21 Тамыз, 2015

Еуроодақ – негізгі серіктес

344 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
55-2Ақордада Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқа­лықова елімізде миссиясын аяқтаған Еуропалық Одақ өкілдігінің басшысы, елші Аурелия Бушезбен кездесті. Кездесу барысында Мем­лекеттік хатшы 2011 жылдан бері ЕО-ның еліміздегі өкілдігінің басшылығын атқарған Аурелия Бушезге екіжақты қарым-қа­тынасты кеңейтудегі ауқымды жұмысына және Қазақстан мен ЕО арасындағы келіссөздер үдерісін дамытуға қосқан жеке үлесі үшін алғыс білдірді. «Сіз жұмыс атқарған кезеңде екіжақты қарым-қатынастардың белсенділігі артып, ол жаңа деңгейге көтерілді, Қазақстан мен ЕО арасында көптеген игілікті істер атқарылды. Сіздің осы ретте бейбітшілікті, достықты және ынтымақтастықты ны­ғайтуға қосқан еңбегіңіз үшін Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен, сондай-ақ, «Қазақстан Конституциясына 20 жыл» мерекелік медалімен марапатталғаныңызбен құттық­таймын», – деді Г.Әбдіқалықова. Осы жылғы 20 қаңтарда Брюс­сельде Қазақстан Респуб­ликасы мен Еуропалық Одақ арасындағы кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы жаңа келісімді алдын ала дәйектеу өзара іс-қимылдың маңызды нәтижесіне айналды. Оған биыл күзде қол қойылады деп жоспарланып отырғанына мән берген Гүлшара Әбдіқалықова сыртқы саясат, әлеуметтік-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара іс-қимылдың жүйелі әрі оң қарқыны сақта­латынына сенім білдірді. Кездесуде сондай-ақ, халық­аралық күн тәртібіндегі өзек­ті мәселелер мен екіжақты ынты­мақтастықтың келешегі талқы­ланды. Өз кезегінде Аурелия Бушез: «Төрт жыл ішінде екіжақты қарым-қатынастар нығайып, одан әрі тереңдей түсті. Бұрыннан қалыптасқан байланыстар енді жаңа деңгейге көтеріледі, оған себеп Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы кеңейтілген серіктестік пен ынтымақтастық туралы жаңа келісім болмақ. Ал осы келісім турасындағы келіссөздердің мен жұмыс атқарған жылдары жүзеге асырылғанына қуаныштымын, және жуық арада ол келісімге қол да қойылады деген үміттеміз», – деді. Бүгінгі таңда Еуроодақ біздің негізгі сауда және инвестициялық серіктесіміз болып саналады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның ЕО-мен сыртқы сауда көрсеткіші 53 миллиардтан астам АҚШ дол­ларын құрады, бұл – біздің елі­міздің барлық сыртқы сауда айна­лымының жартысынан астамы. Биылғы қаңтар-мамыр аралығында аталған көрсеткіш 13,9 миллиард АҚШ долларына жетті. Өткен 10 жылда Қазақстан мен ЕО арасындағы тауар айналымы 13 есеге, ал Қазақстан экономикасына салынған еуропалық инвестицияның көлемі 10 есеге ұлғайды. Қазақстанның тауар айналымының 50 пайызы және шет елдерден тартылған инвестицияның жартысынан астамы Еуропа елдерінің үлесіне тиеді. Журналистерге өз ойымен бөліскен Аурелия Бушез ЕО-ның Қазақстан үшін басты әріптес екеніне тоқталып, оны одан әрі өрістетудің маңызына ерекше мән берді. «Бұл ретте ЕО Қа­зақстанмен арадағы байланыс­тарды тереңдетуге, оған көмек қолын созуға әрдайым әзір. Сауда-экономикалық қатынастарда және инвестициялар тартуда, заң үстемдігінің құруында, азаматтық қоғамды дамытуда бірге қимылдайды», – деп өз жұмысын бағалап, марапаттаған Қазақстан тарапына жүректен шыққан алғысын жеткізді. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан».