Кеше Астанада «Нұрлы Жол – қазақстандық даму жолы» тақырыбында «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысының II форумы болып өтті. Оған Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев қатысты.
«Мемлекет басшысы қазіргі заманда болып жатқан геосаяси жағдайларды ескере келе, дәстүрлі жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауын бұрынғысынан сәл ертерек, қараша айында жариялады. Ондағы Мемлекет басшысының алдымызға қойған міндеті қазіргі дүниежүзілік дағдарыс Қазақстанға өзінің әсерін тигізбейтіндей етіп, елдің әл-ауқатын төмендетпей алып шығу болатын. Соған орай «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Ондағы ең негізгі мақсат – инфрақұрылымдарды дамыту арқылы халықты жұмыспен қамту, елімізде жұмыссыздардың қатарын көбейтпеу. Әрбір бағдарлама толық мәнінде жүзеге асуы үшін, нәтиже беруі үшін ол тиісті қаржылық жағынан қамтылуы керек. Өздеріңіз бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жақсы білесіздер, осы бағдарламаны үш жылдың ішінде жүзеге асыру үшін Ұлттық қордан 10 млрд. доллар қаралып отыр, сондай-ақ, оған қосымша мемлекетімізде жұмыс істеп жатқан халықаралық ұйымдардың, еліміздегі ірі кәсіпорындардың есебінен қаншама қаржы бөлініп отыр. Бір сөзбен айтқанда, бұл мемлекеттік бағдарлама қаржымен толық қамтамасыз етілген. Егер бағдарлама ойдағыдай жүзеге асып, толық нәтижесін беретін болса, ең кем дегенде 400 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылады деп күтілуде», деді форумның ашылуында сөйлеген сөзінде Б.Сапарбаев. Сондай-ақ, ол сөз арасында әлемде бұдан бұрын да, талай дағдарыстар орын алғанын, әсіресе, соңғы 2007-2009 жылдарда қазіргі кезден де қиын жағдай болған.
Бірақ сол кездің өзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Жол картасы» бағдарламасының арқасында Қазақстан қиын кезеңнен қымсынбай өткенін тілге тиек етті. Ендеше «Нұрлы Жол» бағдарламасы да қазіргідей әлем экономикасын тұрақсыздық жайлаған шақта еліміздің еңсесін түсірмей, әл-ауқатын төмендетпеуге кепіл боларына мол сенім бар екендігін алға тартты. Ол сонымен қатар, қатысушыларды форумның ашылуымен құттықтап, жұмыстарына сәттілік тіледі.
Форум тізгінін бұдан әрі «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысының төрағасы Данат Жұмин қолға алды. «Біздің еліміздің басты жалпыұлттық мақсаты – дамыған отыз елдің қатарына кіру. Сол дамыған мемлекеттердің сондай деңгейге жету себептерінің бірі – Үкімет пен қоғам арасында ел болашағы жайында ашық әңгіменің болуы. Бүгінгі шарамызға Үкімет пен ұлттық компаниялардың өкілдері, еліміздің түкпір-түкпірінен келген белсенді жастар қатысуы аса маңызды», деген ол қатысушыларды ашық пікір алаңында еркін ой бөлісуге шақырды. Шындығында жиынға еліміздің барлық аймақтарынан ғылым, бизнес, білім, медицина, өнеркәсіп және коммерциялық емес секторлардың жас кәсіпқой мамандары келген екен. Форум барысында еліміздің «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясатының басым бағыттары талқыланды. «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысы іске қосылған 1 жыл 3 айдың ішінде «Қазақстан-2050» Стратегиясының мақсат-міндеттеріне бағытталған 16 жоба жүзеге асырылған. Жыл басынан бері 3 жоба іске қосылды. Олар «Қазақстанда жасалған» акциясы, «Нұрлы Жол» бағдарламасының аясында жастарды жұмыспен қамту жобасы және республикалық эсселер байқауы. Қозғалыстың ең ірі жобаларының бірі биылғы жылы «Нұрлы Жол» бағдарламасы аясындағы алып құрылыстарға жастарды тарту болып отыр. Бүгінгі таңда жастардан 3 мың 566 өтініш түскен.
Форум аясында тұрғын үйдің қолжетімділігі мен сапасы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту, бизнесті қолдау мен дамыту, білім беру мен жұмыспен қамту мәселелері бойынша үш пікірталас алаңы ұйымдастырылды.
Динара БІТІКОВА,
«Егемен Қазақстан».