Президент сайлауы алдында әлеуметтік зерттеулер ұйымдары да белсенділіктерін арттыруда. Осыған дейін «Әлеуметтік зерттеулер институтының» жұмысы туралы жазған болсақ, енді «Демократия институты» да алдымыздағы сайлауға қатысты өзінің алғашқы болжамдарын жариялады.
Кеше осы институттың директоры Юлия Кучинская журналистерге брифинг беріп, халықтың электоралды белсенділігі бойынша жүргізілген алғашқы сауалдаманың қорытындысын айтты. Біз өз жұмысымызды «Қазақстанның азаматтық альянсы» ұйымымен бірлесіп жүргіземіз. Осы ұйымның тапсырмасымен қазақстандықтардың 15 және 25 наурыз аралығындағы сайлауға қатысты белсенділігі зерттелді. Зерттеу жұмыстары Қазақстанның барлық облыстарының орталықтары және Астана мен Алматы қалалары бойынша жүргізілді. Сауалдамаға осы қалалардың 18 жастан асқан 2000 тұрғыны қатысты. Міне, осы азаматтардың 92 пайызы 2015 жылдың 26 сәуірінде Қазақстанда президенттік сайлау болатынынан хабардар екенін айтты, деді Юлия Кучинская.
Сауалдама жүргізілген азаматтардың 68 пайызы бұл туралы хабарды телеарналардан естігенін айтқан. Ал 78,2 пайызы республикалық газеттер мен журналдардан оқыпты. Сондай-ақ, сайлау туралы хабарды респонденттердің 28,5 пайызы жергілікті телеарналардан естігенін, 27,2 пайызы интернеттен көргенін айтқан. Ал облыстық және қалалық газеттер арқылы білгенін 27,1, радиодан естігенін 25,3 пайыз респонденттер айтқан. Бұған қарағанда, халықтың негізгі хабар алатын көзі – республикалық газеттер мен журналдар екені көрініп тұр.
Сайлауда дауыс беруге сұралғандардың 93 пайызы келетінін жеткізген. Сөйтіп, халықтың дауыс беруге дайын екені көрініп тұр. Сонымен қатар, электоралдық белсенділік көбінесе 18-24 жас шамасындағы жастар мен зейнеткерлер арасынан көп байқалған. Сондай-ақ, сайлауға міндетті түрде қатысатынын студенттер мен бюджет саласында істейтін қызметкерлер айтқан.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан».