18 Шілде, 2010

ТӨРАҒАЛЫҚТЫҢ ТАМАША ТАБЫСЫ

519 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Сүйінші! Еліміздің Еуропадағы төбебилігі тамаша табысқа жеткізді: ЕҚЫҰ-ның жаңа мыңжылдықтағы, ХХІ ғасырдағы алғашқы саммиті Қазақстан төрағалығы тұсында өтетін болып шешілді. * Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер сыртқы істер министрлерінің  бейресми кездесуінен ескерткіш суретте әлем үшін, қауіпсіздік үшін айрықша маңызды шешім қабылдағандар бейнеленген. ҰЙЫМ САММИТІ БИЫЛ АСТАНАДА  ӨТЕТІН БОЛДЫ Кеше ЕҚЫҰ-ға мүше елдер сыртқы істер министрлерінің бейресми кездесуінде осындай шешім қабылданды Алматы облысының Талғар ауданындағы “Ақбұлақ” спорт-сауықтыру кешені төңірегі өзінің мерекелік сән-салтанатымен көз тартады. Аймақтағы этномәдени бірлестіктер өкілдері мәртебелі меймандарды өздерінің ұлттық киімдерін киіп, кернейлете қарсы алды. Қазақ халқының салт-дәстүрінен хабар беретін ат мінген жігіттер де осы халықаралық шара мазмұнын айшықтай түскендей. Бұл Қазақ еліне алғаш ат басын тіреген кейбір шетелдік сыртқы саясат ведомстволары басшылары мен өкілдері ұлттық нақышты сезінсін деген ілгері ойдан туғаны тағы ақиқат. Көп кешікпей Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі де көрінді. Мемлекет басшысына да лайықты қошемет көрсетіліп, қарсы алынды. Елбасы алқалы жиын өтетін орынға жеткен соң бейресми кездесуге келген меймандармен ескерткіш суретке түсті. Ал ЕҚЫҰ-ға мүше елдер сыртқы істер министрлері бейресми кездесуінің негізгі тақырыптары Ұйым жауапкершілігіне кіретін аумақ қауіпсіздігінің проблемалары, оның ішінде Қырғызстандағы жағдай, ағымдағы проблемаларды “Корфу үдерісі” арқылы шешу жолдарын іздестіру, сондай-ақ Қазақстанда ЕҚЫҰ саммитін өткізу туралы келісімге келу болды. Ұйымға мүше барлық елдерден өкілдер келген халықаралық деңгейдегі алқалы жиынды Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйлеп ашты. Келесі кезекте ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы Қанат Саудабаев, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының Президенті Петрос Эфтимиу және ЕҚЫҰ-ның Бас хатшысы Марк Перрен де Бришамбо сөз сөйледі. Сондай-ақ БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Ян Кубиш БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунның сыртқы істер министрлерінің бейресми кездесуіне қатысушыларға жолдауын оқып берді (Бұл сөздердің барлығы жеке жарияланып отыр). Кездесу шеңберінде “Қауіпсіздік мәселелері жөніндегі үнқатысуды  одан әрі ілгері жылжытудың жолдары” деген тақырыпта бірінші сессия, “Ұсынылып отырған ЕҚЫҰ саммитінің мақсаттары” деген тақырыпта екінші сессия жұмыс істеді. Олар бойынша тиісті шешімдер қабылданды. Сонымен қатар, Таулы Қарабақ кикілжіңін шешу жолдарын қарастыратын Минск тобының отырысы ұйымдастырылды. Және де бірқатар екі жақты кездесулер болып өтті.