19 Шілде, 2010

ЕНЕ МЕН КЕЛІН ЕГЕСІ КЕСІРІНЕН БАЛА ЖЕТІМ ҚАЛМАСЫН

5575 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Күнде кешкісін біздің аулада жас сәбиді көтеріп жүрген жас келін­шек­ті көретінмін. Жуықта есік алдында дем алып отырып, сол келін­шек­пен кездейсоқ ұшырасып қалдық. Әдеттегідей, кішкене баласын көтеріп жүр екен. Жүзінде әлде­не­ге деген реніш бар сияқты көрін­ген ол қасыма отыра бере ауыр күрсінді. “Кішкене баланы бағу қиын ғой, бірақ олардың қылығы сондай тәтті” дедім мен аз-кем отырғаннан кейін. Иә, бірақ ба­ланы әкесіз, жалғыз өзің бағып-қағу одан да қиын деді ол тағы кейісті үн­мен. Мен не дерімді білмей үнсіз қал­дым. Әлгі келіншек болса, ішкі мұ­ңын бөліскісі келді ме, өзінің баян­сыз өмірі жайында әңгімелеп кетті. – Осыдан бір жыл бұрын жолдасым екеуміз отау құрып, отбасылық өмірдің қызығы мен шыжығына толы кезеңін бастап кеттік. Жолдасым отбасындағы жалғыз ұл болғаннан кейін біз оның ата-анасымен бірге тұрдық. Ата-ененің қолында тұрғаннан кейін олардың көңілінен шықсам екен деп ойлайсың. Жас болғаннан кейін бір мінезім жақпай қала ма деп уайымдап та жүресің. Тап ойлағанымдай уақыт өте келе енемнің менің бойымнан іздеген міні көп болды. Басында, шынымен дұрыс жасамай жүрмін-ау деп істегенімнің бәрін қайта жасап, енемнің айтқанын екі етпедім. Бірақ, неге екенін білмеймін, қаншалықты ол кісінің көңілін табуға тырысқан­мен, бәрі керісінше шықты. Тіпті жол­дасым маған ренжіп, кейде жан­жал шығаратын болды. Сол аздай, енем де отқа май құйып, сыртымнан мені күйеуіме, көрші-қолаңға жаман­дап жүретін көрінеді. Осылай жүр­ген­де нәрестелі болдық. Немересін қо­лы­на алғаннан кейін маған деген көзқа­ра­сы өзгеретін шығар дегенмін. Бірақ, олай болмады. Ата-анасын тастап кет­пейтінін білсем де, мына жағдайдан әбден мезі болғаннан кейін мен жол­дасыма бөлек шықсақ қалай болады дедім. Менің айтқаныма ол үзілді-кесілді қарсы болды. Арада ұрыс-керіс кө­бейді. Ақыры, шеті мен шегі жоқ осы ұрыс-керіс екеуіміздің ажырасуы­мыз­ға себеп болды. Осыдан екі-үш ай бұрын сот алдында ажырасып тындық. Менің оқиғам осы деді ол көзіне жас алып. Келіншектің әңгімесін естіп жағамды ұстадым. Шынымен де өз келініне күн көрсетпейтін енелер бар ма? Осы жайлы бір апайға айтсам, “Е, қарағым, қазіргі келіндер енесін екі бүктеп бір шайнайтын қасқалар ғой. Менің білуімше, бар пәле әлгі жас келіншектің өзінде жатқан сияқты” дейді. Ал сіз қалай ой­лай­сыз? Тіпті келіні кінәлі бол­ған жағдайда да әлгі ене бейкүнә сәбидің, туған немересінің обалына қалудан неге қорықпайды? Бірі ересек, бірі жас екі әйелдің кесірінен бала неге тірі жетім болуға тиіс. Мұндай жағдайда не істеген жөн? Осы жөнінде ой бөліссеңіздер, яғни отбасын аман сақтауға мүмкіндік беретін ойларыңызды ортаға салсаңыздар, ол қыз-келіншектерге өте пайдалы болар еді. Жасыратын не бар, бүгінгі көптеген аналар өз қыздарына бұл жөнінде жартымды кеңес айтпайтынын көріп жүрміз ғой... Ә.Әспет, студент. ШІРКІН, ҚАЗАҚТЫҢ КЕЛІНДЕРІ-АЙ! “Қызым ке­лін­нен, ұлым елімнен ғибрат алып өседі” деп ұр­пағынан жақсылық күтіп оты­ратын халықпыз. “Қыз бала жат жұрттық” дегенді атам қа­зақ бекерге айтпаған. Жас қыз ертең-ақ бойжетіп, бәлиғатқа толып, бір үйдің табалды­ры­ғынан келін болып аттары сөзсіз. “Келіннің аяғынан” деп барған жері жас келінге сын көзбен қарайды. Отбасындағы әже, аналарынан тәлімді тәрбие алған қыз барған жеріне “тастай батып, судай сіңіп” ауыл аймаққа қадірлі болып кетеді. Жас келіннің көтерер жүгі ауыр. Қайын ата, қайын ене, қайын сіңілі, қайын інілерімен тіл табыса білу де келін үшін үлкен сын. Халық дәстүрінде адамға құрмет көрсетудің жол­дары көп. Соның ішінде ат тергеу салтының орны ерекше. Ұлт дәстүрі бойынша, келін атасының, енесінің, қайын аға, қайын сіңлісінің, қайнысының атын атамай, “төре аға”, “мырза аға”, “тентегім”,“серім”, “ер­кем”, “ақ әже”, “сырғалым” және т.б. деп ат қояды. Күлкілі аттарды да қоя береді. Мұның бәрі шын мәнінде сыйластық пен құрметтің ерекше белгісі болып табылады. Иә, ат тергеу – біздің хал­қы­мыздың адам сыйлау жөнін­дегі ізеттілік, көргенділік, кіші­пейілдік қасиеттерінің биік көрінісі. Бұл ең алдымен ке­лінге, содан барып оның артындағы жұртына сын. Себебі, осы салт арқылы, келіннің иба­лылығын, қайын жұртының тектілігін тануға болады. Қазақта “Қайын аға иманды болса, келін ибалы болар” деген сөз осыдан қалса керек. Әрине, көпке топы­рақ шашпайсың, бірақ та бүгінгі таңда бұл дәстүрді бірі ұлық тұ­тып жатса, бірі оның ұлылы­ғының байыбына бара алмай жатқан сыңайлы. Оң жақтағы қыз баланы ер­теңгі күнгі келін, ерін сыйлар адал жар, мейірімді ана, ақыл айтар жеңге, тату болар абысын деп ұлттық тәрбиені өн бойына дарыту оңай іс емес. Бұл – ұр­пақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан кешегі Домалақ ана, Зере мен Ұлжан анамыздың салып кеткен сара жолы. Жаңа шаңырақ табалдырығын аттаған келіндерін ата-бабала­ры­мыз құрмет тұтқан. Оларды өз ұр­пағын өрбітіп-өркендететін ыры­сы, құт-берекесі санаған. Егер жас келін өз басының тазалығы мен жарасымдылығын сақтау­мен қатар ұстаған үйі, қазан-аяғына дейін мұнтаздай кір­шіксіз болып, әрі он сауса­ғы­нан өнері тамған ісмер, барма­ғынан бал тамған аспаз болса, нұр үстіне нұр. Ондай келіні бар үй көпке үлгі , ауылға сыйлы болады. Үлкендер құр­мет тұтып, жастарға үлгі етеді. Келіннің барған жерінде жақсы болмағы – енеге де бай­ланысты. “Келін қайын ененің топырағынан” деген сөз жай­дан-жай айтылмаған. Себебі, өзінің өмірлік тәжірибесін ақылды ене келінге үйретуі шарт. Бұл – ғасырлар бойынан қалыптасып келе жазылмаған өмір заңдылығы, тіршілік сабақ­тастығы. Бүгінгі ата-аналар тәрбие мәселесіне келгенде, таңер­тең­нен кешке дейін жұмыстамыз, қолымыз тимейді деген уәж айтады. Тәрбие дегеніміз ми­нөт, сағатпен өлшенбейтін атаның аялы алақаны, ананың мейірімі арқылы жүрекке құй­ылатын нұр. Егер ата-ананың оқып-тоқығаны мол, тәлім-тәрбиесі келісті болса, онда өз ұрпағына да дұрыс тәрбие береді. Гүлнұр БАҚЫТ.