VІІ Қысқы Азия ойындарының Қазақстанда өтуін қалың жұртшылық тағатсыздана күтіп отыр. Еліміздің абыройын асқақтатып, мәртебесін көтеретін додалы бәсеке өзіндік ерекшеліктерге толы болмақ. Солардың бірі – Азия ойындарының тарихында тұңғыш рет Алау эстафетасының жалғасатыны. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Самат Ескендіров VІІ Қысқы Азия ойындарының Алау эстафетасын ұйымдастыру және өткізу жөніндегі жұмыс тобының мүшелерімен кездесіп, өңіріміздегі дайындық барысымен таныстырды.
Алау 11 қаңтарда Эль-Кувейт қаласында театрландырылған көрініс кезінде тұтатылып, қазақстандық Ұйымдастыру комитетіне тапсырылады. Оны Алматының әуежайында салтанатты түрде қарсы алған соң эстафета 11—30 қаңтар аралығында облыс орталықтарын аралайды. Самат Сапарбекұлы алаудың Қызылжар өңіріне 20 қаңтарда жеткізілетінін, соған орай мерекені жоғары деңгейде өткізудің барлық жолдары қарастырылып жатқанын айтты. Алауды алып жүрудің маршрут кестесі жасалған. Мәре М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті алдындағы М. Жұмабаевтың ескерткішінен басталып, белгілі спортшылар, саясаткерлер, депутаттар, кәсіпкерлер орталық көшелерді, көрікті жерлерді жүгіріп өтіп, Қарасай және Ағынтай батырлардың ескерткішіне тоқтайды. Алау эстафетасы барлық іс-шаралардан кейін көкшетаулықтарға табыс етіледі. Эстафета өзінің мәресіне 30 қаңтар күні елордадағы “Астана-Арена” стадионында Азия ойындарының ашылу сәтінде жетеді.
Осылайша, қызылжарлықтар да VІІ Қысқы Азия ойындарының Алау эстафетасын тамашалауға мүмкіндік алып отыр.
Өмір ЕСҚАЛИ, Солтүстік Қазақстан облысы.