31 Наурыз, 2015

Нұрлы Жол – болашақ бағдары

856 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Кеше Астанада «Нұрлы Жолқазақстандық даму жолы» тақырыбында «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысының II форумы болып өтті. Оған Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев қатысты. вакансия «Мемлекет басшысы қазіргі заманда болып жатқан геосаяси жағдайларды ескере келе, дәстүрлі жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауын бұрынғысынан сәл ертерек, қараша айында жариялады. Ондағы Мемлекет басшысының алдымызға қойған міндеті қазіргі дүниежүзілік дағдарыс Қазақстанға өзінің әсерін тигізбейтіндей етіп, елдің әл-ауқатын төмендетпей алып шығу болатын. Соған орай «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Ондағы ең негізгі мақсат – инфрақұрылымдарды дамыту арқылы халықты жұмыспен қамту, елімізде жұмыссыздардың қатарын көбейтпеу. Әрбір бағдарлама толық мәнінде жүзеге асуы үшін, нәтиже беруі үшін ол тиісті қаржылық жағынан қамтылуы керек. Өздеріңіз бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жақсы білесіздер, осы бағдарламаны үш жылдың ішінде жүзеге асыру үшін Ұлттық қордан 10 млрд. доллар қаралып отыр, сондай-ақ, оған қосымша мемлекетімізде жұмыс істеп жатқан халықаралық ұйымдардың, еліміздегі ірі кәсіпорындардың есебінен қаншама қаржы бөлініп отыр. Бір сөзбен айтқанда, бұл мем­лекеттік бағдарлама қаржымен толық қамтамасыз етілген. Егер бағдарлама ойдағыдай жүзе­ге асып, толық нәтижесін беретін болса, ең кем дегенде 400 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылады деп күті­луде», деді форумның ашылуын­да сөйлеген сөзінде Б.Сапарбаев. Сондай-ақ, ол сөз арасында әлемде бұдан бұрын да, талай дағдарыстар орын алғанын, әсіресе, соңғы 2007-2009 жылдарда қазіргі кезден де қиын жағдай болған. Бірақ сол кездің өзін­де Ел­басы Нұрсұлтан Назар­баев­тың «Жол картасы» бағ­дар­ламасының арқасында Қа­зақстан қиын кезеңнен қым­­сынбай өткенін тілге тиек етті. Ендеше «Нұрлы Жол» бағдарламасы да қазір­гідей әлем экономикасын тұ­рақ­сыздық жайлаған шақта елі­міздің еңсесін түсірмей, әл-ауқатын төмендетпеуге кепіл боларына мол сенім бар екендігін алға тартты. Ол сонымен қатар, қатысушыларды форумның ашылуымен құт­тықтап, жұмыстарына сәттілік тіледі. Форум тізгінін бұдан әрі «Қазақстан-2050» жал­пы­ұлт­тық қозғалысының төра­ғасы Данат Жұмин қолға алды. «Біздің еліміздің басты жал­пыұлттық мақсаты – дамыған отыз елдің қатарына кіру. Сол дамыған мемлекеттердің сондай деңгейге жету себептерінің бірі – Үкімет пен қоғам арасында ел болашағы жайында ашық әңгіменің болуы. Бүгінгі шарамызға Үкімет пен ұлттық компаниялардың өкілдері, еліміздің түкпір-түкпірінен келген белсенді жастар қатысуы аса маңызды», деген ол қатысушыларды ашық пікір алаңында еркін ой бөлісуге шақырды. Шындығында жиынға еліміздің барлық аймақтарынан ғылым, бизнес, білім, медицина, өнеркәсіп жә­не коммерциялық емес сек­тор­лардың жас кәсіпқой мамандары келген екен. Форум барысында еліміздің «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясатының басым бағыттары талқыланды. «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысы іске қосылған 1 жыл 3 айдың ішінде «Қазақстан-2050» Стра­тегиясының мақсат-міндет­теріне бағытталған 16 жоба жүзеге асырылған. Жыл басынан бері 3 жоба іске қосылды. Олар «Қазақстанда жасалған» акциясы, «Нұрлы Жол» бағ­дар­­ла­масының аясында жас­тарды жұмыспен қамту жоба­сы және республикалық эссе­лер байқауы. Қозғалыстың ең ірі жобаларының бірі биыл­ғы жы­лы «Нұрлы Жол» бағдар­ла­ма­сы аясындағы алып құры­лыс­тарға жастарды тарту бо­лып отыр. Бүгінгі таңда жас­тар­дан 3 мың 566 өтініш түскен. Форум аясында тұрғын үйдің қолжетімділігі мен сапасы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту, бизнесті қолдау мен дамыту, білім беру мен жұмыспен қамту мәселелері бойынша үш пікірталас алаңы ұйым­дас­тырылды. Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан».