің басшысы өзінің тікелей қатысуымен Қазақ­стан үшін және бүкіл ЕҚЫҰ кеңіс­тігі үшін төзімділік және кемсіт­пеушілік мәселелерінің басымдық­та­рын, біртұтас және бөлінбес қауіп­сіздікті қамтамасыз етудегі де­мократия мен адам құқықтарының айрықша маңыздылығын атап көр­сетті. Біз сондай-ақ ортақ жанасу нүктелерін таба отырып, ізгілік се­бетінің басқа да шешуші мәселелері бойынша үнқатысуды ілгерілетуге әзірміз, деді Қанат Саудабаев. Жоғарыда аталған барлық мә­се­лелер бойынша пікірталастардың ЕҚЫҰ-ның жалпы тиімділігін арт­тыруды басты мақсат санайтыны бел­гілі, бұл Ұйым институттары­ның, әсіресе атқарушы құрылым­дардың қызметін нығайтуды ғана емес, сонымен бірге қатысушы мемлекеттер арасында сенімді қалпына келтіруді білдіреді. Біз бәріміз де басқа халықара­лық құрылымдармен 1999 жылғы Коопе­ративтік қауіпсіздік тұғыр­на­ма­сы негізінде ЕҚЫҰ ынтымақтас­ты­ғының өзекті қажеттіліктеріне бағ­дарланған прагматикалық, икем­ді күш-жігерді күшейтудің қажетті­лі­гімен келісеміз, деді Қазақстан­ның Мемлекеттік хатшысы. Бұл тұрғыда Еуроатлантикалық және Еуразия­лық қауіпсіздік мәселелері бойын­ша пікір алмасу, Ауғанстан мен Қырғызстан проблемаларын шешу үшін бүгін кешке Іс ба­сын­дағы төр­ағалықтың жетекшілігімен ЕҚЫҰ, БҰҰ, ТМД, ҰҚШҰ, ЕО, НАТО, АӨСШК және Еуропа Кеңесі басшыларының кездесуі болады. Қатысушы мемлекеттер Азия­лық және Жерорта теңізі әріп­тестерімен ынтымақтастық жөнінде, сондай-ақ ЕҚЫҰ кеңістігінен тыс жердегі өңірлік және субөңірлік ұйымдармен өзара ықпалдас­тықтың көбірек ашық болуына шақырды. Осыған байланысты Іс басын­дағы төрағалық АӨСШК ІІІ Сам­миті аясында үстіміздегі жылдың маусымында ЕҚЫҰ-ның Азиялық және Жерорта теңізі әріптестері үшін “Еуразиядағы ХХІ ғасырдағы қауіпсіздік пен экономикалық ынтымақтастық” тақырыбында арнаулы шара ұйымдастырды. Тұтастай алғанда, Азия өңірінің біздің Ұйымның жауапкершілі­гін­дегі аймақтағы қауіпсіздігі мен ынтымақтастық перспективасына ық­палының арта түскенін негізге ала о­тырып, ЕҚЫҰ-АӨСШК фор­ма­тында институтаралық үнқаты­су­ды жолға қою объективті түрдегі қа­жеттілік деп санаймын, деді Қанат Саудабаев. Бұл тұрғыда Президент Н.На­зар­баевтың ЕҚЫҰ-АӨСШК фору­мын құрып, оның кейіннен Кон­тиненттік қауіпсіздік тұғырнама­сына айналуы туралы ұсынысының стратегиялық перспективасын атап көрсеткім келеді. Біздің Мемлекеттің басшысы өз сөзінде Қырғызстандағы қазіргі ахуалға және Қазақстанға туысқан елдегі саяси тұрақтылық пен аза­мат­тық бітімге жәрдемдесу жөнін­дегі халықаралық қоғамдастықтың күш-жігеріне егжей-тегжейлі тоқ­тал­ды, дей келіп Мемлекеттік хат­шы бұл тұрғыда ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы