19 Шілде, 2010

НАН БАҒАСЫ ҚЫМБАТТАМАУЫ ТИІС

441 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеевтің төрағалық етуімен селекторлық кеңес өтті. Күн тәртібі еліміздегі азық-түлік бағасы жайында өрбіді. Аталған жиынды Ө.Шөкеев Премьер-Министрдің тапсырмасы бойынша өткізіп отырғанын айта келе, бүгінгі таңдағы деректер бойынша бірқатар облыстарда азық-түліктің, соның ішінде нан-тоқаш өнімдерінің бағасының қым­баттап жатқанын, алайда, жалпылай алғанда елімізде азық-түлік баға­сының қымбаттауына ешқандай да да алғышарттар жоқ екенін айтты. Сондай-ақ ол жергілікті билік органдарының делдалдарға бақылау орната алмауы Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарындағы нан бағасының қымбаттауына әкеліп отырғанын да назардан тыс қал­дыр­мады. Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев Оңтүстік Қа­зақстан және Жамбыл облыстарын қоспағанда өзге өңірлерде нанның бағасы тұрақты екенін тілге тиек етті. Ал аталған қос облыста бір бөл­ке нанның бағасы 5-7 теңгеге қымбаттаған. Министрдің айтуын­ша, бүгінгі күнде бір тонна ас­тық­тың бағасы 15-16 мың теңгеден 20-21 мың теңгеге дейін өссе, еліміз­дегі ұн өндіретін барлық жүйе құ­рушы кәсіпорындар соңғы айларда жоғарғы сортты ұнның бағасын небәрі 2 теңгеге, бірінші сортты ұнды 3 теңгеге көтерген. Сондай-ақ, өз сөзінде А.Күрішбаев ұн баға­сының аз ғана қымбаттағаны нан бағасының күрт өсуіне негіз болып табылмайды, деді. Отырыста бірінші Вице-пре­мьер Өмірзақ Шөкеев Бәсе­ке­лестікті қорғау агенттігіне Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыс­тары әкімдіктерімен бірігіп, осы өңірлерде нан бағасының негізсіз қымбаттағанының байыбына ба­руды тапсырды. – Нанның бағасы қым­баттамауы тиіс. Ал, баға саяса­тын тұрақтандыру үшін шара қа­былдамаған әкімдерге тәртіптік жаза қолданылатын болады, – деп қадап айтты Өмірзақ Естайұлы. Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК.