31 Наурыз, 2015

Байқаушылар аккредиттелді

260 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Өткен сенбіде Орталық сайлау комиссиясының отырысында Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауына шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттеу туралы қаулы қабылданды. Халықаралық ұйымдар мен шетелдік байқаушыларды аккредиттеу жөніндегі қаулыны дауысқа салған отырыста Сыртқы істер министрлігінің ұсынуы бойынша 9 шет мемлекет пен 1 халықаралық ұйымнан 48 байқаушы ОСК тарапынан тіркелді. Олардың төртеуі – Норвегия Корольдігінен, үшеуі – Австрия Республикасы мен Сербия Республикасынан, Болгариядан және Литва Республикасынан екі-екіден, ал Ұлыбритания мен Солтүстік Ирландия Біріккен корольдігінен, Венгрия, Латвия, Словакиядан бір-бірден, сонымен қатар, 18 мемлекеттен ЕҚЫҰ/ДИАҚБ Миссиясының 30 байқаушысы аккредиттелді. Отырыстан кейін болған бри­фингте ОСК мүшесі Марат Сәрсем­баев журналистерге осы жолғы пре­зи­денттік сайлауға мыңға жуық шетел­дік байқаушы қатысатынын айтты. «ЕҚЫҰ/ДИАҚБ Байқаушылары миссиясының басшысы Корнелия Йонкер кемінде 400 байқаушы жіберетіндігін айтып отыр. ТМД мисссиясы да өз байқаушыларының 400-ге жуықтайтындығын мәлім­деді», – деген Марат Сәрсембаев шетелдік байқаушылар тарапынан құжаттар келіп жатқанын жеткізді. Ал 2015 жылғы 30 нау­рыздағы жағдай бойынша Орт­сай­лауком халықаралық ұйымдардың үш Миссиясы (ЕҚЫҰ/ДИАҚБ, ТМД және ШЫҰ) мен 19 шет мемлекеттен 236 байқаушыны аккредиттеді. Сонымен қатар, Қазақстан Рес­публикасының Сыртқы істер минис­тр­лігі 19 мемлекеттен бұқаралық ақ­парат құралдарының 98 өкілін аккредиттеді. Шет мемлекеттер мен халық­аралық ұйым­дардың байқаушыларын аккредиттеуді Ортсай­лау­ком 2015 жылғы 20 сәуірге дейін жүргізеді. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,  «Егемен Қазақстан».
Соңғы жаңалықтар

Атырауда үшем дүниеге келді

Аймақтар • Бүгін, 16:42