Еркебұлан ІЛИЯСОВ,
«Кентау трансформатор зауыты» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы.
Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының соңы. Оңтайсыз жекешелендіруден тек Қазақстан емес, кешегі КСРО сенімді алып мемлекеттің уығын құраған ірі кәсіпорындар шалғымен орған құрақтай баудай түсіп, жаппай жабылып жатқан кез. Тікелей Мәскеуге қараған Кентау трансформатор зауытының жағдайы да мүшкіл. КСРО Ауыр машина жасау министрлігі 300-ге тарта зауыт, кәсіпорын басшыларын жинап алып, «енді бізде хал жоқ, өз күндеріңді өздерің көріңдер», деп ноқталарын түріп қоя берген.
Кешегі өндірістер орталығы Кентаудың жүні жұлынған тауықтай сықпыты кеткен. Ереуілдеген кеншілер әкімшілік үйін басып алып, одақтық маңызы бар жолды жауып әлек. Кентау трансформатор зауытының қарызы басынан асқан, құлаған кәсіпорынның қарақшысындай қалқайып отырған 25 жастағы жігіт Серғазы Күнтуаров бір күні есіктен Сайдулла Қожабаев кіріп келгенде өлгенім тіріліп, өшкенім жанғандай қуанып кеттім дейді.
Осылайша, зауыттың жаңа тарихы 1997 жылы Alageum Electric холдингтік компаниясының негізін қалаушы Сайдулла Қожабаев келген кезде басталды. Бүгінде КТЗ Қазақстанның ауыр машина жасау саласындағы бренді десек болады.
«Кентау трансформатор зауыты» АҚ Қазақстан Республикасының тарихында тұңғыш рет салмағы 110 тонна, кернеуі 110кВ, қуаты 63000 кВА электрлі машиналардың сериялы өндірісін жолға салды. Қазақстандық электрэнергетикада жаңа дәуір басталды. Мұндай кластағы және қуаттағы трансформаторларды игеру – «КТЗ» АҚ ұжымының үлкен жетістігі мен жеңісі. Әсіресе, бұл маңызы аса зор оқиға «КТЗ» АҚ-тың 55 жылдығы қарсаңында болғаны көңіл сүйсіндіреді.
Әйтсе де, әлемдік дағдарыстың салдары кеше ғана көрші елдердің көзқұрты болған Кентау трансформатор зауытына зардабын тигізбей қойған жоқ. Бұл жағдайды Елбасы бизнес өкілдерімен өткізген кездесуде назардан тыс қалдырмады. Осыған байланысты біз Кентау трансформатор зауыты директорлар кеңесінің төрағасы Еркебұлан Ілиясовтың ойын білген едік.
– Кеңесте Нұрсұлтан Әбішұлы Кентау трансформатор зауытын айрықша атады, – деді Еркебұлан Ілиясов. – Расында, еліміздің доллар бағамын мейлінше ұстап тұруынан кәсіпкерлер зиянға шықтық. Қазақстан әлемде мыс, темір және мырыштан ірі экспортшы ретінде болғанымен әлем нарығындағы күрделі жағдайларға байланысты біз табыс жағынан қиындыққа ұшырадық. Мұның салдары бюджет түсімдеріне де салмақ түсірді.
Егер біздің кәсіпорынның тарихына үңілер болсаңыз, биылғы жылы Қазақстанға Украина, Қытай және Ресейден ірі көлемде трансформатор өнімдері тасымалданды. Импорттың өткен жылдарға қарағанда көбейгендігін, бағасының төмендігін байқауға болады. Мысал ретінде айтар болсақ, 2014 жылы біздің зауыт 23471 трансформаторды нарыққа шығарса, биыл мықтағанда 11 000 трансформаторды өндіріске бере алдық.
– Трансформатор зауыттары көрші Өзбекстан, Ресейде бары белгілі. Шыршықтағы зауыт аяғынан тұрып кете алмағанымен Ресей бәсекеге қабілетті ел. Қазіргі жағдай қалай?
– Бар мәселе осында. Ресей өнімдері біздің тауарларымызды өз ел нарығында шетке ысырып тастады. Соның салдарынан Ресейге экспорттайтын өнімдеріміз 47 пайызға қысқарды.
Тауар өтпегеннен кейін жұмысшыларымызды қысқартуға мәжбүр болдық. Ал мемлекетке 30 млн. теңгенің салығы төленбеді. Мұның бәрі кеше ғана әлемдік нарыққа кіруге жағдайы жетіп тұрған кәсіпорын үшін оңай емес. Қазірдің өзінде Ресейдегі әріптестеріміз өз өнімдерінің 28 пайызға қымбаттағанын айтып отыр. Әлі де баға көтерілетіндігін хат арқылы білдіріпті.
– Мұндай жағдайда не істемексіздер?
– Бізге Үкіметтің көмегі жетіспей жатыр. Мәселен, Алматы қаласының әкімдігі 2014 жылы универсиада өткізу және «Көк жайлау» нысандарына байланысты электр жабдықтауға мемлекеттік сатып алуды өткізді. Бұл жоба бойынша 110 кв қуат күші бар 4 трансформатор сатып алынуға тиіс болатын.
Сметалық құжат бойынша 4 трансформатор үшін бюджетте 871 млн. теңге қаралды. Ал біздің КТЗ-ның трансформаторлары бар болғаны 537 млн. теңге болатын. Айырмашылығы бақандай 434 млн. теңге Бірақ, тапсырыс берушілер бізді аттап кетіп, шетелдік тауар жеткізушілерінің жетегінде кетті. Біздің отандық жобалаушылар мен тапсырыс берушілеріміз шетелдік жеткізушілердің мүддесін қорғау арқылы ҚР Үкіметінің 2014 жылғы 19 желтоқсанда қабылданған №1363 қаулысын аяққа таптады десе де болады.
Бұл жағдай бірінші рет қайталанып отырған жоқ.
Компания ақпараты бойынша, 2014 жылғы тамыз айында «Ембімұнайгаз» АҚ мұнай-газ кәсіпорны «АқтауОйлМаш» ЖШС-дан (нарықта өзін «ҚазМұнайГаз» холдингінің кәсіпорны ретінде көрсетуші) трансформаторлар мен жиынтықты трансформатор қосалқы стансаларын жеткізуге ұзақ мерзімді шарт жасасады. КТЗ мамандары аталмыш кәсіпорынның айтылған жабдықтардың кейбір түрлерін ешқашан да өндірмегеніне назар аударды. Оларды өндіру «АқтауОйлМаш» ЖШС қамтамасыз ете алмайтын мүлдем өзгеше жабдықтар мен өндіру жағдайын талап етеді.
Елбасының отандық бизнес өкілдерімен кездесуінде талай түйткілдердің түйіні тарқатылды. Енді өзімізбен деңгейлес шетелдік кәсіпорын өнімдеріне емес, бәсекеге қабілетті отандық кәсіпкерлерге басымдылық беріледі. Бұл біздің сөне жаздаған үмітімізді қайта жандырды.
– Әңгімеңізге рахмет. Отандық кәсіпорындардың мемлекет қамқорлығын шын сезінуіне тілектеспіз, әлемдік нарықтағы орындарыңыз биік болғай.
Әңгімелескен
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан».
Оңтүстік Қазақстан облысы.