30 Маусым, 2015

Қазақстан делегациясы Түркияның Әділ сот академиясында болды

368 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
30-06-2015-prokuror 02АСТАНА. 30 маусым. Бас Прокурордың орынбасары Жақып Асанов бастаған Қазақстан делегациясы Түркияның Әділ сот академиясының жұмысын ұйымдастыру тәжірибесімен танысып қайтты. Топ құрамында Парламент депутаты Нұрлан Әбдіров, Президент Әкімшілігі бөлім меңгерушісінің орынбасары Алексей Калайчиди, Жоғарғы Соттың, Бас прокуратураның және бірқатар облыстық прокуратураның өкілдері болды. Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады. Делегацияның сапарына Түркия Үкіметі жанындағы Түркия ынтымақтастық және үйлестіру жөніндегі агенттік (TIKA) пен Қазақстанның Түркиядағы елшілігі қолдау көрсетті. Қазақстаннан барған меймандар Академия басшылығымен кездесіп, оқу орны қызметінің негізгі бағыттарымен танысты. Түркиялық әріптестер оқу мекемесінің құрылымы, мұндағы оқу ісінің ерекшеліктері туралы және тыңдаушылардың санаттарын арттыру, ғылыми-әдістемелік, сондай-ақ, материалдық-техникалық базасы жайында әңгімелеп берді. Әділ сот академиясы судья немесе прокурор мамандығын таңдаған әрбір заңгер білім алуға міндетті, айрықша мәртебеге ие білім беру мекемесі болып табылады. Мекеме әлемнің 80-нен астам елдерінің оқу орындарымен және құқық қорғау органдарымен белсенді ынтымақтастық орнатқан. Мұндағы оқу бағдарламасы тыңдаушыларға теориялық білімді прокурорлық және судьялық жұмыстармен іс жүзінде байланыстыра отырып сіңіреді. Дәріс беру жұмыстарын тәжірибелі прокурорлар мен судьялар жүзеге асырады. Сапар барысында Қазақстанның Түркиядағы елшісі Жансейіт Түймебаев Әділ сот академиясының президенті Йалмаз Акчил мырзаға, оның екі елдің өкілетті органдары арасындағы өзара ықпалдастықты дамытуға қосқан айрықша үлесін атап көрсете отырып, «Қазақстан мен Түркия арасындағы достық пен ынтымақтастықты дамытқаны үшін» естелік медалін тапсырды. Сонымен қатар, сапар аясында жекелеген мемлекеттік органдардың бірінші басшыларымен қызметтік кездесулер ұйымдастырылды. Атап айтқанда Парламенттің Бас хатшысы Ирфан Незироглумен, Конституциялық сот төрағасының міндетін атқарушы Бурхан Устунмен, Қылмыстық және азаматтық істер бойынша жоғарғы сот төрағасы Исмаил Руштумен, Жоғарғы әскери сот төрағасы Ахмет Зикилиманмен, Бас прокурор Мехмет Акарджамен, Бас әскери прокурор Али Узунмен, одан бөлек, Әділет министрлігі және Жоғарғы сот өкілдерімен кездесу барысында қазақстандықтар Түркияның заңнамаларымен және құқықтық жүйесімен, орталық мемлекеттік органдардың өкілеттерімен жете танысты. Кездесу барысында қабылдаушы тараптың өкілдері Қазақстанның қарыштап дамып келе жатқандығын жоғары бағалап, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың екі бауырлас ел достығының нығайып, ынтымақтастығының артуына қосып жатқан елеулі еңбегін атап өтті. Түркияның Әділ сот академиясының оң тәжірибесі Қазақстандағы Бас прокуратураның жанынан құрылып жатқан Құқық қорғау органдары академиясының қызметінде кеңінен пайдаланылатын болады. Еламан Қоңыр. Дерек, сурет: Бас прокуратураның баспасөз қызметі. 30-06-2015-prokuror 01