қолға алған шаралардан хабардар етті. ЕҚЫҰ-ның үйлестіруші рөлі жағдайында Ұйымның, БҰҰ мен ЕО-ның арнаулы өкілдері Қырғызстанда же­дел мақсатты көмек көрсету үшін аралық іс-қимыл жоспарын әзір­леді. Сондай-ақ дағдарыстан кейін­гі реттеуге және бейбіт үдерісті қалпына келтіруге Қырғызстанға консультативтік және сарапшылық көмек көрсету жөніндегі ЕҚЫҰ-ның іс-қимыл пакеті белсенді түрде әзірленуде. Бүгінде қырғыз тара­бының өтініші бойынша таяудағы уақытта Қырғызстанның Ош және Жалалабад облыстарына Полицей­лік консультативтік топты жіберу туралы шешім қабылдау үдерісі аяқталады. Қырғызстандағы қазіргі күрделі ахуалдың Орталық Азия өңірі үшін ғана емес, сонымен бірге одан әлдеқайда тыс жерлерге де тұрақ­сыз­дандыру ықпалы болуы мүмкін. Нақ сондықтан да Қырғыз Респуб­ликасына ЕҚЫҰ-ның зор әлеуеті мен тәжірибесін пайдалана оты­рып, барынша жан-жақты жәрдем көр­сету жөніндегі халықаралық күш-жігерді жедел топтастыру қажет. “ЕҚЫҰ Саммитін нақ биылғы жылы өткізу – бұл қазіргі, мен айтар едім, Еуропа мен Еуразия ке­ңістігіндегі тектоникалық өзгерістер туындатқан талапшыл қажеттілік”, деп атап өтті Қазақстан дипломаты. Бүгінде ЕҚЫҰ-ға қатысушы елдердің көшбасшылары саяси ерік-жігер танытып, олардың ха­лықтарының алдында тұрған күр­делі сынақтар мен қатерлерге жауап қайтаруы тиіс. Сайып келгенде, бұл – мем­лекеттер мен үкіметтер басшы­лары­ның оларды сайлаған халықтардың игілігі мен өркендеуі үшін ынты­мақтастық пен қауіпсіздікті нығай­ту тұрғысында жұмыс істеуі тікелей міндеттері. Осыған байланысты Іс басындағы төраға Уинстон Чер­чил­­л­ьдің мынадай сөздерін еске са­лып өтті: “Мемлекеттік қайраткер­дің сая­сатшыдан айырмашылығы мы­­на­да, саясатшы келесі болатын сай­лауға, ал мемлекеттік қайраткер – келесі ұрпақтарға бағдар ұстайды”. ЕҚЫҰ Саммитін осы жылы өткізу идеясын ұсына отырып, Президент Н.Назарбаев шынайы мемлекеттік қайраткердің мұндай қасиеттерін көрсетіп берді, деген Іс басындағы төраға барлық әріптес­те­рін даналық пен жауапкершілік таныта отырып, ЕҚЫҰ саммитінің күн тәртібі, өткізу уақыты мен орны жөнінде консенсусқа келуге шақырды. Біздің алдын ала консульта­ция­ларымыздың қорытындысы бойын­ша өткізудің қолайлы датасы осы жылдың 29-30 қазаны, ал өткізу орны – Астана бола алар еді. Аталған кездесу қарсаңында Қазақстан Үшінші өлшем бойынша шолу конференциясының бір бөлігін Астанада өткізуге дайын. 11 жылдық үзілістен кейін біз сіздермен бірге осынау тарихи мүм­кіндікті толығынан пайдаланып, ЕҚЫҰ Саммитін 2010 жылы біздің елдеріміз халықтарының мүддесі тұрғысынан ойдағыдай өткізу үшін қолдан келгеннің бәрін істейті­ні­міз­ге сенімдімін, деді Қанат Саудабаев.