31 Наурыз, 2015

Болашаққа бастайтын бағдарлама

1621 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
Мырхалықов-3103Бүгінгі күні әлемдегі ахуал тұрақсызданып, күрделеніп отырғаны белгілі. Бұл біздің жас мемлекетіміз үшін де салмақты сынақ кезеңі. Жаңа сын-қатерлер жағдайында Қазақстан үшін ішкі тұрақтылықты, қоғамдық келісімді сақтау маңызды. Сондықтан да алдағы президенттік сайлауды өткізу орын алып жатқан әлемдік дағдарыс пен жаһандық сын-қатерлерге тосқауыл қоюдың оңтайлы жолы болмақ. Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев «Нұр Отан» партиясының таяуда өткен ХVI съезінде елімізге төнген жаһандық сын-қатерлерге өзгеше және қуатты тойтарыс беру керектігін атап отырып, бес халықтық реформа ұсынды. Бұл аталмыш реформалардың жиынтығы мемлекетті нығайту және оны әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосу үшін жағдай туғызатынына сеніміміз мол. – Бұл – «Қазақстан-2050» Стра­тегиясын жүзеге асырудың жолы. Бес халықтық реформаның әрқайсысы – зор міндет және ел үшін орасан жұмыс. Мұндай реформаның табыстылығы билік пен халықтың табанды ерік-жігері арқылы ғана қамтамасыз етілуі мүмкін. Ұсынылған шаралар қоғамдық қатынастар жүйесін түбегейлі өзгертеді. Біздің ортақ рухани күш-қуатымыз бен биік мұратымыз – Мәңгілік Ел. Ол біздің ХХІ ғасырдағы дамуымызға прогресс қуатын дарытатын болады, – деді Мемлекет басшысы. Ел болу мәселесі, ұлтты сақтау, жерді, туған атамекенді қорғау мәселесі қазақ халқы үшін қашанда тарихи даму тұрғысынан маңызды болып келе жатқаны белгілі. Осы аталған мәселелер ешқашан да күн тәртібінен түскен емес. Бүгін де осы мәселелер тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің алдында тұр. Елбасы өзінің кезекті Жолдауында да «Мәңгілік Ел – ата-бабаларымыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы. Ол арман әлем елдерімен терезесі тең қатынас құратын, әлем картасынан ойып тұрып орын алатын Тәуелсіз Мемлекет атану еді. Ол арман тұрмысы бақуатты, түтіні түзу ұшқан, ұрпағы ертеңіне сеніммен қарайтын бақытты ел болу еді. Біз армандарды ақиқатқа айналдырдық. Мәңгілік Елдің іргетасын қаладық. Мен Мәңгілік Ел ұғымын ұлтымыздың ұлы бағдары – «Қазақстан-2050» Стратегиясының түпқазығы етіп алдым», деп атап өткен болатын. «Мәңгілік Ел» идеясын ұлттық идео­логияның негізі факторы ретінде қарай отырып, оны барлық қазақстандықтар қолдайтын ортақ, әлеуметтік, этностық, діни бірегейлікті қамтамасыз ететін басты ұстанымға айналдыру қазіргі кезеңнің басты міндеті болмақшы. Сонымен бірге, «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясының негізгі іргетасы бірлік екенін ұмытпағанымыз абзал. Бірлік – ол елдің рухани бірлігі, халық­тың мәдени тілдік, ділдік, ақпа­раттық кеңістікке деген бірлігі. Қазақстандықтардың әлеуметтік, мәдени, рухани бірегейлігін дамыту ұлттық идеологияны дамытудың басты факторы болуы тиіс. Көне тарихқа көз жүгіртсек, қуат­ты империялар құрған түркілер ғасырлар бойы ұлан-байтақ аймаққа