31 Наурыз, 2015

Қазақстан-Вьетнам: Әріптестіктің жаңа көкжиегі

264 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
DSC_8610 Мәжіліс Төрағасы Қабиболла Жақыпов бастаған қазақстандық парламентшілер делегациясы ресми сапармен Вьетнам Социалистік Республикасында болды Астана мен Ханой арасын бөліп тұрған 4 мың шақырымнан асатын жол өзара ынтымақтастықты терең­дете түскісі келетін әріптестерге ешқандай бөгет бола алмайды.  Бұл – қос мемлекет халықтарының достық қарым-қатынасы мен екі ел басшыларының уағдаластығының жемісі. Вьетнам Қазақстанды жә­не мем­лекеттің маңызды бас­та­ма­ларын жақсы біледі, сон­дық­тан, алдағы ынтымақтастыққа жо­ғары сенім артады.  Екі ел ара­сындағы осы сындарлы қаты­настың одан әрі дамуына Пар­ламент өкілдері де өз үлестерін қоспақ. Бұл тақырып қазақстандық делегация мүшелерінің Вьетнам жерінде өткізген кездесулерінің бірінде әңгіме  арқауына айналды. Мәжіліс Төрағасы Қабиболла Жақыпов Қазақстан Президентінің арнайы өкілі ретінде Вьетнам Президенті Чыонг Тан Шанга Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңе­сінің тұрақты емес мүшелігіне Қазақстан кандидатурасын қолдау жөнінде жолдауын табыс етті. Кездесу барысында тараптар Қазақ­стан-Вьетнам қарым-қатынасы жайын сөз етті. Мәжіліс Төрағасы Вьетнамды Қазақстанның Оңтүстік-Шығыс Азиядағы маңызды саяси және экономикалық әріптесі деп атады. Сондай-ақ, «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясатына, ҮИИД бағдарламасына, сондай-ақ, Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын жоға­ры­лату мәселелеріне тоқталды. Чыонг Тан Шанг еліміздің жеткен же­тістіктерін санамалап, Қазақстан­ның болашақта талай асуларды бағын­ды­ратынына сенім білдірді және заманауи мемлекет құру және дамыту мәселелерінде Вьетнам халқына көрсеткен көмек үшін  біздің елімізге алғыс білдірді. Оның ай­туынша, Вьетнам және Еуразиялық эконо­микалық одақ елдері арасында келісімге қол қою өз мемлекеті үшін айтарлықтай маңызға ие. Ал  қос мемлекет президенттері ара­сын­дағы келісімдерді заңдық тұрғыдан қолдау жайында Мәжіліс Төрағасы қазақстандық парламентшілердің алдағы уақытта да екі елдің өзара іс-қимылын күшейтуге ықпал етуге дайын екендіктерін жеткізді. Қазақстандық парламентшілер деле­гациясының Ханой қаласына сапары Парламентаралық Одақтың 132-Ас­сам­блеясымен тұспа-тұс келді. Құрамы сенатор Е.Мұқаев, Мәжіліс депутаттары М.Әшімбаев, Р.Мәдинов, Ә.Бимендина, В.Киянский, Ү.Медеуовпен толыққан делегация мүшелері жоғары парламенттік жиынның күн тәртібін талқылауға қатысты. Осы жылы өзек болған тақырып – 2015 жылдан кейінгі тұрақты даму мақсаттары.  Бұл – алдағы 15 жылда тұрақты дамуды қамтамасыз етуге және кедейлік дең­гейін төмендетуге бағытталған әмбебап бағдарлама. Онда 17 мақсат пен 169 міндет белгіленген. Тұрақты дамудың негізгі үш бөлігі мыналар: әлеуметтік, экономикалық, экологиялық. Осы бағытта Қазақстанда атқарылып жатқан жұмыстар туралы ортақ пікір алмасулар аясында Қабиболла Жақыпов «Тұрақты даму мақсаттары: сөзден іске» тақырыбында сөйлеген сөзінде баяндады. Мәселен, Қазақстан бастамашы болған БҰҰ-ға мүше-мемлекеттер «Рио+20» кон­ференциясында қолдаған «Жасыл көпір» әріптестік бағдарламасы, «жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасы, сондай-ақ, Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне баса назар аударылды. Мәжіліс Төрағасының пікірінше, 2015 жылдан кейін ғаламдық деңгейдегі тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыру үдерісіне барлық халықаралық қоғамдастық қатысуы қажет. Қабиболла Жақыпов: – Біз Астана экономикалық форумы жанындағы G-Global халықаралық коммуникативті алаңын ұсынуға дайынбыз. Ол Қазақстанның бастамасымен дүниежүзілік дамудың өзекті мәселелерін талқылау және оларды шешу жолында  сындарлы ұсыныстар әзірлеу үшін әлемдік ақыл-ойды біріктіру мақсатында құрылған. Тұрақты даму мақсаттарына жету үшін бізге ғаламдық үнқатысудың қазіргі G-7 немесе G-20-дан да ауқымды пішімі керек. Сондықтан да тікелей, G-Global коммуникативті алаңы ғаламдық маңызды мәселелерді шешудің қозғаушы күші болмақ,– деді. Сапар барысында қазақстандық парламентшілер Вьетнамның солтүстік шығысындағы туристік және өнеркәсіптік дамыған  Куанг Нинь провинциясында болып, екі ел аймақтары арасында өзара іс-қимылды нығайту мәселелерін талқылады. Делегация мүшелері Хо Ши Мин атындағы Ұлттық саяси академия тыңдармандарымен кездесті. Жыл сайын бұл жерде 45 мыңнан астам адам тәлім алады. Қ.Жақыпов Қазақстанның зама­науи дамуының ерекшеліктері, «Қазақ­стан-2050» Стратегиясы, ҮИИДБ және «Нұр­лы жол» туралы баяндады. – Вьетнам 2020 жылға қарай индус­триялық экономика мәртебесіне жету, өңдеу саласын жаңғырту, ғылыми қамтымды өндіріс үлесін арттыру туралы мақсат қойды. Сіздердің елдеріңіздің индустрияландыру бағыты өзінің мақсат, міндеттері бойынша «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясатымен үндес келеді. Бұл жоспарды табысты орындау қауіп-қатерлер мен дағдарысқа қарсы тұруға ықпал етіп қана қоймай, біздің еліміздің 2050 жылға қарай ең дамыған 30 елдің қатарына кіруіне мүмкіндік береді, – деп атап өтті Мәжіліс Спикері. Қ.Жақыповтың айтуынша, Қазақстан үшін микроэлектроникаларды, нанотехнологияларды әзірлеумен айналысатын жоғары технологиялы Сайгон саябағы айрықша қызығушылық туғызады. Вьетнамға сапар барысында Қабиболла Жақыпов Вьетнам, Иордания, Швеция парламенттері спикерлерімен және Парламентаралық Одақ басшысымен екіжақты кездесулер өткізді. Сындарлы әңгіме нәтижесінде тараптар бейінді комитеттер мен ынтымақтастық жөніндегі топтар арқылы парламентаралық байланыстарды ілгерілетуге уағдаласты. Сонымен қатар, делегация мүшелері Вьетнамда Қазақстан елшілігінің жаңа ғимаратының ашылуына қатысты.  Сал­танатқа жиналғандардың атап өткеніндей, бұл – қос мемлекет арасындағы екіжақты қарым-қатынасты нығайтуға деген мүд­деліліктің көрсеткіші, достықтың, әріптестік пен өзара сенімнің белгісі. Сәулебек БІРЖАН.