билік жүргізіп, ат тұяғы жеткен жерге – Байқалдан Балқанға дейінгі алып далаға иелік етті. Алтын тақта отырып билік жүргізген айбарлы қағандар мен айбынды абыздар «Мәңгілік Ел» орнатуды армандады, асыл мұраттарын болашақ ұрпаққа табыстап, аманаттарын мұқалмас мәңгі тастарға қашап жазды. Ұлы дала өзінің толқымалы тарихында «қой үстіне бозторғай жұмырт­қалаған» мамыражай заманды да, «боз тайлағы бос келетін» аласапыран уақыттарды да бастан өткерді. «Бастыны еңкейткен, тізені бүктірген» түркілер тағдыры талқыға түсіп, жүректі ұланынан айырылды. Күңіренген Күлтегін жазбаларына көз салсақ, соның барлығы ағайынның азғанынан, береке-бірліктің аздығынан болды. Абай айтқандай, «алты бақан алауыздық» пен «бас-басына би болған өңшең қиқым» елдің сиқын кетірді. Ағайынның азғанынан, бірліктің аздығынан береке азды, ел тозды. Осындай дәуірлер алмасқан алмағайып заманда Қазақ хандығы дүниеге келді. Бір айта кетерлік жайт, осы кезеңде және одан кейінгі ға­сырларда пайда болған хандықтар арасында тек Қазақ хандығы ғана өміршеңдігін көрсетіп, тұтас ұлтқа атын беріп, бүгінгі күнге дейін жалғасып жетті. Керей мен Жәнібек құрған жаңа мемлекеттің көптеген та­рихи, әлеуметтік және саяси астарлары бар. Шу өңірінен бастау алған Қазақ хандығы тарихи жадынын жаң­ғыртып, байырғы Батыс түрік қағандығының мемлекеттік дәстүрін қайта жалғастырды. Бұл орайда Елбасының Ұлытаудағы ұлағатты сөзінде қазақ халқының тарихи тамырларын сонау ғұн, көк түрік және Алтын Орда дәуірімен сабақтастыра қарауында үлкен мән бар деп ойлаймыз. Мәңгілік Елдің тұғыры – ұлттық мемлекет. Осы жерде айрықша айта кетейік, Президент Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясында «Қазақ Елі» идеясын жайдан-жай көтерген жоқ. Мәңгілік Ел мұратын жүзеге асыратын ұлттық саяси институт ретінде әлеуметтік-философиялық айналымға енгізді. Біз Президенттің: «Мен қоғамда «Қазақ елінің ұлттық идеясы қандай болуы керек?» деген сауал жиі талқыға түсетінін көріп жүрмін. Біз үшін болашағымызға бағ­дар ететін, ұлтты ұйыстырып, ұлы мақсаттарға жетелейтін идея бар. Қазақ елінің ұлттық идеясы – Мәңгілік Ел, деген ұлағатын ұдайы басшылыққа алуға тиіспіз. «Мәңгілік Ел» идеясын жүзеге асыратын және оны одан әрі дамытатын бүгінгі жастар екені белгілі. Жастар осы ұлттық идеяны жүзеге асыру үшін өз Отанын сүйетін ұлтжанды, патриот болулары керек. Патриотизм біздің қазақстандық жастар үшін біріктіретін күшке айналуы тиіс. Ел мәртебесі, оның асқақтығы мен биіктігі, тұтастығы мен мызғымастығы тек әділеттілік пен өзара сыйластық негізінде қол жеткізілуі тиіс. Бір сөзбен айтқанда, «Мәңгілік Ел» идеясын ұлттық идея ретінде қабылдау бүгінгі Қазақстан дамуының ішкі қажет­тілігінен, мемлекеттің тұтас­­тығын сақтау идеясынан туын­дап отырғаны сөзсіз. Бұл идея тәуелсіз мемлекет алдында тұрған басты сұраққа жау­ап беріп, ұлттың болашақтағы дамуына жағымды әсер етуі тиіс. Сонымен бірге, ұлттық идея алдыңғы қатарлы және адамзаттың даму бағыты мен үрдісіне сай келетін болуы керек. Міне, осы тұрғыдан келгенде, «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы Қазақстан халқын біріктіретін, елдің басты мақсатынан шығатын және соған толық жауап беретін идея болып табылады. Көк түріктің атажұртында жас мемлекеттің іргесін қалаған Қазақстан Президенті тамыры бір туыс жұртты түгендеп, үзіліп қалған Еуразияның күретамыры болған Ұлы Жібек жолын қайта жандандырып, Қазақстан мәдениеттер мен өркениеттерді жақын­дастырған дәнекер көпірге айналды. Аласапыран кезде ел тізгінін ұстаған Нұрсұлтан Назарбаев халқын арайлы азаттыққа бастады. Сол арқылы арқауы үзіліп қалған елдік дәстүр жалғанып, төрт құбыласы түгел мемлекеттің негіздері орнықты. Мемлекетіміздің әлеуметтік-эконо­микалық және рухани қайта жаңғыру кезеңінде Елбасы ұсынған жаңа ұлттық тұжырымдама – «Мәңгілік Ел» идея­сы еліміздің ертеңі үшін жасалған» сенімді қадам. Қазіргі әлемдік эконо­микалық дағдарыс жағдайында ел Президенті халқымыздың мұрат – мүддесін қамтамасыз етуге бағыт­талған «Нұрлы Жол» Жаңа Эконо­микалық Саясаты бағдарламасын ұсынды. Елбасымыздың бүгінгі аумалы-төкпелі ахуалда Қазақ мемлекеттілігінің туын асқақтату жолындағы ұстанымы берік. Халық бірлігі, қоғам тұрақтылығы, мемлекеттің қарқынды дамуы – бүгінгі және болашақ өміріміздің мәңгілік құндылықтары, егемендігіміздің мықты іргетасы. Дін, мәдениет, өркениет қақтығыстары негізінде туын­даған қазіргі замандағы әлем­дік шиеленістердің сабақтары «Мәң­гілік Ел» тұжырымдамасының маңыз­дылығын көрсетеді. Осындай күрделі жағдайда Нұрсұлтан Назарбаев бастаған Қазақстан түрлі қиындықтар көрініс тапқан жаһандану заманында еліміздің ұлттық мүдделерін сенімді қорғайтын мемлекеттік саясат қалыптастыра алды. Осы орайда, халқымыздың мемлекет құраушы ұлт ретінде жауапкершілігі қашан да жоғары екені түсінікті. Өйткені, оның ұлттық өзегі мен қазақы сипаты, Мәңгілік Елдің мәңгілік мұраттарымен астасып жатады. Мәңгілік мұраттар дегенімізде ол – бабаларымыздың өз Жерұйығын іздеп, «Қайырымды қаланың тіршілігін» кешуді көксеген арман – аңсары. Бүгінде бабаларымыздың асыл аманатындай болған сол көне сүрлеу, күрежол тәуелсіз еліміздің біртұтастығын сақтауда өлшеусіз үлгі, басты бағдар болып қала бермек. Кешегі көк түріктердің рухын тірілтіп, ұлттық санаға жаңа мазмұн беру үшін қазақстандықтарды тұтас қоғамдық институт ретінде біріктіру, оның бас­ты құндылығына ортақ мұраттарды топтастырудың маңызы айрықша. Осы тұрғыдан келгенде «Тілдердің үштұғырлығы» дейтін қағидат барша қазақстандықтарды ұйыстырудың әрі бір шаңырақтың астына басын қоса отырып оның бәсекеге қабілеттілігін арттырудың кепілі болып табылады. Еліміздің жалпы ұлттық құнды­лықтары барлық этностардың өзіне тән ұлттық негізіне нұқсан кел­тірмей, азаматтық-құқықтық мін­детіне құрметпен қарайды. Алайда, сол жергілікті мемлекет құраушы ұлттың немесе мемлекеттің бұрыннан қалыптасқан салт-дәстүрлерін, әдет-ғұрыптарын, жөн-жоралғысын сыйлап, құқықтық нормаларын бұзбауға, оны барынша қадірлеуге шақырады. Әйтсе де, біз еліміздің көпэтностығын ескеріп, әрбір ұлттың тіліне құрмет көрсетіп, тілдердің үштұғырлылығы принципін болашағымыздың сара жолына апарар басты Темірқазығымызға айналдыруымыз керек. Бүгінде барлық қазақстандықтардың тұтастығы мен тыныштығын, тату­лығы мен бірлігін сақтап бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ жолында тоқайластыруда іргелі қоғамдық инс­титутқа айналып үлгерген Қазақстан халқы Ассамблеясының орны ерекше. Осынау құрылымның өзі жиырма жыл бедерінде ел өміріндегі игі идеялардың тамыршысы, тың бастамалардың қайнары, ауқымды іс-шаралардың іске асырушысы бола білді. Оның жарқын мысалы – қазіргі таңда қарашаңыраққа айналған білім ордасы – М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мем­лекеттік университеті еліміздің үде­мелі индустриялық-инновациялық бағдарламасын жүзеге асыру аясында білікті мамандар даярлайтын іргелі 10 жоғары оқу орнының қатарына кіріп отыр. Бұл бізге артылып отырған үлкен сенім, сонымен қатар, үлкен жауапкершілік жүктейді. Сондай-ақ, университетімізде бүгінде Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасы ашылып өзінің жұмысын бастап та кеткендігін айтуға болады. Кафедраның профессор-оқытушылар құрамы саяси жағынан сауатты, білікті мамандармен толыққан. Алдағы күнде аталмыш кафедрамен қоса, қоғамдық пәндер бағытындағы Қазақстан тарихы, саясаттану, әлеуметтану, философия, жалпы тарих, филология ғылымдарының мамандарын жұмылдыра отырып, «Мәңгілік Ел» құндылықтары идеясын насихаттану мақсатында арнайы оқу бағдарламасын жасап, оны оқу үдерісіне енгізуді көздеп отырмыз. Тіпті, бұл бағдарламаны барлық жоғары оқу орындарына пән ретінде енгізуді қарастыруымыз қажет. Өз кезегінде үлкен ғалымдар мен тәжірибелі педагог-әдіскерлердің басын қосып, «Мәңгілік Ел – Тәуелсіздігіміздің асыл мұраты» идеясының аясында оқу құралын дайындап оқытудың, өскелең ұрпақты жаңа қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеудің маңызы зор. Сонымен бірге, «Мәңгілік Ел» құндылықтарын халық арасында кеңінен насихаттау үшін «Мәңгілік Ел» газеті мен ақпараттық-танымдық сайтын, тіпті, телеарна ашудың да артықтығы жоқ. Сонда ғана біз бабалар аманатына адалдығымызды сақтап, ұрпақ алдындағы борышымызды өтеген боламыз. Қасиетті қазақ жерінде өмір сүріп жатқан әр ұлт өкілдерінің басын қосқан Қазақстан этностық құрамы бойынша интернационалдық мемлекет болып табылады. Келісім мен бірлікті ту еткен еліміз – сан түрлі ұлт өкілдерінің ортақ Отаны, татулық орнаған шаңырақтың айрықша үлгісі. Қазақ ұлтының миссиясы – қоғамда қалыптасқан бірлікті, татулықты сақтау. Қазақстандағы әралуан ұлт өкілдерінің бір отбасындай болуы үшін, экономикамыздың алға жылжуы үшін әрдайым ынтымақ-бірлікте болуға тиіспіз. Ел болу үшін жұмылған жұдырықтай бірлік қажет. Жұмахан Мырхалықов, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры, техника ғылымдарының докторы, ҰҒА корреспондент-мүшесі. ШЫМКЕНТ.